Сыбайлас жемқорлықпен күресу – басты міндетіміз

Сейсенбі, 24 Қырқүйек 2019 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 133 рет

Жалпы әлемдегі барлық мемлекеттер сыбайлас жемқорлықпен күресті басты міндеттерінің бірі ретінде белгілеп, онымен ымырасыз күреседі. Сыбайлас жемқорлықтың деңгейі – мемлекеттің әлем жұртшылығы алдындағы абыройы мен беделіне әсер ететін фактор. Сыбайлас жемқорлық – бүгінгі таңда әлемнің бірде-бір елі түбегейлі жеңіп шыға алмаған әлеуметтік дерт.
Сыбайлас жемқорлық ел экономикасының көтерiлуiне үлкен кедергi келтiретін, қоғамдағы ең басты қауiп-қатерлерiнiң бiрi болып табылады. Кәсіпкерлікпен айналысып, өз ісін жүргізіп, еліміздің экономикалық дамуына үлесін қосып отырған ел азаматтары мен еліміздің экономикасына инвестиция салып, жұмыс орындарын ашқан шетелдік кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлықтың деңгейіне қатты алаңдайды. Сондықтан да оны болдырмау, алдын-алу мақсатында елiмiзде көптеген iс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда.
Қазақстанның Тұңғыш Президентi Н.Ә.Назарбаев мемлекеттiк негiзгi басымдылықтарының арасында сыбайлас жемқорлықпен күрестi белгiлеген еді.
Қазақстан Кеңес өкiметiнен кейiнгi кеңiстiкте бiріншi болып 1998-жылдың шiлде айында сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңын қабылдады және халықаралық конвенцияларға қосылды.
Бүгінгі таңда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл 2015-жылдың 18-қарашасында қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы аясында жүргізіледі. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден елiмiздiң ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, экономикалық дамуына ықпал жасауға, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Қоғамымыздың барлық саласында жемқорлықтың жолына батыл тосқауыл қойып, олардың зардаптарын жою және мүдделiлердi жауапқа тарту – бүгiнгi күннiң ең басты мiндеттерiнiң бiрi.
Қазығұрт аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде заңнамалар мен талаптардың бұзылу фактілері жөнінде хабарлау үшін «Сенім телефоны» үздіксіз жұмыс істейді.
Сонымен бірге, мұндай ауыр кеселдi тек мемлекеттiк және құқық қорғау органдардың күшiмен жеңе алмаймыз. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру арқылы, азаматтардың бұл індетке төзбеушілігін арттыру арқылы оң нәтижеге қол жеткізуге болады деген ойдамыз.

Ержан ҚАҢЛЫБАЕВ,
Жігерген ауыл округі аппаратының бас маманы.

Тағыда осы категорияда: « Жасөспірімдер құқық бұзбауы тиіс