ЖАҢА КОДЕКС АЗАМАТТАР МЕН БИЛІКТІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ТЕҢЕСТІРЕДІ

Бейбенбі, 09 Қырқүйек 2021 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 147 рет

 

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен іс-әрекеттеріне шағым жасау кезінде азаматтар көбінесе тең емес жағдайда болатынын және олардың мүмкіндіктері мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейтінін атап өткен-ді. Осы міндеттерді шешу үшін 2020-жылы 29-маусымда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) қабылданды, кодекс 2021-жылы 1-шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.

ӘРПК-нің қабылдануы бірыңғай заңнамалық актіде қоғамдық құқықтық қатынастар саласында әкімшілік рәсімдер мен сот ісін жүргізуді жүзеге асырудың құқықтық негіздерін, принциптерін, ережелерін белгілеу және бекіту, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және әкімшілік озбырлықты болдырмау, сыбайлас жемқорлық фактілерінің болу жағдайларын алдын алу, мемлекеттік әкімшілік қызметінің тиімділігін және халықтың мемлекетке деген сенім деңгейін арттыру, әкімшілік органдардың шешімдеріне нәтижелі және толыққанды сот бақылауының критерийлерін белгілеу қажеттігінен туындады.
Енді азаматтар мемлекеттік органның шешімімен келіспесе, сотқа талап арызбен жүгінсе жеткілікті. Бұл талаптар «мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы» қағидаты бойынша қаралады. Мемлекеттік орган сотта өз шешімінің, әрекетінің немесе әрекетсіздігінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдеуге тиіс. Яғни, сот барлық қажетті құжаттарды арыз берушіден емес, мемлекеттік органдардан талап ету мүмкіндігіне ие болады. Сөйтіп, дәлелдеу жүктемесі әкімшілік актіні қабылдайтын әкімшілік органға салынады.
Сот тараптар ұсынған дәлелдемелермен шектеліп қалмай, дауды шешуде маңызға ие барлық мән-жайларды жан-жақты, толық әрі объективті зерттейді. Дәлелдер жеткіліксіз болса, сот өз бастамасы бойынша қосымша мәліметтер мен дәлелдемелер жинауға құқылы.
Әкімшілік сот өз шешімдерінің орындалуына қатаң бақылауды қамтамасыз етеді. Жауапкерден сот шешімін орындауға процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде ақша өндіріп алу көзделген, ол сот шешімі орындалғанға дейін бірнеше рет қолданылуы мүмкін. Сот шешімін орындамаған жағдайда жеке, лауазымды, заңды тұлға немесе оның өкілі мөлшері 50-ден 100 АЕК-ке дейінгі соманы төлейді.
Қарапайым тілмен айтқанда, ӘРПК азаматтар мен билік басында отырған адамның құқықтарын теңестіреді. Яғни, жаңа кодекс әміршілдік емес, әкімшілік әділет ұғымын қалыптастырады.


Дидар БЕГАЛИЕВ.