6 жаңашыл директорлар, 1 жанашыр басбух

Бейбенбі, 25 Ақпан 2021 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 313 рет

 

(«Коммунизм» совхозы жайлы ой қозғасақ)

...Айналасындағы алты бірдей ауыл кеңестеріне қарасты шаруашылықтар біріктіріліп 1963-жылы «Коммунизм» совхозы құрылып, ол 30 жыл халыққа қызмет еткенін аға буын өкілдері жақсы біледі. Дәл бүгінге дейін «шынымен-ақ дамыған социализмнен өтіп, коммунизмге жетіп қалған едік», – деп еске алатындар жеткілікті.

Бұл оқиғалардың мәнісін терең білгісі келгендерге осы шаруашылықта 25 жыл бас экономист болып қызмет атқарған Рахматулла Жамашев көкеміз бір тоқтамай 30 түн, 30 күн жыр етіп айтып беруге дайын. Бұл кісінің «Бәрін кадрлар шешеді – деп В.Ленин айтқаны дұрыс-ақ еді» – деп күйініп кететін тұстары да бар. Сонда да шыдамдырақ болыңыздар.

... Біздер де сол дәуірдің куәсі болғандықтан кейде қосылуыңа тура келеді. Расында да басшылыққа алатын тұстары аз еместін. Мәселен, совхоз директорлары аудан, облыс түгілі Д.Қонаевтың алдынан өтетін. Кездейсоқ басшы ілуде біреу кездесетін. Сондықтан да, болар «Коммунизм» совхозын, өзіндік өрнектері бар, сайдың тасындай болған 6 бірдей азамат басқарды. Алғашқысы, аузын айға бөлеген, әңгімені данышпан Абайдың қара сөздерінен бастайтын, мал шаруашылығы дамытудың қыр-сырын жетік меңгерген О.Үсіпбеков ағамыз болды. Ол кісінің ісін, бізге жақын жиі араласатын ташкенттіктер Қаратастың «шерісі» (арыстаны), ал алматылықтар оңтүстіктің «серісі» атап кеткен О.Нүрсейтов жалғастырды. «Ауыспалы егіс» саясаты қолға алынғанда директор болып, адалдығы жүзінен төгіліп тұратын, бұрындары пұлдап көрмеген жоңышқа ұрығын сатып-ақ, миллиондап табыс түсірген Керім Тасанбаев ағамыз келді. Несін айтасыз, тау тұлғалы азаматтар еді.

Онан әрі Р.Абдырайымов, Б.Оразов басшылық жасап М.Ертаевтың тұсында үлкен шаруашылық күшпен түгелдей жекешелендіріліп кетті. «Коммунизм» совхозы тарихында «алты бірдей «жаңашыл» директор, 1 «жанашыр» басбух» болған деген сөз, бұқара қауымның құлағында қалып қойды. Енді осыған түсінік бере кетейін.

Шаруашылықтың өткен 30 жылынан кейінгілерге үлгі-өнеге боларлық бірнеше том кітап жазуға болады-ақ. Оған шама келе қоймас, өре де жете бермейді, уақыт та тапшы.

Дегенмен де, газет оқырмандарына лайықты ғана етіп, қысқаша түсінік бере кетейін. Өзім «аға» деп сыйлап жүрген, ауыл академигі атанған Әтіш Өмірәлиев ақсақал «Р.Абдрайымов келгелі нарықтық экономикаға баратын жол «шаруашылық есеппен» жұмыс ұйымдастыруға көштік. Соны жүйелеп жазуға сен сияқты цифрға да, сөздік құрылымға да зер сала қарайтын тілші керек болып тұр – деп қолқа салды. Рақаң алған бағыттың саяси бағдарынан; басбух Тіллекең цифрларды сөйлетті. Рақаң экономикалық тиімділігін түсіндірді. Өзім мұғалім болсам да Жаңабазарға барып-келіп жүріп талант иесі А.Елеуовтың көмегімен Әтіш ақсақалдың іс-тәжірибесінен «Бөлімшені басқару оңай ма?» деген мақала жаздым. Бұл мақала сол кездегі бірінші хатшы Т.Жұмановқа ұнап, ол партия пленумында жақсы аталды. Сонан былай Жаңабазарды да, аудан орталығында да Рақымбердімен кездесіп бір-бірімізге үйренісіп кеттік. Өз басым біреумен сөйлессем кейде қиял қуып, кейде әр нәрсені қосып быламық етіп жіберетінім бар. Ол кісінің болмысында ондай жоқ екен. Көп созбайды, дәл айтады, ешкімнің де уақытын алмайды. Тіптен, қаламсабын сиясы біткенше ұстап, қағазды толғанынша жазады екен. Қасында бес минут тұрсаң, бекерден-бекерге әбіржіп кетесің. Кәдімгідей адамды босаңсытып жіберетін биотогы бар. Шаштарын тарағанда от шығып тұрғандай түйілетін.

Осылай болғанына қарамай тәуекел деп кітапты құрастыруға көштік.

Күздің бір шытымыр кешінде Р.Абдрайымов үйге қоңырау шалып: «Ташкентте оқығансың-ғой, «Шарбақ» су қоймасының сол жағындағы Аюбхан ауылына баратын жолды білесің бе? – деп сұрады. Сол тұста ТашГУ-дің «спорт – жаттықтыру» лагері болып, оған талай рет барғанымызды ескерттім.

          Онда таңғы 6-да дайын тұр, Ташкент аэропортынан біреуді күтіп аламыз – деп ескертті. Сол кездегі ең бір дефицит көлік ақ «Волгамен» бір ақын-жазушыларға ұқсаған кісіні күтіп алып Шымған тауына қарай тарттық.

Жол-жөнекейдегі екеуінің әңгімесі М.Горбачевтен басталып Д.Қонаев, Ш.Рашидов және А.Асқаровпен аяқталып жатты. «Шарбақ» су қоймасының төбесіне шыққанда екеуі 10-15 минуттай оңашада сөйлесті. Қайтадан көлікке отырғанда маған «Нұрлы күндер» деген кітабын сыйлады. Авторына қарасам Кәкімбек Салықов ағамыз екен. Өзін жете танымағанмен Қарақалпақстанда бірінші хатшы болғанын естігенім бар еді. Дәл сол кезде Жоғары Кеңестің экология жөніндегі комитеттің төрағасы қызметінде болуы керек.

Біздер Кәкімбек ағамыздың Аюбханда тұратын Мәскеуде бірге қызметтес болған қырғыз досының әкесіне бағыштап Құран оқуға барған екенбіз.

Содан заулап қайтып аэропорттан Алматыға шығарып салдық.

Көліктің арқасында отырған екеуара әңгіме құлақ түріп кеңестік империяның экономикалық жағынан да, саяси жағынан да тығырыққа тіреліп, күйреу алдында тұрғанына көз жеткіздім. Рекең болса оның алдын алу жолындағы өз позициясын жеткізіп жатты. Совхоз активінің алдына қойып жүрген әркімді де еткен еңбегіне қарай ақы алатын «шаруашылық есепті» өндіріске енгізіп, әрбір өндіруші кәсіпорынның дербестігін қалыптастырып, ақша-тауар алмасуын ретке келтіретін әр округте «шаруа банкілері» ашылу керектігін жеткізген еді.

Сонан бері ондаған жылдар өткенмен Рекеңнің қоғамның даму формациясына әділ баға бергенін енді ғана көз жеткізгендеймін.

Көп ұзамай Қызылқұм ауданына бірінші хатшы болып қызмет ауыстырды да, орнына ауыл мұғалімінен сатылап өскен, психология ілімін жетік меңгерген, бақырша сияқты шөл далаға неше түрлі инновациялық жобаларды пайдалана отырып, ернеуінен асатын су шығартқан «Балтақара құдығының» авторы Б.Оразов келді. Сол кезде бас инженер болып қызмет атқарған Ахмет Ташқараевтың жазып қалдырғанына қарағанда Балтекең «өзім білермендікке» салынбай Әбдірайымовтың жолын салып кеткен істерін әрі қарай жалғапты.

Ең алдымен бүкіл тау бөктерлерінен шығатын бұлақтардың көзін ашып, өзен-арықтарды тазалатып ауыл-ауылға ағын су жеткізіп, әр отбасын өзіне қажетті көкөністермен қамтамасыз етуіне қолайлы жағдай жасайды. Мұның маңызын ел-жұрт «әркімде дорба көтерген құлдырауда» бастан өткерді.

Оразов, Мақұлбаев, Жамашев үштігінің басшылығымен республикада тұңғыш рет «Жаңабазар шаруа банкі» ашылды. Мәдениетке, құрылысқа ерекше мән берілді. Совхоз сонаудағы Грузиямен, Чехославакиямен экономикалық байланыс орнатты. «Коммунизмдіктердің» ерен еңбектерін көруге сол кездегі Қазақ ССР Министрлер комитетінің төрағасы Н.Назарбаев келді.

Аға буын өкілдерінің Коммунизмге жетуге сәл-пәл қалған едік – деп жүретіні осы тұс болатын. Сол дәуірдегі мамандардың, еңбек адамдарының ерік-жігері, адами келбеті Балтақара Оразовтың «Біз қалдырған із» деген кітабында толық жазылған. Оны қайталап оқырманды ығыр етпей-ақ, қояйын.

Сол кезеңде «Коммунизм» совхозында қызмет істеген аға буын өкілдерінің арасында «Адуынды 6 директор да, партия жетекшілері де, 60-қа тарта түрлі саладағы мамандар да, басбух Т.Мақұлбаевтан аяқтарын тартатын еді», – дегенді әлі күнге айтып жүр.

Неге? Оған өз дәуірінде бөлімше басқарушысы, парторг болып қызмет атқарған Арапбай Тұрлыбековтың сөзімен жауап беріп көрейін.

          Өз қызметін мінсіз атқаратын, бір ізбен жүріп, бір ізбен қайтатын, айқайласаңда артына бұрылып қарамайтын Тілләбай Мақұлбаев жұрттың көзінің құрты «Кассаны» өте берік ұстады. Бұл көптеген «активті» бәледен-жаладан құтқарды. Шынтуайтына келгенде басбухты жанашырым – деп таныған жөн.

Тілекең ағамыз қандай ортада жүрсе де тазалықты ту етіп ұстады. Тіптен тамақ ішуінің өзі жанындағыларға сабақ болатын.

Ерен еңбегі бағаланып Қазақ ССР Президенті Н.Назарбаевтың 7-шілде 1991-жылғы Жарлығымен «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген экономисті» атағы беріледі.

«Коммунизмдіктер» жайлы айтылар әңгіме көп. Былай қарасаң жылдар, ғасырлар ғана емес, адамдар да өмірден өтуде. Әйткенмен де өз соқпағының қалғаны қандай жақсы. Істі нағыз білгірлері жүргізген сол «Коммунистік» дәуірде жекеден қоғамдық мүддені биік қойған патриот азаматтар көп-ақ, еді.

Чехтың ұлттық Батыры партизан Ә.Көшіков совхоз бен Чехословакияны байланыстырды.

Партия ұйымы жетекшілері болған Н.Әлібеков, Б.Полатов, Ж.Спатаев, ауыл-село тілшілері Т.Оспанов, Ә.Шәріпов, Қ.Жорабеков, дәрігерлер Т.Кенжеев, Н.Ханалиев, жолдамамен Америкаға барған комсомол Б.Қуандықов т.б. бұқараның рухын көтеріп, ортақ мақсатқа жұмылдыра білді. Орталықтағы бұрынғы М.Горький кейінгі Елшібек батыр мектебі Салдарбек Серкебаевтың басшылығымен облыста тұңғыш рет мектеп-лицейіне айналды. 1994-жылы «халық педагогикасы негізінде тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру» деген тақырыпта республикалық семинар өтіп, онда «Қазақстанның 20 жылдығы» бастауыш мектебінің меңгерушісі А.Абдуллаевтың іс-тәжірибесі таратылған еді.

Жас шопан С.Жаңабаев «мемлекеттік сыйлық» алып мәртебелі жиналыстарда талай рет Д.Қонаевтың жанынан табылды. «Еңбек даңқы» орденін екі рет иеленді. Сол бір жылдары екінің бірі озат болатын. Қайсы ауылдың қайсы көшесіне барсаңда аспанға бой тіреген теректерді көретінсің. Монша әр ауыл түгілі, әр шопанның қорасының жанында болатын.

Қайсы бірін айтайын, қайсы бірін жазайын «Осындай игілікті істерге ұйытқы болған алты жаңашыл директор мен бір жанашыр басбухтың арқасы еді» деген аталы сөзді екінің бірі әлі күнге тамсана айтып жүр. Мен солардың бір көрінісін айтып отырмын.

Балтақара ағамыз «Біз салған із» кітабын босқа жазған жоқ. Ағаларымыздың соқпақтары жарқырап жатыр.

Тастанбек БЕРДІҚҰЛҰЛЫ,

Қазығұрт ауданының «Құрметті азаматы».