НЕКЕ БҰЗУ ПРОЦЕСТЕРІНДЕ БАЛАЛАРДЫҢ МҮДДЕЛЕРІ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛАДЫ?

Жұма, 23 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 2247 рет

b9ed8532-209d-4adc-a7f0-6477a5389d3f

Ажырасу – әлеуметтік проблемаға айналып, енді қоғамда қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады. Кез-келген проблеманың ушығуы, шиеленісуі қоғамда оған деген қалыпты көзқарастың тууына әкелетіні сияқты ажырасу да осындай деңгейге жетті.
Ажырасудың алдын-алу. Көп жағдайда дұрыс құрылмаған қарым-қатынас пен отбасының ойрандалуы тікелей өзімізге, жұбайымызға, тағдырымызға байланысты деп кінәлаймыз.
Негізінен ажырасудың алдын-алу – қарым-қатынасты дұрыс құрудан басталады. Отбасын құру оңай шару емес, сондықтан, оған үлкен дайындықпен келу қажет. Психологтардың айтуынша, ажырасудың шектен тыс көбеюі – адамдардың өмірлік серік таңдағанда оның жан-дүниесіне үңілмей, сыртқы факторларға қарап қана бағалап таңдауынан болады. Сонымен бірге, жастардың материалдық қиындық көріп, оған шыдамай жататындықтары да – басты себептердің бірі. Демек, дайындық болуы керек.
Ажырасу кезінде қатты зардап шегетін жақ – балалар. Ата-аналары ажырасқан балалар өмірдегі қиындықтарды екі есе ауыр өткереді. Психологиялық, жүйке ауруларына жиі ұшырайды.
Баланың ата-анасының екеуiмен де, аталарымен, әжелерiмен, аға-iнiлерiмен, апа-сiңлiлерiмен және басқа да туыстарымен араласуға құқығы бар. Ата-аналары некесiнiң бұзылуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-аналарының бөлек тұруы баланың құқығына әсер етпеуге тиiс. Ата-аналары бөлек тұрған жағдайда баланың олардың әрқайсысымен араласуға құқығы бар. Сондай-ақ, ата-аналары әртүрлi мемлекеттерде тұрған жағдайда, баланың олармен араласуға құқығы бар.
Неке бұзылған кезде бала көбінесе анасының жанында қалып, сонымен бірге тұрады, ал әкесімен, әдетте, демалыс күндері жолығып тұрады. Ата-аналарының ажырасуы бұдан кейін бөлек тұра бастаған әкесі мен баласының арасындағы қатынастарды тоқтатуға әсер етпеуі тиіс. Бірақ, сот практикасында баланың әкесімен кездесіп тұруына анасының рұқсат бермейтіндігінің, не әкесінің баласын және оны тәрбиелеуге міндетті екендігін ұмытып кететіндігі секілді сансыз мысалдарды кездестіруге болады. Заң – ажырасқан, ата-аналарға, екі жақта баланы тең түрде тәрбиелеуді міндеттейді. Егер, олардың біреуі өз міндетін орындамаса, сот оны орындауға мәжбурлеуге құқылы. Мысалы, сот баланың әкесімен кездесу уақытын және орнын белгілейді немесе анасының талабы бойынша әкенің бала тәрбиесімен айналысуын міндеттейді.
Баланың өз ата-анасының тәрбиесінде болуға, мүдделері мен жан-жақты дамуының қамтамасыз етілуіне, оның адамдық кадір-касиетінің қүрметтелуіне қақысы бар. Бала өз мүддесіне қатысты кез келген отбасылық мәселелерді шешкенде өз ой-пікірін еркін білдіруге құқылы.
Баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерiнің қорғалуына құқығы бар. Баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды ата-аналары немесе баланың басқа да заңды өкілдері, ал Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, прокурор және сот, сондай-ақ ішкі істер органдары және өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
Кәмелетке толғанға дейiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әрекетке толық қабiлеттi деп танылған кәмелетке толмаған баланың өз құқықтары мен мiндеттерiн, оның iшiнде қорғалу құқығын өз бетiнше жүзеге асыруға құқығы бар.
Баланың ата-аналар және басқа да заңды өкілдер тарапынан жасалатын қиянаттан қорғалуға құқығы бар.
Баланың құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған кезде, оның iшiнде ата-аналар немесе басқа да заңды өкілдер баланы күтіп-бағу, тәрбиелеу, оған бiлiм беру жөнiндегi мiндеттерiн орындамаған кезде немесе тиiсінше орындамаған кезде не ата-ана (қорғаншылық, қамқоршылық) құқықтарын терiс пайдаланған кезде бала – қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға, ал он төрт жасқа толғанда сотқа өз құқықтарын қорғау үшiн өз бетiнше жүгінуге құқылы.
Баланың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төнгендiгi туралы, оның құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылғандығы туралы өздеріне белгiлi болған мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдары және өзге де азаматтар бұл туралы баланың нақты тұратын жерi бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға хабарлауға мiндеттi. Мұндай мәлiметтер алынған кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiнде қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi.

 

Д.КУЛИМОВ,
аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.