МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН

Жұма, 15 Шілде 2022 00:00

Қазіргі кезде әлем елдерінің көпшілігі зайырлы мемлекет болып табылады. Әлем елдерінің бәрінің өз діндері бар және дәстүрлі діндеріне басымдық беріп, көңіл бөлінеді, шектеу жасалмайды. Заң бойынша да белгілі бір деңгейде ерекшеліктер беріледі. Кей мемлекеттерде ислам, буддизм деген секілді діндер ресми мойындалған. Алайда, басқа да көзқарастардағы азаматтардың дін таңдау бостандықтарына тыйым салмайды. Әлемдік тәжірибеде дін мен мемлекеттің қарым-қатынасы бірінші кезекте Конституция және арнайы заңдар арқылы реттеледі. Ал, бізде ҚР Конституциясында әрбір Қазақстан азаматына сөз бостандығы, діни наным-сенім бостандығы кепілдендірілген. Сонымен қатар, ҚР шетелдермен және халықаралық ұйымдармен жасаған келісімшарттары бар. Қазір біз діни наным-сенім бостандығы және ар-ұждан бостандығы деген екі ұғымның арасын ашып алуымыз керек. Діни бостандық азаматтарға өзі қалаған дінді ұстануға мүмкіндік береді. Ал, ар-ұждан бостандығы ұғымына дінді ұстану және ұстанбау, басқа да дүниетанымдық тектері бар.
Қазақстандағы дін мен мемлекет қарым-қатынастары негізінен Конституция арқылы және 2011-жылы қазан айында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның «Дін және мемлекет» деген 3-бабы арқылы реттеледі.
Соңғы кездерде мемлекет дін мәселесіне көңіл аударуда. 2011-жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңда» Әбу Ханифа бағытындағы ислам діні мен Православиялық христиан дінін халқымыздың рухани-мәдени дамуына үлес қосқан деп көрсетілген. Бір анық жайт, мемлекет еш уақытта дінге көз жұмып қарай алмайды. Өйткені, ел азаматтары – мемлекеттің басты құндылығы. Ел азаматтарының рухани көзқарастары да маңызды. Сондықтан, мемлекет дінге ешуақытта бейтарап бола алмайды.
Зайырлы мемлекет саясатының жағымды жағы – жеке тұлғаға бір қалыпты дүниетаным мен өмір сүру салтын агрессияшыл түрде таңуға жол бермеу болып отыр. Тұлғаның адами абыройын қорғайтын бұндай ұстаным ислам қағидаттарымен де ұштасады. Мысалы, Құран Кәрімнің «Кафирун» сүресінің 6-аятында «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән» деп айтылған болса, «Бақара» сүресінің 256-аятында «Дінде зорлау жоқ» делінген. Зайырлы мемлекет ешбір дінді өзге діндерден артық деп санамайды. Ешбір діннен бет бұрмайды әрі олардан алшақтамайды.
Елімізде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында көрініс тапқан зайырлылықтың қазақстандық моделі қалыптасты. Оның негізгі мазмұны басты діни құндылықтарға тең қадамдармен жақындасуды және мемлекеттік құқықтық жүйені жетілдіруде азаматтар үшін тиімді өмір сүру салтының оң мәнін табудың ізденісін білдіреді. Қазақстанда дінді және дін ұстанушыны қорлауға жол берілмейді. Мемлекет те, дін де зайырлылық қағидаттарын асқақтатуға ат салысып, қазақ өркениетінің аяқ асты етілуіне жол бермейді.
Еліміздің Конституциясына сәйкес азаматтарды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған. Конституцияның осы қағидалары дін саласын реттейтін қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 1-тармағында мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігімен айқын көрсетілген. Діннің мемлекеттен бөлектігі мемлекеттің дін істеріне араласудан бас тартуына тұғырланады. Мемлекетте барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар заң бұзылмаған жағдайда діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпайды, өз кезегінде, діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген. Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарастарына тәуелсіз экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында өзара тең.
Қорыта келе, дін мен мемлекет байланыстары адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы болып табылады. Демек, біздің еліміз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға бағытталған дін мен мемлекет қарым-қатынасын нығайту басты міндет болып табылады.

Б.ӨТЕГЕН,
Түркістан облысы дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін
зерттеу орталығының» маманы.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі алғашқы жылдарда жас мемлекет Қазақстан алдында экономика мен әлеуметтік-саяси жағдайды тұрақты дамыту секілді күрделі міндеттер тұрды. Сондай-ақ, сол кезеңдегі аса маңызды міндеттердің бірі ұлттық тұтастықты сақтап қалу мен қоғамның рухани тұрғыда дамуына қатысты мәселелер еді. Қазақстан мемлекеті 140- тан аса ұлттар мен ұлыстардың және көптеген діни бірлестіктері бар елдің бірі болып, олардың ортақ шаңырағына айналды. Егемендік жарияланғаннан кейінгі бір ай ішінде, яғни 1992-жылдың 15-қаңтарында «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданды.
Бұл құжат діни бірлестіктер заңнама шеңберінен шықпаған жағдайда мемлекет тарапынан олардың ісіне қол сұғылмайтындығына кепілдік берді. Алғашқы жылдардағы қолданыстағы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданғаннан кейін, 20 жыл ішінде қоғамдағы діннің рөлі кеңейіп, елдегі діни жағдай да барша әлемдегідей өзгерістерге ұшырады.
2011-жылдың 11-қазанында қабы묬данған ҚР «Діни қызмет және діни бірлес¬тіктер туралы» зыңы тәуелсіздік алған жылдардан бері тұңғыш рет Қазақстан үшін дәстүрлі болып саналатын діндердің басымдылығы көрсетілді. Аталған құжатқа сәйкес, мемлекет халықтың рухани өмірі мен мәдениетінің дамуында исламның ханафилік бағыты мен христианның православие бағытындағы дінінің тарихи рөлін, сондай-ақ Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін, барша өзге діндерді құрметтейтін заң қабылданды.
«Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» заңы азаматтық қоғамды қалыптастыруды ілгері жылжытуына айтарлықтай ықпал ете алады. Сондықтан қандай да бір зайырлы мемлекет дінге қатысты өзінің ұлттық заңнамасын түпкілікті айқындап алуға міндетті. Заң жобасының тағы бір жаңалығы-ханафи бағытындағы ислам мен православ діндерінің тарихи рөлін белгілеп, өткенге тарихи шолу көрсетіп, бұл екі діни бағыттың қағидалары адамзатты сүю және құрмет көрсету қалпында этникалық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды толықтырып, біздің ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған этникалық тамырларды сақтап қалды.
Бұл заң жобасында ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде орнатылмауы тиіс деп келтірілген.
Біздің мемлекетіміздің зайырлы тұрақтылығына кепілдік Конституциямызбен беріледі. Жаңа заңда дінтану сараптамасы туралы айтылған. Ол қандай жағдайларда жүргізілетін болады. Жеке және заңды тұлғалардың уәкілетті органға, яғни Дін істері комитетіне жіберген өтініші, Қазақстан Республикасының мекемелері мен ұйымдарының кітапханалық қорларына діни әдебиеттің, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың келіп түсуі, миссионерлер мен діни бірлестіктерді тіркеу дінтану сараптамасын жүргізуге негіз болады. Бұған қоса, сырттан әкелінетін діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға да дінтану сараптамасы жүргізіледі. Сонымен қатар, жеке өзі пайдалануға арналған материалдарды қоспағанда, сырттан әкелінген діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға дінтану сараптамасы жүргізіледі.
Сондай-ақ, діни бірлестіктер мен Қазақстан азаматтары дінге деген көзқарасына қарамастан, заң алдында бірдей екенін атап өту қажет. Аталған заңды әзірлеу қазақстандық қоғамда конфессияаралық және этносаралық келісімді дамыту жолында уақтылы және әрекетті қадам болғандығы күмәнсіз.
Міне, осылай ҚР Конститутциясының 1-бабын назарға алып, мына заңға сүйене келе: «Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы-адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,- заң жобасын зайырлықтың айнасы етіп бекітті.
Қорыта келе аталған заң ең басты міндеті, адам бостандығы мен адам құқықтары, діни наным сенімі, дәстүрі, тарихы мен мәдениеті қорғалып, еліміздегі өмір сүріп жатқан әрбір ұлт пен ұлыстың діни көзқарасымен наным сенімін шегелеп берді. Осылайша зайырлы мемлекеттің тәртібін әлемге көрсете білді.

Р.ТҰРДЫ,
«Қазығұрт қазанаттары» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы.

ЖАЛҒАН ТҮСІНІК ЖАРҒА ЖЫҒАР

Дүйсенбі, 14 Ақпан 2022 00:00

Дін атаулы адам баласын жақсылыққа бастап, жамандықтан тыюды көздейтін адами құндылықтар жиынтығы. Адам баласының теріс қылықтарға жол бермеуіне рухани ізденісі себеп болады. Өкінішке орай, қоғам арасында мәселе туындатып, ағайын мен туыстың арасына сызат түсіріп, ата-анаға мейірім түгіл, сыйластық көрсете алмайтын кейбір теріс дінді ұстанушылар бар. Әрине, жалған түсінік жарға жығатыны мәлім.
Жастарымызға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дәстүрлі құндылықтармен сусындатып, еліміздің өз тарихын бойларына сіңіртіп, ұлттық патриотизмге дәріптеуіміз қажет. Еліне адал қызмет етіп, оны қорғауды мақсат ету – жастардың негізгі бағдарына айналуы тиіс. Міне, жастарды осындай шынайы патриоттық сезімге тәрбиелеу ісі қоғам үшін маңызды мәселелер қатарында. Әрбір елдің болашағының жарқын болуы оның азаматтарының білімділігімен қатар, олардың отансүйгіштік сезімдеріне байланысты.
Отан деген ұлы ұғымның қадір-қасиетінің парқына бармас­тан, оны қорғамақ түгілі, халықтың өзіне тән құндылықтары мен ұлттық болмысынан айырып, елдің тұтастығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін теріс пиғылды ағымдардың әрекет жүргізіп отырғандығын байқаудамыз. Ниеті теріс мұндай ағымдардың негізгі мақсаты – ел халқының арасына іріткі салып, алауыздық тудырып, территориялық тұтастығымызға қол сұғу екендігі кімге болса да мәлім. Мәселен, кейбір дәстүрлі емес ағымдар елдігіміздің символикалық белгілері болып табылатын мемлекеттік рәміздерді құрметтемейді, сайлауда дауыс беруге қатыспайды, мемлекеттік мерекелерді тойламайды. Яғни, олардың бойында отансүйгіштік, патриоттық сезім ада екенін байқауға болады. Адамды өз отбасынан, одан ары Отанынан безінуге жетелейтін ислам атын жамылған діни ағымдардың да еліміздің аумағында жүргізіп отырған әрекеттерін жасыра алмаймыз. Қалыптасқан ұлттық құндылығынан алыстаған бала өзіндік ойлау қабілетінен айырылып, күйзеліске ұшырайды, одан соң қоғамнан оқшауланып, өз елін тастап кетуге дейін барады. Жалған жиһадтың соңында, «таза исламды» аңсап, «жұмаққа» баруды көздеп, туған жерін оп-оңай тастап кетушілер де осындай теріс пиғылды ағымдардың қатарын толықтырушылар еді. Осыдан бірнеше жыл алдын елімізден жиһадтың жетегіне еріп, Таяу Шығыстағы соғыс алаңына аттанған азаматтардың саны төрт жүзді құраған.
Осындай біржақты идеологияның ықпалына түскен діни сауатсыз жастар өз еліне қарсы көзқарасты ұстанып, «нағыз ислам» мемлекетінде тұруды көздеп, елден кетуге шешім қабылдайды. Алайда, отбасын тастап, туған жерден безетіндей ешқандай жағдай туындап отырмағаны белгілі. Дінді ұстануға да, діннің насихатталуына да елде барлық жағдай жасалған дей аламыз. Бұл жағдайларды бағаламай шекара асып жатқандар – жалған жарнамаға елітіп, жаңылған, сауатсыз жандар. Ал оларды жылы ұясынан бездіруге үндеп отырғандар халықтың арасына іріткі салып, мемлекеттің тыныштығы мен ынтымағын бұзуды көздеушілер, елді бөлшектеп, жерімізге көз сүзушілер.
Жахандану үдерісіне қарсы тұра алмай, отбасы институты әлсіреген тұста қоғамымыз келешек ұрпаққа өзінің рухани байлығын дәріптей алмаған соң, елдегі көптеген жастар төл дініміздің ақиқатын толық ұғынбағандықтан шала бүлініп, әртүрлі ағымдардың жетегінде кетті. Олардың кейбірі тіпті Ауғанстанға ауып, Сирияға сенделді.
Қорыта айтқанда, жат ниетті ағымдардың негізгі мақсаттары елдің қамын ойлап, жастарға тура жолды көрсету емес, керісінше мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізу екені айдан анық. Сол мақсатта, яғни елді тоқырату жолында олар жастарды көптеп пайдаланатындығы белгілі. Жас­тарымызды жат ағымның жалған ұстанымдарынан қарсы қоя білуіміз қажет. Дәстүрлі дінімізді әрбір жастың бойына біртіндеп қондыруымыз қажет. Яғни, діни білімсіздіктің жолын жою. Отбасындағы рухани белсенділікті арттыру. Ел-елде, жер-жерде дәстүрімізді насихаттап, бабалардан қалған даралық пен даналықты ұмытпауымыз тиіс.
Қазақ жұрты үшін, еліміз үшін Тәуелсіздік – киелі ұғым. Бұл Тәуелсіздікті ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсады. Сол арманға енді қол жеткенде, өзара түсініспеушіліктерге жол бермеу, кейбіреулердің арандатуына құлақ аспай, көнеден қалған дара жолымыздан таймауымыз тиіс. Еліміздің тұтастығы мен жарқын болашағы жолында, ең алдымен татулығымызды сақтауды ойлау біз үшін – парыз.


Б.АБДРАХМАН,
Түркістан облысы дін істер басқармасы «Дін мәселелер зерттеу орталығы» КММ теолог маманы.

08

Соңғы кездері бұрын-соңды атын естімеген дәстүрлі емес діни ағымдардың көбеюі осының дәлелі. Бақытты өмір қандай болатыны жөнінде түрлі-түсті етіп безендірілген кітаптарды тарататын адамдар пайда болды.
Тіпті тыңдауға уақытың жоқтығын айтсаң да артыннан қалмай діни брошюраларды ұсынып, өмір туралы өз қағидаларын судырата жөнеледі. Жат ағымдардың құрығына жастар жағы жылдам түсіп жатыр. Олар жастар санасын тек қана уландырып қана қоймай, сонымен бірге өз қатарларына адамдар жинауда, өздеріне пайда әкелетін істермен де айналасуда жастарды пайдаланады.
Жалпы, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кез келген адамды халықтың, не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасында қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс-әрекеттерді жасайтын болады.
Мәселен, ерік-жігері төмен жандар сыртқы күштердің әсерімен болған өзгерістерге бейімделгіш келеді. Дәстүрлі емес діни ұйымындағыларды салқын санамен ойлау, ой қорыту қабілеті мүлде тән емес десек, артық айтпаймыз. Осы орайда, бейімделгіш жанды ерекше қаһармандықты, не болмаса қатыгездікті талап ететін әрекеттерге оңай айдап салуға болады.
Мұндай жағдайда, жүрексіну, тіпті өзін-өзі сақтау инстинктіне де бағынбауы ықтимал. Себебі, ол өзін шексіз күшті сезінеді. Тағы бір айта кетерлігі, бейімделгіш жандар аңғал, сенгіш келеді. Оларды алдап-арбау, қандай да бір теріс мақсаттарға қолдану дәстүрлі емес діни ұйым көсемдері үшін аса қиын шаруа емес.
Себебі жүйкесі, ойлау қабілеті зақымданған адамдар шындық пен өтіріктің арасындағы алшақтықты айыра алмайтындықтан, көсемдерінің айтқанына тез бой алдырады. Әрине, белгілі бір тұлғалардың айдап салуымен ашу-ызаға бой алдырған мұндай топқа қарсы келу, оларды жолынан қайтарам деу өте қауіпті екені түсінікті.
Қазіргі таңда дәстүрден тыс діни ағымдар қоғамды іштен ірітіп жатқандығы туралы жиі айтылуда. Алайда, жастар теріс пиғылды ұйымның өз жұмысын нақты қандай әрекеттер арқылы жүргізетінінен бейхабар. Олар дәстүрден тыс діни ағымдар, дәстүрлі діндерден іргесін аулақ салған, белгілі бір діни мақсатты көздейтін ұйым екендігін біледі.
Алайда, олар өздерін адамның рухани қажеттіліктерін өтейтін, өмірдің мәнін ұғынуға көмектесетін, рухтың мәңгілік екендігін түсіндіретін, пендеге тән қайғы-қасіреттерден құтқарып, өзін-өзі жетілдіруге ықпал ететін адам ретінде көрсетуді шебер меңгеріп алған. Олар діни сауаты жетіле қоймаған, өмірлік бағыт-бағдары жаңа қалыптасып келе жатқан жастарды алдау-арбау арқылы өз қатарларына тартады.
Дәстүрден тыс діни ағымдар кез келген коммерциялық дәстүрден тысқары діни культтер, құбылыс пен процестер сияқты қазіргі социумның іргелі мәселелерінің индикаторлары болып табылады.
Адам осындай жағдайда бұрын-соңды тәжірибесінде кездеспеген мәселемен бетпе-бет келеді. Соған орай, оны шешудің сенімді құралдарынан да бейхабар болады. Аталған мәселеге қарсы тиімді күресудің саналы түрде жасалған мәдени тетіктері де қалыптаспаған.
Түрлі діни ағымдардың жетегінде кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, тыңшылық, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі әбден мүмкін. Сонымен қатар, дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бір елді тоқырауға жіберудің бір тәсілі түрлі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудыру.
Ақиқатында, діни бірлестіктердің басым көпшілігі кейбір аңғал жандар ойлағандай биік мақсат-мүдделерді көздемейді. Дәстүрден тыс діни ағымдар атаулының түпкі ниеті біреу-ақ, ол – қарапайым адамдарды өз мақсат-мүдделеріне пайдалану, сол арқылы материалдық игілікке кенеліп, билікке қол жеткізу.
Әдетте, дәстүрден тыс діни ағым мүшелері «көсемнің немесе «ұстаздың» айтқанын бұлжытпай орындайтын темірдей тәртіпке мойынсұнады. Ұйымның түпкі мақсатын аттөбеліндей аз топ, яғни «таңдаулылар» ғана біледі. Жаңадан қабылданғандар сектаға жән-тәнімен берілгендігін «ұстаз» бен «таңдаулылардың» алдында дәлелдей білсе, «қызмет баспалдағымен» өрлеуге мүмкіндік алады. Көріп отырғанымыздай, ұйымдардың құрылымы да мемлекеттік құрылым сияқты. Маман психологтар мен заңгерлердің оларды «қауіпті» деп жүргені бекер болмаса керек.
Енді осы ағымдар қарапайым адамдарды қандай айла-әдістермен еліктіретініне тоқталайық. Біріншіден, жаңадан қабылданған «шәкірт» ұйым мүшелерінің психологиялық қысымына ұшырайды. Ол осы жерде дәстүрден тыс діни ағымдардың «махаббатына бөленеді». «Құдай сені жақсы көреді, сен асқақ арман-мақсаттарды бағындыратын таңдаулылардың бірісің. Бізден басқа әлемнің барлығы күнәға белшесінен батуда» деген сияқты әпсананы құлағына құяды.
Нәтижесінде, судай жаңа діни ағымдардың осы «бақытты отбасының» бір мүшесіне айналуға деген құштарлығы күшейе түседі. Топтасып ән шырқау, бір-бірімен төс қағыстырып құшақтасу, мадақтау сияқты кішкентай балаларды алдайтын тәсілдердің барлығы ұйымда кеңінен қолданылады.
Екіншіден, дәстүрден тыс діни ағымдар мүшелері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, өз бетінше бөлек өмір кешеді. Ал ұйымнан тысқары әлемнен қол үзген адам уақыт өте келе «ұстазының» айтқандарының анық-қанығына ой жүгірту, оны шынайы өмірмен салыстыру мүмкіндігінен айырылатыны түсінікті жәйт.
Үшіншіден, қауіпті діни ұйымдарда мүшелерінің ойлау қабілетін тежейтін түрлі әдістемелер қолданысқа ие. Мәселен, бір сарынды әндерді жиі шырқату, бір қимылдарды үнемі қайталатудың ақыры адамды психологиялық тәуелділікке ұрындырады.
Тағы бір айта кетерлігі, «отбасында құпия болмау керек» дегенді желеу еткен «ұстаз» «шәкіртіне» жасаған күнәларын мойындатып, арылуға «көмектеседі». Ішкі сырларын жайып салғаннан кейін өзін күнәһар жан ретінде сезінген «шәкірттің» бойында қорқыныш, үрей күшейе түседі.
Бесіншіден, «рухани тұрғыда шынығу» үшін ұйқыдан бас тартқандар мадақталады. Тоя тамақтанбау рухани тұрғыда жетілуге көмектесетін диета деп саналады. Сондай-ақ, ұйымға жаңадан қосылған жандардың оңашада ой қорытуына мүмкіндік бермеу үшін ұйымның өзге мүшелері оны ешқашан жалғыз қалдырмайды. Осылайша, дәстүрден тыс діни ұйым санатына қосылған жан аз уақыт ішінде ой-санасы өзгерген, мүлде басқа кейіптегі адамға айналады.
Дәстүрден тыс діни ұйым шырмауына ұшыраған адам өзін қалай сезінеді?
Ол өзінің бұрынғы қадір-қасиеттерін тәрк етіп, сол ұйымдарға ұнамды бейнені қабылдайды. «Ұстаз» бен «таңдаулылардың» айтқаны ол үшін бұлжымас қағидамен тең.
Қазіргі таңда, дәстүрден тыс діни ұйымның мүшелерін құтқарудың тәсілі:
«Қайта программалау» деп аталады. Яғни, адамды сол қауіпті ұйымнан құтқару үшін оған «тату-тәтті отбасы» туралы барлық шындықтың бетін ашу. Әрине, жан-тәнімен сеніп келген «ұстаздың» алаяқ екенін есту, өзінің алданғанын түсіну оған оңай соқпайды. Және бір айта кетерлігі, діни ағымдар осындай жолмен жақынын құтқармақ болған адамның үстінен тиісті органдарға шағым түсіре алады. Мұндай жағдайда дәстүрлі емес діни ағымдар қылмысын дәлелдеу қиынға түсетіндіктен, көп жағдайда сот процесінде олар жеңіп шығады.
Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – дәстүрлі діндерінің басты ұстанымы, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтылмасымыз анық.

А.БАЙТҰРСЫНОВ,
"Жастар ресурстық орталығы"
КММ-нің Қақпақ ауыл округіне
қарасты әдіскері.

Заман өзгеріп, адамның жағдайына керекті технология дамыды, тіпті білім үйрену үшін қағаз, қалам арқалап, не болмаса дәрісхананың табалдырығын тоздырып, ары-бері жүгіріп, әуре болмайсыз. Қазіргі уақытта білім алудың ілгері даму мүмкіндігі де аса зор. Заманауи интернет желісі арқылы онлайн немесе қашықтықтан оқып, білім алатын мүмкіндіктер пайда болды. Арнайы сауда-саттықта, кәсіп, оқу курстары, тіпті оқу орындарына да онлайн емтихандар тапсырып, онлайн ақшалай аударымдар жасайтын деңгейге жеттік.

     Міне, әр пенденің өзінің қалағанын бір интернет желісінің көмегімен жасайтын уақыттың бір кезеңі қалыптасты. Бір нәрсені үйреніп, білу үшін арнайы мамандық иесін немесе ұстазды іздеп, әуре болмайсың. Барлығы қазіргі уақытта интернеттегі онлайн сабақтар мен онлайн курстарға толы. Әр қайысысы қалағанын алып, өз пайдасына жаратуда. Адам өмірін рухани байлыққа толтыру үшін, мешіттегі имамды іздеп, әуре болмайсың, тіпті берілген садақаны да, онлайн аударып, көкейіндегі діни сұрақты арнайы сайттар мен парақшадан кез келген діни сұрағына жауабынды алуға болады.

     Осы сәтті пайдаланып, теріс дінді насихаттайтын сайттар мен әлеуметтік парақшалармен онлайн уағызшы, ұстаздар пайда болған. Әлеуметтік желілерде тыйым салынған уағызшылардың  экстремистік сайттары еркін қолжетімділігі артып, сұранысқа да ие болып үлгергендері де бар. Шетелдегі тыйым салынған псевдошейхтар мен еліміздегі заңсыз уағыз айтушылардың қатары бұрынғыға қарағанда біршама бәсеңдегенімен, жастар арасында интернеттегі деструктивті діни уағызшыларға еліктеу тыйылар емес. Жастар сол интернетте жарияланған мәліметтерге, видеоларға сеніп, оларға лайк басып, пікір жазып, ақпараттармен бөлісіп отыруды үрдіске айналдырған.

     Діни ақпаратты да кез келген негізі жоқ, бейресми ақпарат көздерінен емес. Берері бар, ресмей дерек көздерінен діни ақпарат алған дұрыс. Қазіргі уақытта діни білім дамып, елімізде ҚМДБ-да имамдарымыз сауатты, Алматы қаласындағы «Нұрмубарак» университетінде, еліміздің әр өңірлерінде білімді исламтанушы, дінтанушы білікті оқытушы, ғылыми дәрежесі бар, кез келген діни сұрағыңызға, қанағаттанарлық ғылыми негізде, жауап бере алатын мамандарымыз жеткілікті. Яғни, еліміздегі әлеуметтік желілерде ҚМДБ-ның, арнайы діни ақпарат тарататын парақшаларымен ресми «muftiyat.kz» соған қарасты мешіт сайттары, әлеуметтік желілердің барлық түрлерінде парақшалары бар. Сол ресми ақпаратты оқып, үйреніп, сенімді ақпаратты отбасымызға балаларымызға үйреткеніміз жөн. Өйткені, баланың өмірлік ұстазы, ата-анасы болады. Сол балаға ұстазды да, сіз таңдап беріп, бағыт бағдар беруіңіз міндетті.

     Итернет дамыған заманда кез келген жас буын, жастар көкейіндегі өзіне керекті ақпаратты, оның ішінде діни ақпараттарды үйренуші жастар-кітапқа, арнайы сайттар мен ресми діни әдебиеттерге жүгінбейді. Достарынан діни ақпараттар алып,сол ақпараттармен ғана шектеледі.

     Яғни интернеттен немесе өзі сияқты енді намаз бастап жүрген, шала сауатты мектептегі сыныптастарынан сұрайды. Егер балаңыз, жоғарғы оқу орындарының студенті болса, жоғарғы оқу орнында группаластастарымен және т.с.с. адамдармен қарым-қатынаста болып, көкейіндегі діни ақпараттарды бөліседі. Егерде сол университет қабырғасындағы, досының әлеуметтік желідегі теріс ағымды насихаттап жүрген парақшасын, оқыған діни әдебиетін, тындап жүрген діни насихаттарын, еш күмәнсіз зерттеп қарамай, оның байыбына барып, дін мамандарына жүгінбейді, өз бетінше, өз дегенімен интернет беттерінен ізденумен шектеледі. Осы себептен де, діни сауатсыз болғандықтан теріс діннің ықпалында кетіп жатқан жастар да кездесіп жатыр.

     Болашақ жастардың ертеңгі күні үшін біз ең алдымен жас буынмен тығыз байланыста жұмыстар жасауымыз қажет. Сондықтан да мектептермен қатар, жоғарғы оқу орындарында дінтану пәнін міндетті пән ретінде енгізу және зайырлылық қағидаты дінтануды оқытуда негізгі әдістемелік оқулықтың болуы шарт. Дінтанушы сөздік пен діни терминологияға қатысты, дәстүрлі дінмен діни ағымның ақ қарасын ажыратып беретін, нұсқаулық еңбектер шығару қажет. Сонда ғана мектеп қабырғасында жүргенде, колледж және университет студенті болғанда, балада, діни ағымға қарсы тұра алатын имунитет қалыптасып, жат діннің жетегінде кетуден сақ болады.

     Немістің әлеуметтанушы, психолог ғалымы Ханс Рослинг: «Адамның өміріне әсер ететін төрт түрлі нәре бар, оның біріншісі Адамның биографиясы, екіншісі медиа биографиясы, үшінші ескірген білімі»,- дейді.

     Демек, біздің өмірімізді болашақ ұрпақ естігенде, біз бабамыздың өмірінен өнеге алғандай, болашақ ұрпақ та үлгі алуы керек. Бабаларымыздың өткен өмірі, ат үстінде, болашағы үшін елін, жерін қорғап өтті. Өмірінен өнеге аларлық биографиясын қалдыра білді. Болашақ медиа өмірімізді көркемдейік оны алары мол дүниеге толтырайық.

     Біздің кейбіріміз соңғы технологияны, интернетті белсенді,осы заманның жастары секілді, орынды пайдалана алмасақ та «ескірген біліммен» «кезінде осылай еді»,-деп тәуекелдеп келеміз.

     Қазіргі қоғам-үлкенге ақыл айтар «ақсақалы жоқ», қыз, келінге қырық үйден тияр «әжесі» жоқ, асыр салып, «асық ойнаған баласы» жоқ қоғамың күйін кешудеміз. Кейде біз атамыздың сөзімен, берген ақылымен, мектепте немесе жоғарғы оқу орнында оқыған, сол кездегі берген ақылменен әрекетімізді жасап жүрміз.

   Сөзімді қортындылай келе қазақтың ақыны Абай Құнанбайұлы: «Адамның адамшылығы-ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», - деп айтқандай әр нәрсені үйрену үшін, оны үйретуші, жол сілтеуші, адамның болатыны сөззсіз. Кез келген үйретушінің ұстазы жақсы болса ұстанымы да жақсы екенін ұмытпағанымыз жөн деп білемін.

Битанов Жангелді Нұрғалиұлы,

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                              

Қазақстан Республикасы Ата заңының абсолютті нормаларының бірі – зайырлылық. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден діни еркіндікті паш етіп, қабылдаған алғашқы заңдарымыздың бірі – ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы болатын. Аталмыш заңнамаға замана ағысына қарай бірнеше рет толықтырулар жасалды. Ал 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданды. Яғни, қазақ елі – зайырлы мемлекетті орнықтыру үшін іргелі қадамдар жасалынуда.            

Бүгінгі таңда зайырлылық туралы анықтамалар өте көп. Солардың бірнешеуін тізбектер болсақ: «барлық діндерге бейтарап қарайды», «діни    басшылықтан тәуелсіз», «теологиялық қағидалар мен нормалардан азат» деген мағыналарды білдіреді. Дегенмен қоғам арасында «зайырлылық» ұғымын атейзммен теңестіретін адамдарда табылып жатады.

Зайырлылық – «атейзм» немесе «дінді жоққа шығару емес», керісінше – адамның ар-ождан бостандығын діни сенім еркіндігіне кепілдік беруді білдіреді. Бұл анықтама «ар-ождан бостандығы», «төзімділік» және «толеранттылық» сияқты құқықтық, моральдық түсініктермен тығыз байланысты. Мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. Қоғамның кез-келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни – адамның ар-ожданының, моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі. Осы жүйені негізге алған елімізде дәл қазіргі уақытта 18 конфессия өкілдері бір аспанның астында ымырагершілікте өмір сүруде. Дегенмен тарихи және мәдени ерекшелігімізді ортаға қоя келе 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заң қабылданып, преамбуласында «сүнниттік Ханафи мазхабы мен христиандық православтардың тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алды».

Осы тұста мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін қандай үлгілер бар екенін танып білген жөн. Әлемдік тәжірибеде мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін бірнеше үлгілерін жаза кетсек: Теократиялық, клерикальдық, конкордаттық, атейстік, харизматикалық, лайцистік. Бірақ әлемде көптеген елдер зайырлы және теократиялы болып бөлінген. Теократиялы мемлекет – діннің мемлекетті басқаруы. Қазіргі таңда мұндай мемлекеттер – Сауд Арабия корольдігі, Иран, Ватикан т.б елдер. Ал соңғы екі ай көлемінде саясат сахнасына Ауғаныстан жеріндегі Қазақстан Республикасыда террористік ұйым ретінде танылған «Талибан жамағаты» тіркелді. Теократиялы мемлекеттің зайырлы мемлекеттен айырмашылығы қоғамдық қатынастар, сот жүйесі, басқа да заңдық нормалар тек Құран аяты мен сүннеттің шеңберінде қарастырылады. Барлық билеуші күш – діннің айналасында жүрген бірнеше адамның ғана қолында болады. Бірақ мұндай жүйенің қазіргі XXI ғасырға сәйкес келмейтінін Ауғаныстан жеріндегі соңғы оқиғалар дәлелдеуде. Мәселен БАҚ-тың мәліметінше Ауған жеріндегі 4,3 млн ға жуық бала мектепке бара алмай отыр. Оның 80-85% қыз балалар. Әйел азаматшалар дүкенге азық-түлік алуға, басқа да сол секілді тұрмыстық қажеттіліктері үшін көшеде емін-еркін жүріп-тұрудан қалды. Үстеріне міндетті түрде «бурка» деп аталатын киім киіп жүруі міндеттелді. Осыдан бірнеше ай бұрын Ауған елінің ұлттық дәстүрлі әншісі шариғат заңы бойынша өлтірілді. Себебі ән айту шариғатқа қайшы-мыш. Осындайда халқымыздың «жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең – мұсылман дінінен шығады» деген нақыл сөзі еріксіз еске түседі екен. Себебі дін ислам – қаттылықты сүймейді, жұмсақтықты сүйсе керек-ті. Алла Елшісі Мұхаммед (с.а.с) хадис шәріпінде: «Ауырлатпаңдар оңайлатыңдар, қиындатпаңдар – жеңілдетіңдер» деген екен. Сайып келгенде айтарымыз қоғамның тұрақты дамуы үшін де азаматтарының діни ерікті болғаны да керек. Сол себепті кейбір жеке тұлғалар жоғарыда айтылған теократиялы мемлекеттерді арман етіп, «бізде де осындай шариғатпен басқарылатын мемлекет болса екен» деген ойдан аулақ болуға шақырамыз.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы Қ.Қосмаханов

Әрбір ұрпақ қай заманда да өмірді жаңадан бас­тап кете алмайды, ол өзінен бұрынғыдан қалған мұраның иесі, өзінің тәрбиесімен, қалыптасқан мәдениет, дәстүр, ойлау деңгейімен оған тәуелді. Заманында бар қазақтың қам­қо­ры­­на, сүйенішіне айналған «Алаш» партиясының саяси тұжырымдамасына, ала­шордашылар­дың саяси өмір жолы мен қызметіне қарап отырып, сол дәуірдегі сая­си, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің бүгінгі таңда да өзектілігін жойма­ғанын байқауға болады. Қазақ хал­қының азат ел ретіндегі тағдыры, тарихы, мемлекеттік дер­бестігі, жері мен шекарасы, тілі мен діні туралы мәселелер арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, өзектілігін жоғалтқан жоқ. Алаш арманы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Ендеше, әрбір азамат осы жүз жыл бұрынғы ұлттық ұлы идеялардың бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да негізі ретінде берік орнығуына мүдделі болуға тиіс. Өйткені Алаш идеясы – ұлттық идеология! Ол отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, бірлікке үндейді.

«Алаш идея­сы» – қа­зақтың мемлекеттік, елдің ұлт­тық идеясы. Өйткені Алаш – халқымызды бесігінде тербетіп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Алаш – ұлттың өзін бөлінбес тұтас жер, яғни территория ретінде сезінуі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау харакеті. Зия­лы­лар­дың Алаш атауын таңдауы да жай­дан-жай емес еді. Алаш жаңа елдігіміздің, байырғы айма­ғы­мыз­дың рәмізі еді. ХХ ғасырда қазақтың азаматтық тарихында ең ұлы идея қайсы десек, ол – Алаш идеясы деп жауап беруге болады. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі де осы идеяда жатыр. Алаш идеясы үшін күрескен кезең – 1907 жылдан 1930 жылға дейінгі 30 жылдай уақытты ғана қамтыған. Аз болса да ғасырға тең уақыт. Алаштың сер­келері – Әлихан Бө­кей­ханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Бай­тұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Ғаб­бас­ұлы, Мұхамеджан Тыныш­бай­ұлы. Алаш зиялыларының алдыңғы толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі мемлекет басқаруға қабілетті еді. Қазақ тарихында Алаш арыс­тарының орны ерекше. Олар Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибе­сін, салт-дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өр­кениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе теңестіруін көздеді. Ең алдымен, қазақтың өз атамекеніне ие болуын мақ­сат етті. Сол жолда күресті. Сонымен қатар елге демократия, білім-білік алып келу үде­рісі­нің бастауында тұрғандар да – солар болды. Алаш зиялылары – елшілдік пен Отанға адал қызмет етудің рәмізі. Олар – барды көбейтуші, үзілгенді жалғастырушы, жоқты жасаушы. Алаш қозғалысының тарихи негізі әлдеқайда бұрын өмірге келіп, күні бүгінге дейін елім, жерім деп ұлт болашағын ойлаған әрбір қазақ жүрегінің терең түкпірінен орын тепкен. Өйткені Алаш қозғалысы қазақ қауымындағы отаршылдыққа қарсы бағытталған, прогреске ұмтылған жал­пыхалықтық демократиялық қозғалыс еді. Қазақ халқының үздік білім алған, кең ойлы патриот саңлақтарының пай­да болуымен тұңғыш ұлт­тық Алаш үкіметі құрылып, қазақтың саяси идеясының негізі қаланды. Алаш қозғалысының лидерлері халықтың өзіндік санасын жоғары көтеріп, ұлттық бостандық идеясын ұсынды, қазақ халқының ұлттық мүддесін қор­ғау бойынша бірізді бағыт ұстанды. Алаш жетекшілерінің ұлт-азаттық ұрандары сол дәуірдің оқыған талапты, талантты жастарын баурап алды. Туған халқының халін сезіп, біліп өскен өрелі жас буын өкілдері ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің идеяларын қолдап, солармен бірге қимыл жасады. Қозғалысқа қатысты құжаттардан Алаш қайраткерлерінің оларды іске жұмылдырып, қажет жерінде тиісті тапсырмалар беріп отырғандығын байқауға болады. Алаш қозғалысына қатысқан 17-25 жас аралығындағы жастардың ішінен кейін көптеген мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар шыққаны белгілі.                                                               Алаш қозғалысы, идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы – тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Тарихтан білетініміздей, 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында Бірінші жалпы­қа­зақ съезі өтті. Осы съезде Алаш партиясының бағдарламасы жарияланды. Ал оның негізгі ұстанымдары: Біріншіден – Ресей демократиялық феде­ра­тивтік республика болуы керек. Оның құрамындағы әрбір мемлекет тәуелсіз түрде әрекет етеді. Екіншіден – Ресей республикасында тең құқықтық, тұлға, сөз, баспа, ұжымдар ерікті болады. Үшіншіден – дін мемлекеттен бөлінеді. Барлық діндер тең құқылы. Төртіншіден – билік пен сот әр халықтың ерекшеліктеріне сәйкес құрылуы қажет, би мен сот жергілікті халықтың тілін білуі шарт, т.б. Алаш қозғалысының, Алашорда жетек­шілерінің аса ірі тарихи еңбегі қазақ жерін сақтап қалуымен байланысты. Осы күнгі Қазақстан Рес­публикасы жерінің тұтастығы мен сақталып қа­луында Алаш қайраткерлерінің орасан зор ең­бе­гі бар. Олардың кеңес үкіметінің басшы­ларымен келіссөздері, әсіресе Ахмет Байтұрсынұлы­ның осы бағыттағы қажырлы еңбегі кейін, Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасын құру кезінде осы автономияның аумағын белгілеуде шешуші маңызға ие болған. Қозғалыс көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» де­ген еді. Әлихан Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс болған. Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» деп жар салса,  Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт» депті. Уақытынан оза туған Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасын терең зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне жаратып, олардың ісін жалғастырған абзал. «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің құрылуы мемлекет үшін қажетті саяси, әлеумет­тік, экономикалық және құқықтық атрибуттарды қалыптастыруды қажет етті. Алаш қайраткерлері бұл салада да өнімді еңбек етті. Олардың қазақ ұлтын ұйыстырудағы, оятудағы бірнеше жылдық пәрменді әрекеттерінде жоғарыда аталған қажеттіліктер көрініп жатты. Мемлекеттің іргесін қалау мәселелері жазған еңбектері мен атқарған істерінен айқын аңғарылып жатты. Алаш қайраткерлерінің облыстық, уездік съездер мен комитеттерді, жалпықазақ съездерін ұйымдастыруы, сол тұстағы Уақытша үкіметпен келіссөздері, бағдарлама дайындауы, қаулы-қарарлар қабылдауы – олардың қаншалықты дәрежеде саяси өте сауатты қайраткерлер болғандықтарын көрсетеді. Алаштықтар Қазақстанның сол тұстағы шаруашылық жайын саралай отырып, соған орай экономикалық дамудың бірқатар жолдарын да мегзеді. Бір қызығы, сол кезеңде олар Қазақ­станның астанасы жөнінде де орынды мәселе көтерді. Айталық, 1905 жылғы Мұхаметжан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтер «Ақмо­ланы астана жасаймыз» деген идея көтерді. Сонымен қатар олар 1917 жылы Семейді «Алаш ас­танасы» деп жариялап, оған «Алаш» деген атау берді. «Алаш» партиясының бағдарламасында көрсетілген ел басқару жүйесі, жастардың білім алуы, ұрпақ тәрбиесі, ұлттар теңдігі, азаматтар­дың құқы мен бостандығы жөніндегі ұстанымдар тәуелсіз қазақ мемлекетінің саясатымен сабақтас жатыр. Сол себепті Алаш көсемдерінің өмірінен өнеге, тірлігінен тағылым алып, Алаш мұратын ұлт мұраты ретінде тануымыз керек.                                                                 

Қорыта айтқанда, Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс. Ал бүкіл қазақ даласын осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген ұлы қазақтар аманатының жөні бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің негізгісі – Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру. Алаш идеясы – ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды. Алаштың жолы, Алаш кайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапары – бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстындардың бірегейі болатынын естен шығармағанымыз абзал. Алаш идеясы – қазақ идеясы. Демек, «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» дейтін біз үшін ол әрқашан қазақ идеологиясының темірқазығы болып келді, бола береді де.

М.Салиходжаев,

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы.

Кез келген мемлекеттің басынан өткерген тарихи тағдыр кешулері бар. Халық осы тарихи үрдістердің негізінде қалыптасқан дәстүрлі құндылықтармен астасып өмір сүреді. Салт-дәстүр ұлттың бір мәдени қабаты ғана емес, сол халықтың төлқұжаты іспетті. Яғни, халық үшін оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы басты құндылықтардың бірі саналады. Біз дәсүрлі құндылықтарды терістейтін өктем іс-әрекеттерге деңгейіне қарай деструктивті, яки болмаса экстремистік не террорлық деп сипаттама беріп жатамыз. Соңғы кезде осы теріс сипаттамаларға діннің аты қосақталатын үрдіс пайда болды. Яғни, «деструктивті діни ағымдар», «діни экстермизм», «діни терроризм» деген атаулардан көз сүрініп, құлақ тұнатын жағдайға жеттік. Әлбетте, басқа түскен індеттен қашып емес, шешіп ғана құтыла аламыз. Олай болса, алдымен «деструктивті діни ағым», «діни экстермизм», «діни терроризм» ұғымдарының бір-бірінен қандай ерекшелігі бар екенін ажыратып алсақ.

Діни экстермизм деп – діни дұшпандылық пен жек көрушілікті қоздыру мақсатымен мемлекеттің аумақтық біртұтастығы мен тәуелсіздігін бұзу және мемлекеттік құрылысты күшпен өзгерту мен билікті күшпен басып алуға үгіттейтін дінге негізделген немесе діни элементтерді қамтыған қауіпті іс-әрекетті айтамыз.
Діни терроризм деп – дін атынан камуфляждалып жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдарды қазаға ұшырату, елеулi мүлiктiк залал келтiру, қоғамға қауiптi өзге де зардаптарды тудыру, қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, мемлекеттiк органдардың, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру және т.б. діни элементке негізделген содырлық іс-әрекеттерді айтамыз.
Ал, деструктивті діни ағымдар деп – қоғамда қалыптасқан дәстүрлі жүйеге дін атын жамылып, қауіп төндіретін, негізсіз терістейтін, жоққа шығаратын, прозелетизмді насиқаттайтын, дін атына сай емес мұрат-мақсаттарда іс-әрекеттер жасап, заңсыз немесе заңның тиімді тұстарын әртүрлі қитұрқы әдіс-тәсілдермен өз мүддесіне барынша пайдаланатын деноминацияларды айтамыз.
Кез келген діни ағымның деструктивтілігі оның мақсаттарынан және іс-әрекетінің нәтижесінен аңғарылады. Теріс пиғылды ағымның арбауына түскен адамның жеке өмірінің деңгейі, сондай-ақ оның әлеуметтік, физикалық, экономикалық, рухани және моральдық жағдайы бұзылады. Соның салдарынан отбасы мен қоғам зардап шегіп, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келеді. Деструктивті діни ағымдардың таралуы діни бірлестіктер қызметінің еркіндігі, шетелдік миссионерлердің елге кедергісіз келуі, халықтың діни сауаттылығының төмендігі, қазақстандық азаматтардың шетелде бақылаусыз діни білім алуы сияқты факторлар халық арасында радикалды идеологияның енуіне қолайлы жағдай туғызған негізгі себептер болды. Осыған байланысты мемлекет басшылығы деструктивті идеологиялардың таралуына қарсы әрекет ету бойынша шаралар қабылдай бастады. Діни білім беру мекемелері мен бірлестіктеріне бақылау күшейтіліп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресу саласында заңнамалық базаны қалыптастырды.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен елдегі діни саланы реттеу мәселелері Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан қазіргі таңда Мемлекет басшысының жүргізіп жатқан сарабдал саясатының арқасында, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың бірлесе үйлесімді жасап жатқан жұмыстардың нәтижесінде елдегі діни ахуалдың тұрақтылығы сақталып келеді. Ел Президентінің нұсқамаларын орындау аясында террористік қатерлерді бейтараптандыруға арналған Қазақстанның жеке дербес жүйесі құрылды әрі ол жыл сайын жетілдірілу үстінде. Елімізде экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимылға қатысты біршама тәжірибе мен біліктілік базасы жинақталды. Ол ең алдымен алдын алу шараларын жүргізу, халықтың діни-құқықтық сауаттылығын арттыру, түрлі радикалды идеологиялардың ықпалына төтеп беретін иммунитетті қалыптастыру жұмыстарынан тұрады. Бұл орайда дәстүрлі діни-рухани құндылықтардың ұлттың болашағын құруда ықпалды фактор екенін ұмытпауымыз қажет. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен руханияты, өмірлік ұстанымдары мен салт-дәстүрлері, ойлары мен көзқарасы, дүниетанымы осы діннің құндылықтарымен сабақтаса қалыптасты.
Бүгінгі күннің бет алысына қарай мың құбылып, сабан астынан су жүгіртуді көздейтін деструктивті діни ағымдармен біз ымырасыз күресуге тиістіміз. Өйткені, деструктивті діни ағым өкілдері жоққа шығарғысы келген дәстүрлі құндылықтарымыз ұлтымыздың қаны мен жаны болып есептеледі. Ал, рухани құндылықтарсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Яғни, дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтау заман талабы. Жаһандық дең­гейде әрекет ететін деструктивті ағымдардың ықпалы­­­мен күресте қоғамда ұлттық және діни-рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау арқылы ғана біз бүгінгі қоғамды және келешек ұрпақты жат идеологиялардың кері әсерінен қорғауды қамтамасыз ете аламыз.

М.САЛИХОДЖАЕВ,
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы.

Қазіргі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің дамушы және дамыған елдерден ерекшелігі – қоғамдағы діннің нығаюы мен елдегі діни ахуалдың тұрақты болуы. Білім берудің зайырлы жүйесінде дін мәселелерін түсіндіру қоғамда гуманистік және рухани-адамгершілік негіздерді қамтамасыз етуге көмектеседі. Руханилық бұл  тек діни іліммен ғана шектелмейді. Руханилық – философиялық және  этикалық ұғым. Руханилық – бұл  зайырлы  моральдық ұстаным ретінде адамның  рухани жан-дүниесімен, ішкі және сыртқы мәдениетімен байланысты айқындалады. Руханилық – зайырлы этикалық ұғым  ретінде  адамның  жан және  ар  тазалығын  айқындайды. Бүгінде әлем елдерінің басым көпшілігінде мемлекеттік мектептер зайырлы мәртебеге ие. Зайырлылықтың тарихына үңілсек, тәуелсіз еліміздің зайырлылық қағидаты 1995-жылы қабылданған Ата Заңымызда бекітілген. Зайырлылық қағидаты қоғамның, халықтың, мәдениеттің және қазіргі білім берудің ұстанымы болу керек. Руханилық бұл болашақ ұрпақтың үйлесімді дамуының кепілі болуы керек. Сондай-ақ ол халықтың руханиятымен тығыз байланысты. Парасаттылық, имандылық, ізденгіштік, отансүйгіштік бүгінгі білім берудің негізгі ұстанымы. Діни ортадан  шыққан  жастар қоғамның  мүшесі  ретінде қоғамдық  ортамен үйлесімді өркендеуі тиіс.

Діни фанатизм мен көзсіз еліктеушілікке қарсы тұратын қалқан болатын діни мәдениет пен діни сана қалыптастыру үшін діни білім зайырлы тұрғыда берілуі керек. Елімізде ұлт­аралық келісім, діни төзімділік мәдениеті мен өзара құрмет қағидаты орныққан. Дін адамның рухани әлеміне тыныштық беріп, адамның абыройы мен ар-намысын үйретеді. Әрбір адамның жан-дүниесіндегі келісім мен ішкі мәдениет бұл қоғамдағы адамаралық қарым-қатынас мәдениетіндегі өзара түсіністіктің шарты. Дін қызметшілерін ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынас мәдениетіне үйрету, діни мәдениетке баулу, өзге діндегілерге құрметпен қарауға, діндердің құндылықтық негіздерін терең түсініп пайымдауға,зайырлы ұстанымға сай қызмет жасауға құзіретті даярлау бүгінгі діни білім берудің мақсаты. Бұл діни білім беру жүйесі үшін өте өзекті болып табылады.
Әрбір діннің сенімдік ұстанымдары мен құндылықтарына құрметпен қарау, отансүйгіштік, төзімділік мұраттары мен ортақ құндылықтар жастардың санасына сіңіріліп, нақты бағдары ретінде зайырлылық қағидатының негізде оқытылуы қажет. Жат діни ағымдар мен діни фанатизмге қарсы тұратын ұстаным қалыптастыру осы исламтану мамандығының міндеті болып табылады. Дін экстремизм мен терроризмнің адам мен қоғам өміріне, мемлекет негізіне қауіпті індет екенді­гін жастарға байыпты және ғылыми тұрғыда түсіндірілуі қажет. Діни білім беру әдістемесі тұлғаның рухани болмысын жетілдіруге және мәдениетін қалыптастыруға, діни білім жетістіктерін жан-жақты түсінуге, діни ілімдерді зерделеп, талдауға үйретумен қатар, басқаның мәдениетіне түсіністікпен қарауға, діни толеранттылық және дінаралық келісім ұстанымдарын сыйлауға тәрбиелейді. Жаһандану үдерісінде әрбір ұлт өзінің салт-дәтүрі мен ұлттық сана тіректеріне сүйеніп, өзінің бет-бейнесін жоғалтпай, ұлттық болмысын айқындап, ұлттық рәміздерін асқақтатуға ұмтылуда. Біздің діндар жастар да зайырлы мемлекеттік қағиданы, ұлтымыздың тілі мен ділін, тарихын, дәстүрін сыйлауы және ата мұрасын қастерлеуі тиіс. Дін қызметкері бітім-болмысы мен мәдениетімен, үлгілі өмірлік дерегімен және зиялы ұстанымымен ерекшеленіп, ғылыми және діни-философиялық мәселелер төңірегінде пікір-талас жүргізе алатындай деңгейде болуы және дін саласындағы мемлекеттік саясатты терең түсінуі оның әлеумет пен діни қауым арасында беделді болуына оң ықпалын тигізеді. Дін қызметкерлері білімі мен біліктілігін, құзіретін рухани тәлім-тәрбиелік іс-шараларда, діни төзімділік пен ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және түрлі лаңкестік және экстремистік, зиянды ағымдардың керітартпа ілімдерінің алдын алу мақсатында іске асыру тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік құрылымы мен идеологиясы әртүрлі шет елдердің діни оқу орындарын бітірген азаматтарымызды зайырлы еліміздегі нақты қоғамдық өмір шындығына сай қызметке баулу маңызды. Зайырлы мемлекетіміздің дін саласындағы мемлекеттік саясаттын жан-жақты түсіне білетін және білімі мен білігін нақты шындыққа сай іске асыратын дін саласындағы мемлекеттік қызметкерлерді даярлау уақыт талабы. Ұлтымыздың тұтастығы мен бірлігі – жеңістеріміздің түп негізі екенін ұмытпағанымыз жөн.

А.ЖӘЛӘЛ,
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал аудандық бөлімінің маманы.