Теріс ағым

Начало формы

Конец формы

жалган халифат

Без названия 5

     Ешбір адам өздігінен экстремист немесе қанқұмар содыр болып кетпейді. Олар әлем билігін қолына алғысы келген белгілі бір саяси топтың ұзақ мерзімге құрылған стратегиясы бойынша «торға» түсіп, «қармаққа» ілінеді. Сөзбен сомдалған тәтті қиял мен асқақ арманның жетегінде жүріп қолына қалай қару алып қалғанын білмейтіндер көп. Аллаға емес, әлгіндей зымиян пиғылды саяси топтың жетекшілеріне құл болып жүріп, «еркіндіктің» елесіне қалай елітіп қалғандарында сезбей қалады. Байлар тірнектеп жинаған дәулетін, күштілер қажыр-қайратын, қыз балалар өзінің тәнін, тіпті, біреулер шыбын жанын осындай теріс жолға пида етіп жіберетінін де сезбей қалады. Сонымен осы процесс қалай жүреді деген сауалға шама-шарқымызша жауап іздеп көрелік.

     Қармақтың ілмегіне аят пен хадис түйреледі. Аллаға иланған мұсылман үшін қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінен құнды еш нәрсе жоқ. Соны жақсы білетін «арбаушылар» негізгі құрал ретінде осы екі құндылықты қолданады. Алайда ешбір аят пен хадис адам баласын қылмыс пен күнаға, адамды қойдай қыруға шақырмайтыны мәлім. Сондықтан Аяттар мен хадистер саяси мүддеге қарай теріс тәпсірленіп, монтаждалып түсіндіріледі. Мысалы, «Алла жолында лайықты түрде жиһад жасаңдар» деген аят бар («Хаж» сүресі, 78-аят). Міне, бұл аятта жиһад сөзі анық айтылып тұр. Алайда «жиһад жасаңдар» деген бұйрықтың аясы, ауқымы қандай дегенде теріс пиғылдылар оның бір ғана мәнін алға тартады. Рас, «жиһадтың» – Алла жолында күресу деген мағынасы бар. Көптеген тілдерге осылай аударылып, сіңіп те кеткені шындық. Бірақ, жиһадтың толық мағынасы бұл ғана емес. «Дін жолында күресу» – жиһад ұғымының кішкентай бір тармағы ғана.

       Бұл сөздің астарына тереңірек үңілсек, жиһад-күш-қайрат жұмсау, тырысу, тырмысу, бір істі толық жүзеге асыру үшін бүкіл мүмкіндіктерді қолдану, қал-қадірі келгенше әрекет ету, қиыншылықтарға мойымай, қарсы тұру, бір істі жасап жүріп шаршау, машақат тарту деген көптеген мәндердің жиынтығы екенін байқаймыз. Семантика ілімін терең игергендер бұл тізімді одан әрі ұзартып, тереңдетуі де мүмкін. Ал, діни терминология бойынша жиһад – ислами бұйрықтарды дұрыс ұғынып, соған қарай өмір сүру, өзге адамдарды да жақсылық пен ізгілікке, тазалыққа үндеп, жамандықтан, азғындықтан, күнә мен қылмыстан тыюға тырысу, ішкі нәпсі сыртқы дұшпандарға қарсы күрес, Ислам өркениетінің көркейіп, гүлденуіне үлес қосу, қысқаша айтқанда, жақсылықтың жайылуы үшін аянбай еңбек ету деген мағынаны білдіреді. Сонда жиһадтың негізгі мағынасы – Алланың берген физикалық және рухани қуатын Алла жолында жұмсау болып шығады.

     Бұл тұрғыдан алғанда, жиһад ұғымы, қолына қару алып, қан төгуге, біреулердің басын кесуге, оны видеоға түсіріп халыққа таратуға, ұлты басқа қыздар күң деп санап, ал, өзге қыздарды уақытша неке деген желеумен қорлап жүре беруге шақыру деген сөз емес екені анық. Бүгінгі араб елдерінде болып жатқан бассыз, хайуани істер жиһад ұғымының төңірегінде майлап жатан жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, дәл осындай істер бүгінде жиһад деген қасиетті ұғымның көлеңкесінде жасалып жатыр. Біреудің басын кескеніне «Аллаһу акбар!» деп мәз болып, қуанып жүргендерді де ғаламтордан кездестіретін болдық. Мұның бәрі, әрине, адасқан, теріс түсініктер.

     Негізінде шын жиһад әр елдің өзінде жасалады. Араққа салынып, есірткіге отырып, өзін-өзі тірідей өлтіріп жүрген адамның көзін ашуға жиһад жасалуы керек. СПИД секілді жаһанды жалмап бара жатқан аурудың емін табуға, оған жастарды жібермеудің жолдарын ойлап табу – жиһад. Ата-ананың алғысын алып, ризашылығына бөлену үшін еңбек ету – жиһад. Заманауи ғылым мен техниканы терең меңгеріп, мұсылман жұртшылығының сауаты мен мәдениетін көтеруге тырысу да осы сөздің ауқымына енеді.

       Әлеуметтік желілер кеңінен пайдаланылады. Бүгінде ғаламды тоздырып, жер бетін мекендеген халықты аздырудың жолы – әлеуметтік желілер. Осы желілерде «жиһадқа» шақыратын неше алуан үндеулер жазылады. Соған кейбір эмоциясы басым адамдар имандай сеніп, солардың «улы» уағыздарын тұрақты түрде оқып, тыңдап, көре бастайды. Ондай қармаққа ілінген адамдармен арнайы жеке жұмыстар жүргізіледі. Күн сайын құлағына пиғылы теріс уағыздар құйыла береді. Ақыр соңында «солардың» айдағанына жүріп, айтқанына көнетін «бой ұсынғыш» адам болып шыға келеді.

Ютубтағы видеолардың да әсері үлкен. Мысалы, бірнеше адам тауда ма, орманда ма жиналып отырады да сол жерден уағыз айтып, үндеу тастайды. «Біз мұнда Алланың бұйрығын орындау үшін жиналдық, Ал сендер басқа жақта жүрсіңдер. Біз білеміз сендердің жүректерің тыныш емес. Уайымдайсыңдар. Ал мына жаққа келіп бізге қосылыңдар, сол уайымның бәрінен құтылып, жүректерің тынышталып, жеңілдейсіңдер. Өйткені, Алланың бұйрығын орындаудан артық рахат жоқ» деген секілді мазмұнда ұрандар, шақырулар тасталады. Өзіндік ойы мен жеткілікті ислами білімі жоқ адамдар сондай сөздерге оңай иланып қалуы ғажап емес.

       Қыз балалар да құрбандыққа айнала береді. Тек ересектерді ғана емес, қыз балаларды да сол жақта отырып арбаудың түрлі тәсілдері бар. Ғаламтор желісінде қыз балалардың қалайша киім-кешектерін жинап өз еріктерімен содырларға әйел болуға жолға шыққандары көрсетілген. Ол үшін қыз балаларды алдымен ниқабқа. содаң сон хижратқа, одан әрі жиһад пен өзін-өзі жаратын шейіттікке дайындайды. Бұл туралы басқа мақаламызда айтқанбыз.

       Сөз соңында Исламның тарихында орын алған шын жиһадтың бір үлгісіне тоқтала кетейік. Мүшріктер мұсылмандарды азаптауда жаңа бір айлаға көшкен кезі еді. Мұсылмандарды өзге халықтан бөлектеп, сауда-саттық секілді жалпы адами барлық қатынастарына тыйым салып,оларды қоғамнан оқшаулап, саяси-экономикалық блокада жариялады. Тоз-тоз болып, аш-жалаңаш күй кешкен мұсылмандар осындай қиын қыстау кезеңде де сабыр сақтап, жаңа діндерін тастамай, өздеріне жасалған зұлымдықтарға төзіп, табандылық танытты. Сол шақта Хадиша анамыз қолындағы мал-мүлкін мұсылмандарға үлестіру арқылы өзіне тиесілі жиһад міндетін атқара білді. Исламнан бұрын Меккенің санаулы байларының санатына жататын Хадиша анамыз бар байлығын Хақ жолына жұмсады. Бірақ, өзі қайтыс болғанда қайран анамызға ақіреттік кебініне жарайтын бір орам бөз де бұйырмаған еді.

(Материал ОҚО, Дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының арнайы кітапшасынан алынды).

Түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Дүйсенбі, 16 Шілде 2018 00:00

 

Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары біршама отандастарымыз шекара асып, өзге елдерде діни мамандықтар бойынша білім алып келгені баршамызға белгілі. Дегенмен, өзге елде білім алған жерлестеріміздің барлығы да ислам дінінің бір бағытын үйреніп келген жоқ, көптеген азаматтар дәстүрімізге сай келетін ислам бағытын үйреніп, елге оралып табысты қызмет атқарса, ал біреулері, ислам дінінің шеңберінен шығып кеткен кереғар ағымдардың ілімін алып келді. Сонда да, Аллаға шүкір деп айтуымыз керек, соңғы жылдары үкімет тарапынан бұл мәселеге көп көңіл бөлініп, еліміздегі дәстүрлі емес әртүрлі діни топтардың алдын алуға бағытталған қыруар жұмыстар атқарылуда.

«Кемелді Ел» қоғамдық қоры Қазығұрт ауданында діни экстремизм, терроризм, кереғар ағымдар мен секталардың іс-әрекетінің алдын алуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізді. Атап айтсақ, рамазан айын ұйымдастыру жайлы ауыл имамдарымен кеңес өткізіп, діни ұйымдар тарапынан ұйымдастырылатын діни мерекелік шара ораза айт мерекесін атап өту жайлы имамдар мен сұхбаттасып, келелі ой қозғады. «Жастар ресурстық орталығымен бірге «дөңгелек үстел», аудандағы мешіттерде мешіт жамағатымен және ауыл тұрғындарымен түсіндірме жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Діни тұрғыда ақпарат алу үшін ай сайын баспасөз бетінде сенім телефоны жарияланып, ай сайын деструктивті діни ағымдардан жәбір шеккен азаматтармен жеке кездесулер, түсіндіру жұмыстары қолға алынды.

Міне, осындай ізгі іс-шаралардың септігі болар, дәстүрлі емес діни ағымдардың іс-әрекеттеріне әсерлі тосқауыл қойылуда. Басқосуларда дәстүрлі емес діни ағымдар, олардың пайда болу шарттары жайлы толыққанды ақпараттармен қамтылып, отырыста кеңінен талқылануда.

Д.ОРАЗБАЕВ,

«Кемел Ел» қоғамдық қорының қызметкері.

 

Әлемдік діндердің барлығы, соның ішінде әсіресе ислам діні адамзатқа ізгілікті, адамгершілікті, өзара кешірімділік пен мейірімділікті насихаттайды. Мұны исламның қасиетті қайнар көздері саналатын Құран аяттары мен хадис мәтіндерінен, дін ғалымдары мен ағартушыларының еңбектерінен айқын көруге болады. Онда Жаратушы адам баласына діни-моральдық қағидаттарды ұстанумен қатар, шариғатты – діни-құқықтық нормаларды орындау керектігі жайында жазған.

Қоғамдық қатынастардағы маңызды мәселелерде адам мүддесін қорғау – ислами құқықтық жүйенің басты мақсаты. Шариғи заңдардың барлығы жалпылай алғанда әрбір мұсылманшылықты ұстанушы адам өмірінің бес қажеттілігіне қауіпсіздік кепілдігін береді. Шариғат үкімдерінің негізгі мақсаттарына қоғам және адам үшін аса қажетті келесідей бес құндылық жатады:

1) Дінді қорғау;

2) Ақылды қорғау;

3) Жанды қорғау;

4) Мал-мүлікті қорғау;

5) Адал ұрпақ пен ар-намысты қорғау.

Исламды ұстанған ешбір мұсылман басқа мұсылманның жеке өміріне рұқсатсыз қол сұғып, жазықсыз жанын қиып, заңсыз дүние-мүлкін тәркілеп, дінін ауыстыруға мәжбүрлей алмайды. Сондықтан да ислам атын жамылған «ДАИШ» немесе «Ан-нусра» (Қазақстанда тыйым салынған) секілді террористік ұйымдар өзінің теріс пиғылдарын жүзеге асыру барысында қастандық әрекеттерін әділетті етіп көрсету үшін алдымен қарсыластарына «тәкфір» жариялап, оларды «дін дұшпандары» деп көрсетуге тырысады.

Араб тілінде «тәкфір» сөзі «біреуді дінсіздікпен, дінінен шығумен айыптау» мағынасындағы «кәфара» етістігінен шыққан. «Тәкфір» идеясы барлық дін атын бүркенген экстремистік және террористік ұйымдар мен ағымдардың идеологиялық негіздерінде кездеседі. Оның ықпалына түскен адам айналасындағылардың барлығын, тіпті ең жақын туған-туыстарын ұстанымдарына қарамай дәйексіз түрде «дінсіз», «діннен шыққан» деп жаппай айыптауға бейім тұрады.

Тәкфіршілік көзқарасты ұстанғандар діни негізде отбасынан, қоғамынан, әрмен қарай мемлекетінен оқшаулана түсіп, зайырлылық және басқа конфессияларға қатысты барлық нышандарға төзімсіздік танытып, көбіне радикалды, экстремистік, террористік ағымдардың қатарына қосылады.

Тарих сахнасында исламдағы қағидаттарды бұрмалап, діндарларды күпірлікпен айыптау тәжірибесін алғашқы рет халифа Әли ибн Әбу Талибке қарсы көтерілісті ұйымдастырған харижилер қолданған. Харижилер (араб тілінен аударғанда – «бөлініп шығушылар», «тастап кетушілер») мұсылмандардан бөлініп шыққан ислам тарихындағы тұңғыш діни-саяси топ. Олар мұсылмандар арасында бүліктердің таралу кезеңінде 657 жылы орын алған Сыффин соғысының нәтижесінде пайда болған. Ол уақытта халиф Али ибн Абу Талиб пен Муавия ибн Абу Суфьян (661 ж. Омеядтар әулетінің негізін салушы) арасында бітім жасалған соң, 12 мың жауынгер халифтың әскерінен бөлініп шығып, мемлекет басшысына қарсы көтеріліске шықты. Сонымен бірге харижилер алғашқы болып ислам тарихында саяси негізде қастандықпен кісі өлтіруді жүзеге асырды.

Ислам шариғаты пайдалы және зиянды істердің аражігін ажыратып, жақсысына жақын, жаманынан алшақ болуға үндейді. Мұны исламдағы «амру биль-мағруф уа наһи ъаниль-мункар» (ізгілікке шақыру, жамандықтан тыю) қағидатынан-ақ білуге болады. Құранның «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, жамандықтан тыйатын, сондай-ақ Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар» («Әлі Имран» сүресі, 110-аят) деген аятының мазмұны осыны айғақтайды.

Бұл қағидат исламдағы ахлақтың – мұсылманның көркем тұлғасының алтын өзегін құрайтын басты үндеулердің бірі. Ізгілікке шақыру қағидаты негізінде өзін діндар санайтын әрбір пенде жеке және қоғам өміріне қатысты белсенді азаматтық ұстанымы болуы керек. Шынайы мұсылман өз шама-шарқынша қоғамға пайда келтіргені жөн. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың өзі – жақсы амал. Исламда сауапты істер жасау – бауырмалдық, отбасы мен туыстарына көмек беру, мейірімділік пен қайырымдылық, қайыр-садақа жасау, зекет беру, адал еңбек ету, т.б. көптеген құндылықтарды қамтиды. Құранда: «Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістікке жетесіңдер» («Хаж» сүресі, 77-аят), «Мүміндерге өте мейірлі, кішіпейіл бол» («Хижр» сүресі, 88-аят) делінген. Осыған орай Мұхаммед пайғамбар: «Әр адам қандай да бір жамандықты көрсе, оны қолымен тоқтатуы керек. Оған шамасы келмесе, сөзбен тыюы қажет. Ал егер оған да шамасы жетпесе, жүрегімен қарсы болуы тиіс» деген. Сондай-ақ Құранда: «Сендерден жақсылыққа шақыратын сондай-ақ дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосатын бір топ болсын. Міне солар құтылушылар» («Әлі Имран» сүресі, 104-аят) деген аят осы қағидаттың шынайы мағынасын аша түседі.

Алайда қазіргі таңда шетін көзқарастағы ағым өкілдері аталмыш діни қағидаттарды өз түсініктеріне сай бұрмалап, Құран аяттары мен хадистердің үзінділерімен діни-саяси идеяларын дәйектеуде. Радикалды топтардың идеологтары қасиетті мәтіндердің үзінділерін дәйек ретінде келтіре отырып, діни төзімділікті жоюға, әрі діни негізде отбасылық қатынастарды үзуге үндейтін идеяларды насихаттауда.

Осыған орай олар ізгілікке шақыру қағидатын шетін көзқарасты тарату үшін қолданып, жамандықтан тыю ұстанымын адамды туған-туыстары мен қоршаған ортасынан, ұлттық және діни санасынан, ұлттық-рухани құндылықтардан оқшаулау үшін пайдаланады. Экстремистер исламдағы ахлаққа қатысты айтылған жамандықтан тыю қағидатын өздері «әділетсіз» деп таныған үкіметті, заңдарды, мемлекетті құлату үшін идеяның қуатты діни дәйегі ретінде бұрмалап қолданып отыр.

Сонымен қатар олар исламдағы «әл-уалә уәл-бараа» (достық және қатыссыздық) қағидатын өзіндік мағынасымен сенімдерінің ажырамас тірегі деп біледі. Мұндағы «достық» түсінігі Аллаға, Оның елшісіне, сондай-ақ, барлық «таза исламды» ұстанғандарды дос тұту деген мағынаны береді. Ал «қатыссыздықтың» мағынасы – күпірлік еткендерді, көп құдайшыларды, екі жүзділер мен бидғатшыларды, шариғатты ұстанбағандарды жек көру, олармен дұшпандық қатынастарда болу. Яғни, радикалдар өздерінің діни сенімі мен көзқарастарын қабылдамағандармен барлық достық қатынастарды үзіп, оларға қарсы қолымен, тілімен және жүрегімен күрес жүргізуі қажет деп түсінеді.

Сондай-ақ, шетін көзқарасты ағымдар «ат-таухид әл-хакимия» қағидатын ұстанады. Бұл қағидат бойынша барлық үкімдер тек Жаратушы тарапынан қабылданады. Ал егер үкім Алла түсірген заңмен шығарылмаса, олардың сенімі бойынша бұл күпірлік деп саналады. Сондықтан зайырлы немесе шариғаттан басқа заңнамалар негізінде өмір сүріп жатқан елдер экстремистер үшін «дар-уль-харб», яғни исламды қабылдамаған, әрі исламның таралуына қарсы тұрған мемлекет деп бағаланады.

Бүгінде мұндай пікірлерді әсіресе ғаламтор желісінде белсенді насихаттайтын тәкфіршіл ағымдардың бірі – «ДАИШ» ұйымы. Бұл ағымдардың насихаттап жүрген идеялары исламның шариғи қағидалары мен ұстанымдарына толығымен қайшы келеді. Сондықтан, мұндай радикалды ұйымдардың діни-насихат жұмыстарына барлық ресурстарды пайдалана отырып, тосқауыл қою еліміз үшін аса маңызды.

         (Мақала дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының арнайы кітапшасынан алынды).

 

Дәстүрлі емес діни қозғалыстар – қоғамда тарихи-мәдени тұрғыда қалыптасқан құндылықтарды, салт-дәстүрлерді танымайтын, оны жоққа шығаратын негізгі діндерден бөлініп шыққан діни ағым. Олардың шығу себебі үлкен саяси-әлеуметтік және мәдениеттің жаңаруына байланысты, әлеуметтік-саяси өзгерістермен, демографиялық қозғалыстармен және де дәстүрлі діндердің ықпалының әлсіреуімен байланыстырылады.

Дәстүрлі емес діндер белсенді миссионерлік қызметімен ерекшеленеді (әсіресе, жастар арасында). Жаңа көзқарастың басшылары бұл заманның «күнәһарлығын» көрсетіп, одан шығу жолдарын білетіндігін айта келіп, адамгершілік жолдары мен даналық ақылдың өкілі ретінде өздерін ұсынады.

Қазіргі дәстүрлі емес діни қозғалыстардың, сенушілік маңызы бойынша діни әдет-ғұрыптары, рәсімдік іс-әрекеттері арқылы айырмашылығы болады. Олар саны жағынан өте көп.

Қазақстандық зерттеуші, психолог Л.Шакимова еліміздегі лаңкестік әрекетке немесе оны ұйымдастыруға қатысқан тұлғалардың өмірдерегін зерттей отырып, олардың қатарында көбіне өмірлік тәжірибесі аз, тұлғалық келбеті қалыптасып үлгермеген жеткіншектер екенін анықтаған. Барлық нәрседе, соның ішінде рухани ізденістерде де жоғары шекке (максимализмге) бейім тұратын, аңсар-мұраты қалыпты тіршіліктен жоғары, ерлік жасауға құштар, өзгерістерге құлшынысы мол, сонымен қатар ересек буынмен салыстырғанда бос уақыттың да қызығын көбірек көретін жастардың қашанда жаңашыл көрінетін жат идеологиялық және құндылықтық бағдарларға оңай елігетіні әмбеге аян жайт. Радикалды идеология құрығына шындап ілінгендердің – 48 пайызы 26-35 жас аралығындағылар болса, – 19 пайызы 25 жасқа толмағандар екен. Олар еліміздің жастарын өз мақсаттарының орындалуына өте тиімді пайдаланып келеді.

Дәстүрлі емес діни ағымдардың басты мақсаты жайлы мынадай ортақ қорытынды шығаруға болады;

Біріншіден, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізу. Кез келген ағымның қазақтың мұңын мұңдап, күйін күйттеу үшін келмегендігі анық. Түрлі ағымдардың жетегіне кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, тыңшылық, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі бек мүмкін.

Екіншіден, дамыған немесе даму үстіндегі тыныш жатқан бір елді тоқырауға жіберудің бір тәсілі түрлі діни ағымдар арқылы қоғам ішінде іріткі тудыру.

Үшіншіден, мемлекеттің болашағы білім мен ғылымға, экономика мен көреген саясатқа байланысты. Ал, діни ағымдар білім мен ғылымға қарсы. Тәп-тәуір оқып жүрген студент діни ағымның жетегіне ерген бойда оқуы нашарлап, тіпті тастап кетіп жатады. Себебі, оған мемлекеттің болашағы қажет емес.

Төртіншіден, болашақ жастардың қолында деп білеміз. Олай болса, діни ағымдар біздің болашағымыз деп үміт артып отырған жастарымызды өз қатарларына тартумен келешекке қауіп төндіреді. Олардың жетегіне кеткен жастар еліміздің зағын құрметтемейді, әскерге бармайды, қолына қару алып отанын қорғамайды, салтымыз бен мәдениетімізге атүсті қарайтын болады.

Бесіншіден, уақыт өте келе дінаралық қақтығыс тударады. Әлем оқиғаларына көз тіккенімізде дінаралық кикілжіңдер мен қақтығыстарға куә болып жатамыз. Мысалы, соңғы уақыттарда кейбір отбасыларда әкесі бір дінді, баласы бір дінді, анасы бір дінді ұстанатын халге келдік. Алла сақтасын, осындай отбасыларда кикілжің туатын болса, әркім өз жақтастарын мәселеге араластырып, арты бітпес жанжалға ұласып кетуі мүмкін.

Алтыншыдан, қоғамды діннен, руханияттан алшақтату арқылы қоғамды дінге қарсы қояды. Діни ағымдар білгендерін жасай берер болса, болашақта қоғамды діннен, руханияттан азарда-безер ететін халге жеткізеді. Қоғам діннен, имандылықтан алшақтаса, рухани азғындық басталады. Рухани азғындау қоғамның, ұлттың іштей ыдырауына, артынан жойылуына алып баратын негізгі фактордың бірі.

Дәстүрлі емес діни ағымдардың құрығына түсіретін негізгі себептер

Дәстүрлі емес діни ағымдар өз қатарларын толықтыру үшін жүйелі жұмыс жүргізеді. Осыған орай олар түрлі жолдарды қолданып, өздеріне ұрымтал сәттерді тиімді пайдалануды көздейді. Бүгінде еліміздің азамат-азаматшалары әртүрлі себептермен жат ағымдардың жетегіне кетіп жатқаны жасырын емес. Осының салдарынан қаншама отбасылардың шаңырақтары шайқалуда. Кейбір отбасыларда отағасы сенімнің сергелдеңіне түссе, енді біреулерінде бесік тербетіп отырған аналарымыз дін үшін деп үй-жайын, бала-шағасын тастап кетуге мәжбүр болып отыр. Енді бір жағынан ұлы мен қыздары ата-аналарын тыңдамай зар илетіп жатқандары да көптеп кездесуде. Міне, осындай жағдайға түсудің бір ғана емес бірнеше себептері бар. Ендеше, дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кетудің негізгі себептерін былай көрсетуге болады:

Сауатсыздық.

Әлеуметтік желілердің ықпалы (видео-ролик)

Дос-жарандары.

Жүрген ортасы (Жұмыс орны)

Күйзеліске түсу

Әлеуметтік жағдайдың нашарлығы

Ата-анасының қарауынсыз қалу (Тәрбиенің жетіспеушілігі).

Ендеше, осы себептерге жеке-жеке тоқталып өтелік:

Сауатсыздық

   Дәстүрлі емес діни ағымдардың санының көбеюі адамдардың дін сауатының жоқтығынан немесе сауатының аздығынан туындайды. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрініс болып отыр.

Жоғарыда келтірген арбаушылар көбінесе қиыншылыққа төзімсіз, өмірлік тәржірибесі аз, білімі таяз жандарды тартуға тырысады. Өйткені, білімсіз адамның өте көнгіш келетінін жақсы біледі.

Арнайы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде білімі жөнінен алғанда радикалды идеология ұстанушыларының; – 36 пайызы – орта, 18 пайызы – жоғары білімді болған (Басқа санаттағылар (аяқталмаған орта, аяқталмаған жоғары білімді) да болуы мүмкін, олар жөнінде мәлімет келтірілмейді). Тұтастай алғанда 84 пайыз лаңкестіктердің мүлде діни білімі болмаған.

Таяу Шығыстағы бір терроршыл топтың мүшесі және 114 адамның өліміне себеп болған қанішер сот отырысында былай деген екен: «мен мектеп жылдарында әке-шешемнің тәрбиесі және ауылымыздағы ортаның әсерімен әдет-ғұрыптарымыз бен дінімізді қатты сыйлайтын, қарапайым бір азамат едім. Үлкен қалаға университетке оқуға келген соң өзгердім. Маған не болса да, бәрі сонда болды». Иә, оқу орындарында дұрыс бағыт алмаған жастар кейінірек қандықол террорист болады деп кім ойлаушы еді. Жастар бүгінгі заманда бұрынғыдан да көп махаббатқа, мейірімге, ықыласқа мұқтаж. Белгілі философ Херберт Спенсер (Herbert Spencer) «Тәлім-тәрбие, білім алу адамды этикалық және рационалдық тұрғыдан байытады, оны жаман дағдылар мен озбырлықтан құтқарады» деген. Мәшһүр психолог Густав Ле Бонның (Gustave Le Bon) пікірінше «білу дегеніміз жаттап алу емес, білу себеп пен салдардың арақатынасын көре білу».

Әлеуметтік желілердің ықпалы (видео-ролик)

Ғаламтор кеңістігіндегі экстремистік идеялар тарататын сайттардың еркін қолжетімділігі де маңызды себептердің бірі. Жалпы, елімізде интернет пайдаланушылардың саны 12 миллионнан асып жығылыпты. Бұл халықтың 70 пайызы деген сөз. Сондай-ақ, осыдан бес-алты жыл бұрын ғаламторда жастар көбіне ресейлік «Мой мир» желісін пайдаланса, кейіннен «Фейзбук», «ВКонтакте», «Инстаграм», «WhatsApp», «Скайп» секілді қосымшаларды пайдалана бастады. Қазір ұялы байланыссыз жүрген жастарды көрсек, таңырқайтын болдық. Әлеуметтік желіде көрген-білгендерін қызықтап, қажетті ақпараттармен бөлісіп, фото орнату, лайк басу, пікір білдіру, селфи жасау үрдісі қалыпты дағдыға айналды. (мәлімет inform.kz сайтынан алынды).

Сенім сергелдеңіне түсіп, түрлі діни ағым, топтардың соңында адасып жүрген жастар мен олардың қылығы бүгінде қоғамның зардап шегуіне, жаншошырлық жағдайға әкелуде. Әлеуметтік желілердегі дүмше догмаларға сеніп, дәстүрін алға тартқан қазақ арасында дау шығарып, бүлік тудырып жүргендерді де көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. «Адамды түсіне қарап таныма, істеген ісіне қарап таны» дегендей, халықты дәстүрінен, дінінен бұра тартып, өздеріне тәуелді етіп жүрген ағымдардың жетекшілері де уағыздарын осы әлеуметтік желілер арқылы жүргізуде. Бүгінгі   таңда қауіпті діни ағымдардың жетегінде жүргендердің көпшілігі осы әлеуметтік желілердегі жазбаларға имандай сеніп, адасып жүргені айқын.

Бұл мәселедегі ең қиыны ғаламторды тиімді пайдалана отырып, жиһадқа шақыратын, биілікке қарсы қоятын т.б. осы мазмұндас топтардың, тайттардың саны күннен-күнге артуы. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде радикалды ағымдардың соңында кеткендердің жас ерекшелігі 15-29 жас аралығындағы отандастарымыз екені анықталды.

Әлеуметтік желілердің ықпалы арқылы террористік ұйымдардың қатарына қосылғандар көрсеткішінің өзі 39 пайызды құраса, ғаламтор арқылы дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегіндегілер көрсеткіші бұдан әлдеқайда көп деген сөз. Мұның басы ғаламторға тәуелділіктен басталады.

«Интернет – тәуелділік» термині алғаш рет 1994-жылы АҚШ-та пайда болды. Тәуелділік белгілері бар тұлғалардың психологиялық ерекшеліктерін былай көрсетуге болады:

Жақындарынан эмоциалды түрде бөлектену, әлеуметтік оқшаулану;

Тұлғаның құндылық қасиеттерінің бейімделу жүйесінің «сынуы»;

Шынайы және виртуалды өмір арасындағы шекарасының болмауы;

Өткір сезім қажеттілігінің пайда болуы, жарқын эмоцияның «шашырауы»;

Тұлғаның психологиялық жетілуінің «тежелуі» қозғалыстың тапшылығына байланысты адамның психикалық процестері тоқтатылады (ес, зейін, қабылдау, сөйлеу, ойлау);

Себепсіз агрессиялау, көңіл-күйінің ауысуына бейім, сыртқы тітіркендіргіштерге жоғары сезімталдық;

Виртуалды серігімен сенімді қарым-қатынас қалыптастыру, оған деген психологиялық және сексуалды тәуелділігінің артуы;

Тұлғаның сын тұрғысынан ойлау қабілетін жою арқылы, оны жылдам өз қатарына тартады.

Бүгінде ғаламторға тәуелді болғандармен күресу үшін кейбір мемлекеттерде арнайы орталықтардың ашылуы бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін айғақтайды. Қытай билігі жастардың интернетке деген тәуелділігінен арылту мақсатында 250 лагерь ашыпты. (inform.kz)

Әлеуметтік желілер – ермектері бірдей адамдардың Интернетте бірігетін қоғамдастық сайттары. Осы сайттарда адамдар жедел түрде мәліметтер алмасады және достар табады. Бірақ, осы сайттар арқылы тек қатынасып қана қоймай, адамдар музыка, видео іздеуі де мүмкін. Әлеуметтік желілерде адамдар өзі жайлы мәлімет тастап қалдыра алады (туған күні, оқыған мектебі, университеті, ермектері және т.б.), басқа қатынасушылар осы мәліметтерді пайдаланып сол адамды таба алады. Әлеуметтік желілер туралы қызықты да күтпеген фактілер және олардың адам өміріндегі орны.

Facebook ([`feis,buk] қаз. Фейзбук) – әлемдегі ең ірі әрі ең танымал әлеуметтік желі. Facebook-те өзің туралы фотосуреттер мен мәліметтері бар профиль жасауға, достар шақыруға, хат алмасуға, өз мәртебеңді (статусыңды) өзгертуге, өзіңнің және бөгде адамдардың «қабырғаларына» хабарлама жазып кетуге, фотосуреттер мен бейнежазбаларды жүктеуге, қауымдастықтар құруға (мүдделер бойынша бірлестік) мүмкіндік береді. 2015-жылдың қараша айына дейінгі көрсеткіш бойынша, SocialBakers атты facebook әлеуметтік желісіне сараптама жасайтын ұйымның хабарлауынша (http://www.socialbakers.com/ facebook-statistics/kazakhstan (ағыл.)) Қазақстан facebook әлеуметтік желісін қолданатын елдердің ішінде 100 орынға көтерілді. Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанда 340 660 адам аталған әлеуметтік желінің қызметін қолданады.

Осы жылдың 6 айында 51 480 қазақстандық facebook әлеуметтік желісіне қосылған. Әлеуметтік желіні Қазақстанда еркектерге (47%) қарағанда әйелдер (53%) көбірек қолданады.

Қазіргі кезде facebook-ке тіркелгенде басқа әлеуметтік желілерден достарыңды шақыру қызметі қосылған. Осы қызмет Facebook-те қазақстандық интернет қолданушылар көбеюіне септесіп отыр. Қазақстанда 18-24 жас аралығындағы азаматтар facebook желісін қолднатындардың ең үлкен тобын құрайды. Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде бірінші орынды алып отыр.

Twitter (ағылш. Twitter – «сайрау», ауыспалы мағынасы «көп сөйлеу») – қысқа мәтіндік жазбалар жазуға арналған веб-сайт арқылы ғана емес, сондай-ақ, СМС жіберу арқылы немесе арнайы сырты клиент-бағдарламалар көмегімен жазба қалдыру мүмкіндігі бар.

ВКонтакте немесе VK (орыс. ВКонтакте, «байланыста» деген мағына береді) – көбінесе орыс тілді ғаламторда (рунет) танымал ресейлік көптілді халықаралық сайт, әлеуметтік желі. 2013-жылғы зерттеулер бойынша «ВКонтакте» сайтына күніне 43 миллион адам кірген. Танымалдылығы жөнінен Белоруссия және Украинада – бірінші орынды, Ресейде – екінші орынды және Қазақстан бойынша төртінші орынды иеленеді.

Азамат Колбаев Серик Камчибекович өзінің ғаламтордың шырмауына қалай түскенін, соның салдарынан түрмеге тоғытылғанын былай жеткізеді:

«Сана бостандығына әркім-ақ ерікті. Бірақ, кейде «ешқандай идеяға тәуелді емеспін, өз ойымды өзім басқарамын, ерік жігерім еркін, тәуелсізбін» – деп айтып тұрсақ та, «5 адамға хат немесе видео тарат» – деген белгісіз біреудің бұйрығын қалай орындап қойғанымызды сезбей қалып жатамыз. Мен де сол интернет арбауына түскен бір азаматпын. 2015-жылдың қаңтар айында «В контакте» әлеуметтік желісінде бір азаматпен танысқан болатынмын. Мен ол азаматпен біраз уақыт хат алмасып жүрдім. Ол маған әртүрлі видеолар мен фотосуреттер жіберіп отырды. Мен бейнероликтерді өз телефонымда сақтап қойдым. Сақтап қана қоймай әлгі бейнероликтерді «В контакте» әлеуметтік желісі арқылы өзімнің таныстарыма жіберіп отырдым. Мен сол бейнероликтерге тыйым салынғанын білмеген едім. Менде ешқандай жаман ойлар болған жоқ. Жастық сезіммен осылай ойнап жүріп от бастым. Қазіргі уақытта мен Шымкент қаласындағы ИЧ 167/3 түзеу мекемесінде жазамды өтеп отырмын».

2016-жылғы 5-маусымда Ақтөбе қаласындағы лаңкестік шабуылға қатысып, өмір бойы бас бостандығынан айырылған 7 азамат та діни білімді нақты бір оқу орнынан алмағанын, тек қана әлеуметтік желілердегі ақпараттардың дұрыстығына 100 пайыз сенгендіктерін жасырмады. Осының салдарынан үлкен өкінішке ұрынып отырғанын жеткізіп, жастарды әлеуметтік желіге жүгінбеуге шақырып отыр.

Дос-жарандары

Социологиялық зерттеулер өздерін дінді ұстанатындардың қатарына жатқызатын жастардың көп бөлігі дінге отбасындағы тәрбие ықпалымен келгендігін көрсетеді. Екіншісі – жастардың дінге өздерінің рухани ізденістері нәтижесінде келуі. Келесі сатыда – респонденттердің дін жолына өз таныстары мен достарының ықпалымен келгендер. Яғни, жастардың дінге келуін оның қоршаған әлеуметтік ортасымен және бас да әртүрлі жағдайларға қатысты бірнеше факторлармен айқындауға болады. Осы деректер және күнделікті өмірдегі қарапайым бақылау жастардың дінге келуі мен ұстануында олардың ішкі ізденістерінен гөрі, сыртқы факторлардың ықпалы басымдау екендігін көрсетеді. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі», – деп ұлағатты сөз айтқан. «Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтамын» деген тамаша тәмсіл де сөзіміздің айғағы.

Жүрген ортасы (Жұмыс орны)

Дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегіне түсіретін себептердің бірі – жүрген ортасы, яғни, қызметтес құрбылары. Бүгінде дәстүрлі емес діни ағымның жетегіндегі азаматтардың арасында қалтасы қалың, материалдық жағдайы жақсы азаматтар үлкен бизнес орнын ашып, оған адамдарды тартады. Жұмысқа өзімен пікірлес, көзқарасы сәйкес келетін азаматтарды іздей бастайды. Өзінің ойындағысын таппаған жағдайда діннен хабарсыз азаматтарды қарамағына жинап, жоспарлы түрде дәріс жүргізіп қатарын толықтыра түседі.

Күйзеліске түсу

Өмір болған соң бірде жылайсың, бірде күлесің, ащы мен тұщыны қатар көресің... Біреуді қызғанасың, біреуді қызғандырасың, біреуге ашуланып, біреуді ашуландырасың...

Бұл өмірдің заңдылығы. Әйтес де адам баласының көпшілігі басына ауыр күн туып, қатты қиналғанда айналасынан мейірім, жылы сөз, жұбататын жандар іздейді. Осы кезде әлгі дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері жабырқау жандардың жанынан табыла кетіп, қайғысын бөлісіп, көңілге демеу береді. Осылайша айырылмас досқа айналып, әлгінің айтқанынан шыға алмайтындай халге душар болғанын өзі де сезбей қалады.

Әлеуметтік жағдайдың нашарлығы

Кейде тұрмыстың тауқыметі, материалдық жағдайдың жетіспеушілігінен айналасынан көмек сұрауға мәжбүр болатынын сәттер өмірде көптеп кездеседі. Тіпті, далада қалып, ішерге су, жейтін тамаққа зар боласың. Осындай кезде бар мұң-мұқтажыңды түгелдей орындаған адамды қалай қарсы алатының айтпаса да түсінікті. Мұндай кездегі жақсылықты адамдар ешқашан ұмытпақ емес. Сондықтан, дәстүрлі емес діни ағым өкілдері қоғамнан осындай жандарды іздейді. Жалпы лаңкестік идеологияға бой ұрғандардың; – 52 пайызының тұрақты жұмыс орны жоқ, – 38 пайызының тұрмыс деңгейі төмен, – 52 пайызы баспанасыздар болған.

Ата-анасының қарауынсыз қалу (Тәрбиенің жетіспеушілігі)

Бүгінде азаматтарымыздың жат ағымның жетегінде етуінің басты себептерінің бірі – ата-ананың қарауынсыз қалу. Яғни, тәрбиенің жетімсіздігі. Жалпы, зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша радикалды идеологияны ұстанушылардың – 18 пайызын толық емес отбасынан шыққандар құрайды екен. Отбасынан алалмаған қажеттіліктерін көшеден іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкініштерге соқтығып жатады. Осының салдарынан қаншама отбасында ата-анасының сөзін керек қылмай, өзім білемдікке салынуда.

Бала – жанұя тәрбиесінің айнасы. Отбасы қоғамның алғашқы ұясы болғандықтан оны нығайту, тәрбиелік мәнін арттыру, сол қоғамның басты назарында болуы керек. Отбасы – ең үлкен, мықты тәрбие ошағы, шағын мемлекет. Отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оны мәдени-әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжірибесін бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу. Барлық өнеге отбасынан тарайды. Көптеген ата-аналар жеткіншек ұрпақтың тәрбиесімен жүйелі айналысудың орнына тиіп-қашып, барлық жүкті мектепке итере салады. Ал мектептен келген баланың күн ұзақ далада жүріп, көше бойының тәрбиесінде, әртүрлі ортада болатынын, жаңа достарының көмегінің нәтижесінде сорақы әдістерін қолымен жасайтыны жасырын емес. Ал бала тәрбиесі мұндай салғырттыққа, сылтау себеп іздестіруге төбейді, оны дұрыс деңгейде жүргізу үшін кәсіптік білгірлігі, ата-аналардың мектеппен ынтымағы. Сондықтан, балаға ата-ана тәрбиесінің орнын ешнәрсе толтыра алмайды. Моральдық жағынан азғындаған отбасында әдетте балаға жеткілікті көңіл бөлінбейді.

Бала ата-ана қамқорлығы мен сүйіспеншілігін сезінбегендіктен ертеңгі күннің қуанышын жоғалта бастайды. Ал, материалдық жағынан толыққанды жеткілікті отбасы – баланың кез келген сұранысын сол мезетте қанағаттандыру арқылы, аламын деген нәрсені сөзге келмей сатып алып беруді бала тәрбиесіндегі міндетін орындаушылық деп түсінеді. Ал ол балалардың еңбек құнын сыйлауды білмейтін, арамтамақ, жалқаулар санын көбейтіп жатқанынан бейхабар болып қалады. Кезінде Әл-Фараби бабамыз «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды» – демеп пе еді.

Дәстүрлі емес діни ағымдардың психологиялық әдіс-тәсілдері

Қулығына құрық бойламайтын жат ағымдар қатарын толықтыруда адам таңдамайтындығымен ерекшеленеді. Олардың қатарынан әртүрлі сала мамандарының өкілдерін кездестіруге болады. Өйткені, діни ағымның өкілдері адам сенімі мен сезімін сергелдеңге түсіріп, сананы басқарудың сан түрлі әдістерін ойластырып қойған. Қандайда бір ағым, идеологияда мына 4 нәрсе болмаса өмір сүре алмайды:

  1. Лидер
  2. Жанашырлық, мейірімділік
  3. Ақылды бұғаттау (Мәңгүрттік)
  4. Ұран
  1. Лидер

Лидер (ағылшынша leader – жетекші) – қоғамға, ұйымға немесе топқа ықпал етуге қабілетті тұлға. Лидер-басшы, жетекші. Бұл ағымдардағы жетекшілер рухани көсем, шейх, тақсыр, пір, ұстаз т.б. неше түрлі аталуы мүмкін. Бастысы кез келген идеология басшысыз жүзеге асуы мүмкін емес. Сондықтан да, барлық діни ағымдардың басында міндетті түрде басқарушы көсемнің болуы заңды. Әйтпегенде ол ағымның ғұмыры келте. Дін көсемі артынан ерген адамдарға таңдаған жолын тәптіштеп түсіндіріп, басқару тетіктерін үйреніп, идеология мен мақсаттарының кең тарауына ықпал етеді. Осылайша адамдарды өздеріне бағышты етіп, айтқанынан бір елі ауытқымайтындай деңгейге жеткізеді.

Сонымен қатар, артынан ерушілердің кездескен кез келген кедергілері мен мәселелерін шешіп отырады.

  1. Жанашырлық, мейірімділік

Діни ағым жақтаушылары адамдарды өздерінің қатарына тартып, ұстанымдарын кеңінен тарату үшін мынадай әдістерге көшеді:

  1. Адамдармен өте көркем түрде сөйлесіп, жылы да жұмсақ сөздермен оның ішкі жан-дүниесіне енуге тырысады. Мұндай жылу, мұндай қарым-қатынас көрмеген адам әлгіні өзіне жақын тұтып, ажырамас дос ретінде есептейді.
  2. Ол сіздің бұрын-соңды көрмеген ең жақын, мейірімді, тілектес адамдай көрінуге тырысады.
  3. Сізді толғандырып жүрген мәселені анықтап алу арқылы, өзін сол мәселеде мүдделі, жанашыр, қызығушылық танытқан болып көрінеді. Осылайша олар ең алдымен өзінің емес, алдына келген адамның мәселесін маңызды етіп көрсетуге тырысып, әңгімені содан бастайды.
  4. Ол сізге түрлі қошеметтер, мақтаулар айтады және сіздің ынта, қуатыңызды, физикалық және интеллектуалдық күшіңізді, ақшаңызды аса байсалдылықпен бағалайды.
  5. Адамдардың мейірімге, жәрдемге, ішкі сырын бөлісе алатын жандарға мұқтаж екенін білгендіктен, осының барлығын көрсетуге тырысады. Бұл адамдардың оңай құрыққа түсуіне бірден-бір себептердің бірі. Адамға қажетті негіздерді, яғни, сінемге деген мұқтаждық, материалдық қажеттілікті шешу кез келген адамның басты мәселесі болғандықтан мұны қанағаттандыру өте тиімді тәсіл екенін жақсы біледі.
  1. Ақылды бұғаттау (Мәңгүрттік)

     Бүгінгі күнгі адамзат баласының ғылымы мен техниканың, мәдениеттің жедел дамуының қайнар бұлағы ақыл-ойдың жемісі екені талассыз. Ақыл-ойсыз дүниеге адамгершілікті көзқарас білдіру, саналы тәртіп пен орынды мінез-құлық қалыптастыру, табиғат және қоғам құбылыстарына талғампаздық, дене күш-қуатын арттыру жолдарын білу, қоғам өмірінің құқықтық негіздерін игеру мәселелерін шешу мүмкін емес. Сондықтан да ақыл-ой – адам зиялылығының негізі.

     Қазақ зиялыларының арасында ақылдың рөлі жайлы айтылған қанатты сөздері жетерлік. Аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин «қашанда бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, одан соң қолыңызды жұмылдырыңыз, егер де ақылыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп, жөнін тауып мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға ерік беріңіз» деп барлық нәрсенің басы ақылды дұрыс қолданудан басталатынын көрсетсе, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің нігізін салушы Абай Құнанбаев ақылдың рөлін былай баяндап береді:

Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз.

Ақсақал айтты, бай айтты,

Кім болса, мейлі, сол айтты –

Ақылменен жеңсеңіз,

Надандарға бой берме,

Шын сөзбенен өлсеңіз.

Аят, хадис емес қой,

Күпір болдың демес қой,

Қанша қарсы келсеңіз. Ал заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ақыл – адамды басқа тіршілік иелеріннен ерекшелейтін аса маңызды қасиет. Адамның ең ұлы көркі – оның ақылы деп санаймын» десе, даңқты батыр Бауыржан Момышұлы «Ақыл да ойлағанды ұнатады. Ойланып-толғанған адамға ғана ақыл дұрыс жол көрсетеді», – деп тамаша ой түйген. Міне, адам баласының адамдығын көрсететін баға пішілмес құралын дәстүрлі емес діни ағымдар бұғаттауға тырысып, өз мақсаттарына пайдаланудың неше түрлі әдістерін ойлап табады. Осылайша ақылдың күшіне жүгінуден айырылған адам сезімге бой алдырады. Ал сезімге жүгініп өмір сүрудің адам баласына опат әкелетіні анық. Бүгінде әлемде орын алып жатқан түрлі қантөгіс, қырғындар, өзін-өзі жару, суицидке барудың барлығы сезімге берілу. Яғни, ақылға емес сезімге жүгінудің салдары.

2016-жылғы 5-маусымда Ақтөбе қаласындағы лаңкестік шабуылға қатысып, өмір бойы бас бостандығынан айырылған 7 азаматтың бірі Алибек Ақпанбетов өзінің басты қателігі мен өкінішін былай баяндап берді: «Бұл мен үшін өмірімдегі ең үлкен қателік болды. Оның қалай болғанын өзім де білмеймін. Сөздің шыны, Алла куә ғой. Эмоцияға беріліп кеттік пе, немесе суымызға бір нәрсе қосты ма? Мен сол терак кездегі кейбір нәрселерді білмеймін. Есімде жоқ. Біздікі білімсіздік болды. Біреудің айтқанымен жүріп, «анау болмайды-мынау болмайды» десе соның айтқанынан шықпадық.

Бұл дұрыс емес екен. Мойындаймын таза эмоциямен жүрдік. «Халал» десе «халал» деп, «харам» десе «харам» деп жүре бердік. Алла өзі кешірсін! Бауырларға айтарым мешітке барып имамдардан білім алсын!...

Бүгінде маған көмегін беріп, артымнан іздеп келіп отырған ата-анам ғана, менің басыма іс түскенде жәрдем беріп жүрген бірде-бір бауыр жоқ. «Ахи» деп.

  1. Олар түрлі буын өкілдеріне яғни, бала, жастар, ересектер, орта буын өкілдері, қариялардың да қажеттіліктерін, олардың психикасын терең білгендіктен, олардың әрқайсысыларына түрлі іс-шаралар ойлап тауып, өздерінен алшақтауға мүмкіндік бермейді. Осылайша жастар үшін әдемі музыка, көңіл көтеретін неше түрлі ойындар, қариялар үшін де өздеріне сай іс-шаралар ұйымдастырып көңілдерін көтеруге тырысып бағады. Мұндағы негізгі мақсат біреу, адамды өздеріне тәуелді ету.
  2. Адамның сенімі мен ойы не нәрсеге де болсаа анализ жасамай толықтай «соқыр» сеніммен берілетін болса, ол өзі бағытталған объектіні қалай да еңсереді. Бұл жолда ол «бұйрықты орындаушы» ретінде ешнәрседен тайынбайды. Өзіндік «менінен» айырылып, мәңгүртке айналады. Оларды бұл бағытта кісі ақылы мен миын оның сенім және сезім әлеуетін «мақсатты пайдалану және тиімді жұмсай білудің» қас шебері деуге болады. Адамдарды мәңгүртке айналдырып, айтқанына көндіріп, айдағынан жүргізудің тәсілдері әр ғасырда өзгеріп отырды.
  1. Арбаушылар өздерінің ішкі тәртіптері мен құрал-қағидалары арқылы әрі оны жүйелі

түрде орындатқызуға шақырып, ақыл ойын мықтап байлап тастайды. Бұл әдетке айналғаннан кейін кісі қол-аяғына кісен салынғандай, өз еркінен айрылғандай көнбіс күйге түсіп, ол ахуалды бірте-біртепсихологиялық та физиологиялық та заңдылық деп мойындайды. Бұған мысал ретінде тұсаумен жүрген жануарды беруге болады. Тұсаулы жануардың тұсауын шешкеннен кейін де ол тұсаулы сияқты сезініп, біраз уақытқа дейін қос аяқпен дұрыс жүре алмай әбігерге түседі.

  1. Жақтаушыны гипноздық трансқа түсіру үшін НЛП (нейролингвистикалық программалау) әдісін пайдалану, сын тұрғысынан ойлау қабілетін жою, әрі қарай жақтаушыны нақты іс-әрекеттер жасауына түрткі болу.
  2. Адамның ішіндегі қорқыныш сезімін бұрыс жаққа бұрып, қорқыныш сезімін өзінің мақсаттары жолында өте тиімді пайдаланып, осы арқылы көп нәрселерден тыйып, сенімді әрі ешқандай үрей мен қорқыныштан ада болып өмір сүрудің жолы өздерінде екенін жан-жақты түсіндіріп, миына құйып тастайды.
  3. Арбаушылар адамның ақыл күшін барынша тұмшалап, тек қана оның анайы сезіммен жүруіне күш салады. Тек қана алдамшы сезімге беріліп өмір сүру адам баласы үшін үлкен опат болары анық.
  1. Ұран

Жалпы кез келген идеологияда нақты мақсат пен алға қарай үнемі жігерлендіріп тұратын тетіктер болары анық. Мұнсыз идеологияның ғұмыры келте. Сондықтан, адам бойындағы сезім күшін тиімді пайдалануға көшеді. Ол үшін мынадай әдістерді қолданады:

  1. Ең бастысы адамның болмысындағы бір құдіретке сену деген ерекшелігін пайдалана отырып, Құдайға деген сенімнің адамға берер пайдаларын бір қарағанда адамға біліне бермейтін өте шебер бұрмаланған алдамшы ұғымдарын өте оңай тәсілдермен түсіндіріп адамның сеніміне кіруге әрекет жасайды.
  2. Жақтаушыға «біз сенің жаңа отбасың боламыз» деп, жақын туысқандарынан, ата-анасынан толық бездіреді де, сол топтағы беделдісіне ұқсауға тырысады.
  3. Біз ғана «жұмаққа барамыз», «бақытқа қол жеткіземіз», «ешқандай есеп-қисапсыз жұмаққа кіресің», «шаһид боласың», «қасиетті соғыс» деген діни терминдерді бұрмалап түсіндіру арқылы «ақиқатты» жасырады.
  4. «Болашақ біздің қолда» деген ұрандар арқылы өз топтарын құрып, біртіндеп жамағатқа айнаады. Бағыты мен ұстанымы бір қыздар мен жігіттерді ғана өзара түсіністікке шақырып, некелесуге итермелейді. Осылайша бір-бірлеріне қолдау көрсеткен болады. Өз қатарына тартушылар үшін әйелдер жақсы құрал болып табылады, себебі әйел адамның психикасы өте сезімтал, көңіл-күйі жиі ауысып тұрады. ДАИШ қатарындағы содырлардың сезімдерін қанағаттандыру үшін қаншама қыздардың «жыныстық жиһад» деп ұрандатып кетуі сөзіміздің айғағы.
  5. Адам баласының ұлтына, отанына деген сүйіспеншілігін тиімді пайдалануға тырысады. «Сен ұлтыңа қызмет етуің керек», «Мұның барлығы ұлтың үшін», «отаныңа қызмет ет!» деген сөздерді шебер қолданады. Осылайша арбалаушы жандар мұның астарындағы негізгі мақсатты ұғына алмай алға қарай жүгіре береді.

Қорыта келе мұның барлығы адамның психо-физиологиялық болмысын жаулап алудың жолдары. Егер мұны орындаған адам, сол ортада сол бағыттағылармен жалған ұғым түсінік деңгейінде болса да еркінен тыс қосақталған болса, көп жағдайда олардың құлақкесті құлдарына айналады. Тіпті, еліктіру-желіктіру әдістері шалық, экстаз, тарнс әлеуеті шегіне жеткенде кісілік қарым-қабілетін жоғалта қатты әсерленеді де қатты берілгендері естүсінен айырылып құлап жатады. Бұл олардың зомбиға айналған түрі. Яғни, ақылдың қызметін гипноз, бейтараптау амалдары ауыстырғанда оның өзіндік «мені» істен шығады. Адам шын мен жалғанның арасында ақиқатты түйсіну, түсінуден шеттеп қалады. Бұл арада міндетті түрде діни орта, немесе діни ұғым-түсініктер талаптары мен шарттары араласуы қажет етілмейді. Дін бұл арада тек қана масканың қызметін («бүркеншік») атқарады.

Діндегі ұғымдардың бұрмаланып, саяси мақсаттарға пайдаланылуы ең қауіпті құбылыс. Дінді саяси мақсаттарға пайдаланылудың геосаяси, стратегиялық қырлары мен дін қағидаттарын қарулы күрес идеясына бұрмалап жегу, идеалды мемлекет орнату жөніндегі жалған әрі жасанды түсініктерді орнықтыру сияқты себептері бар екенін естен шығармағанымыз жөн.

Осының барлығы радикалдану құбылысының әлеуметтік-тұлғалық алғышарттары қаншалықты пәрменді екендігін көрсетеді. Сондықтан, дін қағидаларының дұрыс түсінілуі, шетін көзқарастарға жол берілмеуі үшін діни сауаттылықты жетілдіру қаншалықты маңызды болса, радикалдануға икемді сананы оң сапаға бейімдеу үшін қоғам мүшелерінің әлеуметтік-психологиялық мәселелерін шешуге қолдау көрсету де соншалықты маңызды.

ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Дүйсенбі, 25 Маусым 2018 00:00

Бәрекелді

IMG 2940

 

   Жуырда бұрынғы Дін істері және азаматтық қоғам министрі     Н.Ермекбаев журналистерге берген сұқбатында елімізде жекеменшік мектептердің ашылуына қолданыстағы заңнамалар бойынша қандай да бір кедергі жоқ деп санайтынын мәлімдеген болатын.

 

 

         Осыдан кейін кейбір БАҚ құралдары мен жекелеген азаматтар әлеуметтік желілерде осы ақпаратты дұрыс түсінбестен, жекеменшік мектептер діни негізде оқыта алады деген пікір тарата бастаған-ды.

Бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат екеніне назар аударғым келеді.

Біріншіден, бұрынғы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев осы сөзі арқылы хиджаб киетін ата-аналардың мемлекет тарапынан білім алуға қатысты қосымша баламалы нұсқа ұсынуын талап етіп жатқандығын ескере отырып, жекеменшік мектептерді ашудың мүмкіндіктерін қарауға болатыны туралы пікірін білдірді.

Екіншіден, қолданыстағы заңнамаларда жекеменшік мектептердің ашылуына кедергі жоқ дегенімен, ондай мектептерде тек қана діндар қыздар ғана оқиды деп айтпады. Себебі, заңнамаларға сәйкес кез-келген оқушы қыз тұрғылықты жері бойынша орналасқан білім орындарында оқуға құқылы. Оларды орамал тағатындар және орамал тақпайтындар деп бөлуге болмайды.

Үшіншіден, жекеменшік мектептерде қыздар орамалмен сабаққа келе алады деген жоқ. Керісінше, мұндай мектептерде де «Білім туралы» Заңға сәйкес Білім және ғылым министрінің 2016-жылғы 14-қаңтардағы №26 бекітілген бұйрығының талаптары орта және жалпы орта білім беру, мамандандырылған жалпы білім беру және арнайы оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын кез-келген оқу орындарына бірдей қатысты.

Тағы бір балама ретінде қашықтан білім беру тәсілін зерттеуге болатынын білдірді.

Мұқият қараған адам министрдің осы екі тәсілді тағы да зерттеу керек екендігіне назар аударғанын, яғни, міндетті түрде шешіледі деп айтпағанын аңғарар еді.

Сондықтан, кейбір діндар азаматтардың экс-министр Нұрлан Байұзақұлының осы сөздерінен кейін өздерінің қойған талаптарын орындатқандай етіп көрсетулері түсініксіздік тудырады.

Осыған орай, жекеменшік мектептер ашылған күннің өзінде олардың білім беру бағдарламалары Білім және ғылым министрлігі бекіткен талаптарға сай болуы керек. Сондай-ақ, сабақ беретін ұстаздарға қойылатын талаптар да оқытушылардың біліктілігіне қарай реттелуі керек. Және де ондай мектептерде де қыз балалардың сабаққа орамал тағып келуіне жол берілмейді.

Ешқандай діни компоненттер оқытылмайды және тек қана діндарлардан құралмайды. Сондай-ақ, министрлік жекеменшік мектептер ашылған жағдайда, ондай білім беру мекемесінде оқимын деген қыз балаларға шектеу қойылуы мүмкін деп санайды. Мысалы, тек 9-шы сыныпты бітірген соң ғана қабылдануы мүмкін. Оған дейін мемлекеттік білім беру мекемелерінде оқуы тиіс.

Сонымен қатар, жекеменшік мектептерді салу азаматтардың немесе жекелеген кәсіпкерлердің өздерінің қаржысынан алынуы орынды болады.

Осыған қосымша, тағы бір мәселеге назар аударғым келіп отыр. Егер, қыз балалар 1-ші сыныптан бастап бөлек оқыса, олар, қоғамнан оқшауланып, жатырқап қалуы мүмкін. Нәтижесінде, келешекте қоғамның толыққанды мүшесі болып қалыптасуына кері әсері тиеді. Сонымен қатар, қыз балалар мен ер балалар бөлек оқуы мүмкін болғанымен, бұл міндетті түрде 1-ші сыныптан бастап бөлек оқуға болады дегенді білдірмейді. Мысалы, оларға тек 9-шы сыныптан кейін ғана бөлек мектепте оқуларына рұқсат берілуі мүмкін. Мемлекет ондай талаптарды қоя алады.

Халықаралық тәжірибелерді алып қарасақ, көптеген дамыған елдерде жекеменшік мектептер және қашықтан оқыту тәжірибесі бар. Европа елдерінде жекеменшік мектептер болғанымен ол жерлерде әртүрлі дін өкілдерінің балалары білім алып жатады.

Жалпы, мектептерде орамал немесе хиджаб кию сыртқы көріністер болуымен қатар, діни талаптарды үстем етуге ұмтылыстың көрінісі болып табылады. Ал, Конституцияда біздің еліміз зайырлы мемлекет болып табылатындығы атап көрсетілген. Зайырлы мемлекетте заң діни талаптардан жоғары тұрады. Сондықтан, әлеуметтік қарым-қатынастар, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттары діни нормалармен емес, зайырлы мемлекеттің заңнамасымен реттеледі.

Ал, орамалын шешпеймін деген қыз балалар баламалы нұсқа ретінде медреселерде оқуын жалғастыруларына ешқандай кедергі жоқ. Оның өзінде, олар 9-шы сыныпты бітірген соң ғана барулары керек. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабында да діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады деп көрсетілген.

Балғабек МЫРЗАЕВ,
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Дін істері комитеті төрағасының орынбасары.

 

Елімізде дүниеге келген әрбір нәрестеге міндетті түрде әр түрлі қатерлі ауруларға қарсы екпе егіледі. Екпе бала 16 жасқа жеткенге дейін жалғасып, осы аралықта 14 түрлі қауіпті аурулардың алдын алатын вакцинация салынады.

222

ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІНІҢ СӨКЕТТІГІ ЖОҚ

Дүйсенбі, 25 Маусым 2018 00:00


Жиырма бірінші ғасырдың ең басты проблемаларының біріне айналған дәстүрлі емес діни ағымдар, біздің еліміздің де діни тұрақтылығына өзінің кері әсерін тигізіп отыр. Бүгінгі таңда марқұмдардың атынан ас беру бидғат, сәлем салу ширк, фитнә деп дәстүрімізді жоққа шығаратын, алыпқашпа сөздер құлағымызға шалынып жатады. Осы орайда мұндай өрескел бөлінушілік пен дәстүрді жоққа шығарушылық қазаққа қайдан келді деген сұрақ туындайды.

Бидғат, ширк, қала берсе фитнә деген сөздерді көбінесе өздерін сәләфи деп атап жүрген азаматтардан жиі есітеміз. Осы сәләфилік жолды жақтаушылар өз идеологияларын дәріптеу арқылы ғасырлар бойы дінмен біте қайнасқан қазақи дүниетанымның тамырына балта шабуда. Бұл идеология жақтаушыларының басым көпшілігін жастар құрайды. Олардың діни білімі, тіпті қазақи салт-дәстүр жайлы түсінігі таяз екендігіне көзіміз жетіп жүр.

Мысалы, дәстүріміздегі марқұмдарға Құран бағыштау дұрыс емес деген теріс түсінікке тоқталайық.Кітаптары мен ой-пікір, пәтуалары арасында көбінесе басшылыққа алынып жүрген Ибн Тәймия деген ғалымның өзі де Құран бағыштау шариғатқа қарсы келмейтін амалдардан екенін «Жасалған жақсылық пен оқылған Құранның сауабы өліге тиеді» (islam.kz), – деген сөзімен жеткізеді.

Шындығына келгенде, Құран оқу сауабы мол абзал болған ғибадаттардың қатарына жатады. Құран оқу адамға дүниеден өткеннен кейін болсын, осы өмірде болсын, жаназадан алдын немесе кейін, қабірдің басында болсын, пайдалы және шариғат қағидаттарына қарсы келмейді. Бұл жайлы Алланың Елшісі (с.а.с.) хабар беріп, аруақтарды еске алып, Құран бағыштауға үндеген. Мына бір хадисте: «Өлілеріңе Ясин сүресін оқыңдар» (Имам Тирмизидің хадистер жинағы), – деп келеді. Ата-бабаларымыз осындай дәйекті дәлелдерге сүйене отырып, Пайғамбар өсиетін дәстүрге сіңіре білген. Құран оқудың өзі бір құлшылық, ораза секілді жеке дара ғибадат. Ал, бабаларымыз дәстүр арқылы діни амалдарды сақтап, сол ғибадаттан келетін сауапты өзімізге емес, марқұмдардың амал дәптеріне жазылуын Алладан тілеп, өзімізге тиесіліні басқаға беру арқылы сауап жинауға үйретіп келген. Құран бағыштау дәстүрі тірі күнімізде барынша жақсылық жасап, Жаратушымыздан жарылқау тілеуді еске салатын, өмірімізге қажетті тәрбиелік маңызы бар үлкен амал.

Бұл дәстүріміздің екінші пайдалы тұсы ешкімді бөліп-жармай, Алладан мұсылман бауырына жәрдем тілеп, адамды бауырмашылдыққа, мұсылманның бір-біріне мейірімді болумен бір қатарда бірлікте өмір сүруге тәрбиелейді. Сондай-ақ, жағдайы төмендерге садақа таратып, арнайы уақыт ажыратып ас беріп, Құран оқытып, діни сауатты тұлғаны төрге шығарып, уағыз айтқызуы, сол адамның Ислам дінінің бұйрықтарын орындағысы келетінін білдіреді. Осынау сауапты амалдарды орындап, бабалары ұстанған дінді дамытқысы келген адамға бұл іс-әрекетті бидғат дегеннен гөрі қаншама жылдар діннен ұзақ қалған халқымызға қайта түсіндіруде осы дәстүрімізді ұтымды пайдаланумыз қажет. Құран оқуға барғанда қазақ дәстүрінің қоғамға пайдасын және әрбір мұсылманға жүктелген міндетті түсіндіріп жүрсек, мұның қай жері дінге енгізген жаңалық болады?! Сол себепті мұндай амалдан асқан сауап жоқ дегіміз келеді!

Ділмұрат ОРАЗБАЕВ.

            Снимок

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында қойылып отырған міндеттерді жүзеге асыру бірінші кезекте мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты.

Өздеріңізге белгілі, бүгінгі жағдайда бүкіл әлемде адамзаттың бейбіт өмір сүруіне және дамуына қандай да қауіп-қатерлер болса, солардың басында діни экстремизм мен терроризм тұр.

Сондықтан да елімізде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың негізгі бөлігінің бірі болып саналады.

Бүгінгі жағдайда Оңтүстік Қазақстан облысындағы діни ахуалды қалыпты және тұрақты жағдайда деп сипаттауға болады.

Облыс аумағында 11 конфессияға енетін 60 исламдық емес бағыттағы жергілікті діни бірлестіктер мен олардың 3 филиалдары және исламдық бағыттағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары – 823 мешіттер қызмет етуде. Исламдық емес бағыттағы 60 діни бірлестіктер қатарында православтық – 18, католиктік – 1, иудейлік – 1, бахаилық – 1, протестанттық – 39 діни бірлестіктер бар.

Аталған діни бірлестіктер мен филиалдар еліміздегі заңдылықтар аясында қызмет жасауда, олардың арасында өзара ынтымақтастық орныққан, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлесін қосуда.

         Алайда, облыс тұрғындарына, әсіресе, жастарымызға түрлі бағыттағы теріс пиғылды діни ағымдардың зиянды ықпалы тимей отырған жоқ.

        Теріс пиғылды діни ағымдардың және оларды жақтаушы адамдардың халық арасында адасушылық тудырып, елімізде қалыптасқан ынтымақ пен бірлікке, ауызбіршілікке нұқсан келтіруге бағытталған іс-әрекеттеріне қарсы жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

        Осы тұрғыда мемлекет деңгейінде заңдылықтарды жетілдіру және күшейту қолға алынуда, ал жергілікті жерлерде нақты атқарылар жұмыстардың нәтижелілігі арттырылуда. Дін саласы бойынша жұмыстар тиісті деңгейде үйлестіріліп, жүзеге асырылуда.

         2018-жылға діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 194 054,0 мың теңге қаржы бөлінді.

        Бірінші кезекте теріс пиғылды діни ағымдардың ықпалынан халықты, ең алдымен өскелең ұрпақ-жастарымызды қорғау міндеті тұр.

         Осы мақсатта облыс көлемінде дін саласы бойыншахалық арасында, яғни елді мекендер тұрғындары, мекемелер қызметкерлері, оқу орындары жастары мен мектептер оқушылары арасында кең көлемді ақпараттық - түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

        Ол үшін облыс көлемінде 1 облыстық және 15 қала, аудандық ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған.

        Бүгінгі жағдайда облыстық топ құрамында 34, қалалық, аудандық топтар құрамында 224, жалпы барлық деңгейдегі ақпараттық – түсіндіру топтарында 258 адам жұмыс жасауда.

        Жыл басынан олардың тарапынан 1325 кездесулер өткізіліп, 138006 адам қамтылды.

        Еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде мешіттердің, оларды басқарушы дін мамандарының рөлі күшейтілуде.

        Өкінішке орай, облыстағы 823 мешіттерді басқарушы имамдардың сапалық деңгейі төмен күйде қалуда. Олардың барлығы дерлік теріс пиғылды діни ағымдар насихатына толыққанды тойтарыс бере алатын деңгейде деп айта алмаймыз, себебі білімі мен біліктіліктері жеткіліксіз. Сондықтан мешіттерді білімді мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетілуде.

        Осы мақсатта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қолдау ретінде 2016 жылдан бастап Сарыағаш және Шымкент медресе-колледждеріне облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік тапсырыс гранттарымен қамтамасыз етілуде.

        Нәтижесінде бүгінгі күні 350 жастар мемлекет қаржысына «Исламтану» мамандығы бойынша осы екі оқу орнында білім алуда.

        Алдағы уақытта осы білім алушылар есебінен облыс мешіттеріндегі білімді мамандар қатары толықтырылатын болады.

        Бұл бағыттағы қолдау алдағы уақытта да жалғасын табады.

        Сонымен қатар, облыста дін саласы мамандары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде зайырлылық бағыттағы «дінтанушы» және «теолог» мамандықтары бойынша (144 студент пен 8 магистрант) және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде мектептер үшін «Тарихшы – дінтанушы» мамандығы бойынша (56 студент) дайындалуда.

        Облысқа қажетті дін саласы мамандарын тарту мақсатында «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің мүмкіндіктерін пайдалану жолдары қарастырылуда.

        Облыста дін саласына қатысты жұмыс жүргізетін мемлекеттік құрылымдардың штаттық бірліктерін арттыру, жаңадан құрылымдар ашу мәселесі қолға алынды. Осы мақсатта облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне 2018-жыл басынан қосымша теолог-мамандардың 15 штаттық бірлігі беріліп, жалпы қызметкерлер саны 43-ке жеткізілді.

        Сонымен қатар діни ахуал неғұрлым өзекті болып саналатын Түркістан қаласы мен Мақтарал, Сайрам, Сарыағаш аудандары әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдері жанынан конфессияаралық және ұлтаралық мәселелермен айналысатын секторлар құрылып, әрқайсысы 3 адамнан 12 штаттық бірлікпен қамтамасыз етілді.

        Жалпы халықтың дін саласы бойынша сауаттылығын арттыруда, діни экстремизм мен терроризмге, теріс пиғылды діни ағымдардың үгіт-насихатына қарсы иммунитетін қалыптастыруда ел ішінде жүргізіліп жатқан кең көлемді ақпараттық насихаттық және түсіндіру жұмыстарының қатарында бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше.

  Дін саласына қатысты мәселелердің өзектілігіне, осы бағыттағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңыздылығына байланысты облыс және қала, аудандар деңгейінде бұқаралық ақпарат құралдарымен дін саласы бойынша жұмыс мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеудің арнайы медиа-жоспарларына сәйкес жүргізілуде. Ол медиа-жоспарлар Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті тарапынан берілген үлгі-нұсқауға негізделіп жасалынған.

        Облыстық, қалалық, аудандық телеарналарда дін саласына арналған арнайы 11 телебағдарламалар жұмыстарын жалғастыруда. Осы бағытта жыл басынан бері облыстағы 10 телеарналарда 176 көрсетілімдер жарыққа шықты, «Қазақстан-Шымкент» радиосында 16 және «FM 89,6 Сарыағаш» радиосында 16 хабарлар шығарылды.

        Сонымен қатар, облыстық және жергілікті медиа-жоспарларға сәйкес баспасөз беттерінде жыл басынан бері 327 материалдар жарық көрді.

        Діни экстремизм, терроризм көріністерін тарататын діни сайттарға қарсы тұру мақсатында «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің www.centrе-uko.kz интернет сайтына діни ахуалды тұрақтандыру бағытында жыл басынан 180 – іс-шара, 35-дін және заң, 35-дін және қоғам, 35-зайырлы мемлекет бағыттарында мақалалар, 20 кітап, 25 бейнероликтер енгізілді.

        Жалпы алғанда дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесіне мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл қоғам атсалысуда және үлкен үлес қосуда.

       

                                              Самат САПАРБАЕВ,

Оңтүстік Қазақстан облысы дін

істері басқармасының басшысы.