ӨЗГЕ ТІЛДІҢ БӘРІН БІЛ, өз тіліңді құрметТЕ

Дүйсенбі, 14 Тамыз 2017 09:29 Жарияланды Мәдениет Оқылды 4246 рет

Қазығұрт ауданында 20 мектеп-тің оқушысы АҚШ-тың «Аccess» бағдарламасының түлегіне айналды. Шетел тілін оқытып, үйрету мақсаты – оқушылардың қарым – қатынас жасай алуға түсе алатын қабілеттерінің негізін қалау болып табылады.


Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Әрбір қазақстандық үш тілді жетік меңгеруі керек. 2020 жылға дейін ағылшын тілін білетін тұрғындар саны біршама көбеюі керек» – деп айтқан еді. Мектеп табалдырығынан бастап жоғарғы оқу орындарында ағылшын тілін үйрету айрықша мәртебеге ие.
Қазығұрт ауданында АҚШ-тың Астана қаласындағы елшілігінің қолдауымен «Access» микрос-типендиялық бағдарламасы 2015 жылы өз жұмысын бастаған. Бағдарламаның негізгі мақсаты: 13-17 жас аралығындағы дарынды, әлеуметтік жағдайы төмен жасөспірімдерге мектептен кейін және интенсивті түрде ағылшын тілін оқытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ, Американың салт-дәстүрі мен тарихы, мәдениетімен таныстыру, терең, жан-жақты білім беру. Бағдарламаның пайда болуынан бері 85 елден шамамен 110 000 шәкірт «Access» бағдарламасына қатысып отыр.
Екі жыл бойы Қазығұрт ауылының оқушылары осындай мүмкіндік аясында өздеріне XXI ғасырда қажетті жан-жақты білік-дағдыларды меңгерді. Атап айтар болсақ: «Береке» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен 20 тренерді дайындап шығардық. Бағдарлама барысында қатысушылар өздерінің еріктілік қабілеттерін шыңдады, ауданымыздағы орын алған әртүрлі әлеуметтік мәселерді шешуде өз ой-пікірлерін білдіріп, қолдан келген моральдық, материалдық көмектерін аямады. Мақтанып айтарлық жайт, оқушыларымыз бағдарлама соңында «Pre-Intermediate» деңгейінде шет тілін меңгергендіктерін көрсетті, оған дәлел осы жылы 21-наурыз күні ауданымызға 8 шетелдік туристер келді. Оқушыларымыз оларға өзіміздің ұлттық ойындарымызды ойнатып, ережелерімен таныстырып, ұлттық тағамдарымыз «Наурыз көже», бауырсақтан дәм ұсынып, Әз-Наурыз мерекесін бірге тойлады. Сонымен қатар, түрлі семинар, тренинг, конференцияларда өз шеберліктерін шыңдай түсті. Сондай-ақ, «Kazygurt has got Talent show» іс-шарасын ұйымдастырды, оған ауданымыздағы 60 мектептен 100-ге тарта оқушы қатысып, өз бақтарын сынады. Аталған іс-шара ағылшын тілінде өтті. Қазақстандағы Ағылшын театрының өкілі Жессика Арон келіп, өнерпаздардың өнерін тамашалап, үздіктерге арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлақтар табыс-тады. Екі жылдық «English Access» микростипендиялық бағдарламасы аясында орын алған жобалар білім беру мен тәрбие жұмысының біртұтастығын көрсетеді. Дана халқымыз «Мұратына жүрген жетеді» дейді. Басты мақсат-білім мен тәрбиенің бірізділігі негізінде өз еліне адал, отансүйгіш азамат қалыптастыру.
Осы орайда ағылшын тілін үйретудегі жаңашылдығы, қажырлы еңбегі мен атқарылып жатқан іс-шаралар барысындағы төзімділігі үшін Исманов Сардор Бақтиярұлына алғысымыз шексіз. Сардор ағайдың студенттерге ағылшын тілін кәсіби деңгейде үйретудегі заманауи, озық үлгісін пайдалануды дәріптеуде тигізген үлесі зор. Ол әр студентке тек шет тілін жетік меңгертіп қана қоймай, жан-жақты болуға тәрбиеледі. Ол кісінің бізге үйреткен тәлімі ұшан-теңіз. Әрбір сабағы өте қызықты болғандықтан, уақыттың қалай тез өтіп кеткенін де аңғармай қалып жатамыз. Әр студентке ерекше көңіл бөліп, білмеген жеріңді үйретуден еш жалыққан емес. Сондықтан болар, топтағы әр студенттің ол кісіге деген ықыласы ерекше. Өзінің бойындағы ынта-жігері, сауаттылығы, білімділігінің арқасында беделді. Бізге әрдайым: «Тіл үйреніңдер, бір жерде қалып қоймаңдар, жан-жақты болыңдар» — деп айтып отырады.
«Access» микростипендиялық бағдарламасы 2017жылы 29-шілде де алғашқы қарлығаштарын қияға қанат қақтырды. АҚШ-тың Астана қаласындағы елшілігінің өкілі Сандра Ли мен Ағылшын тілін аймақтық дамыту орталығынан Бекимова Әсем келіп, түлектерімізге жылы лебіздерін білдірді. Сертификаттарын табыстады және де түлектеріміздің «Access» бағдарламасының түлегі ретінде әлемдік базада болатындығын, одан әрі қарай шет мемлекеттерге шығып, мол тәжірибе жинақтауға, түрлі жобалармен оқуларға қатысуға, грант иегерлері атануларына деген мүмкіндіктері зор екендігін айтты. Екі жылдың әр күні-жаңа бір істің бастамасы болды, талапкерлер әр күні жаңа тақырыптармен танысып, жаңа ақпараттар алды, жаңа тұлғалармен кездесіп, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, бағдарлама аясында қатысушыларымызға екі рет Шымкент қаласының сыртында тегін лагерь ұйымдастырылып, таза ауада тынығып, басқа «Access» қатысушыларымен жақын танысып, өздеріне қосымша дағдыларды да меңгеруге мүмкіндік алды. Жабылу салтанатында Ұшан Арайлым мен Амангелді Аружанның «Арманға бір қадам» атты кітаптың тұсауын «2016 жылдың үздік жазушысы» аталымының иегері Құралбек Ергөбек кесіп, жастарға жарқын болашақ тіледі. Бұл кітапта оқушыларымыздың екі жылдық өмірі, меңгерген дағдылары, бағдарлама барысында орын алған қиыншылықтар мен қызықты сәттері толық баяндалған.
Жабылу салтанатында оқушылардың көңіл-күйлері көтеріңкі болғанымен, үлпілдеген жүректеріне үкілі жоспар, сан қилы арман түйген біздің елдің болашақ жұлдыздарын көрдік. Асқақ армандарын арқалаған түлектер бір-біріне сәттілік тілеп, ұстаздарына алғыс айтты.
Туған тіліңді жетік меңгер, қастерлей біл. Бірақ бір тілмен ғана шектеліп қоймай, жан-жақты бол, тіл үйрен. Бұл сенің болашағыңның ғана емес, тұтастай ұлтыңның болашағының жарқын болуының кепілі.

Аягөз ҚОЖАБЕКОВА,
«Жалында жастар»
Қоғамдық бірлестігінің мүшесі.