«Ақмешіт әулие» үңгірі мен Домалақ анаға саяхат

Дүйсенбі, 30 Қазан 2017 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 1729 рет

Ұлы Дала еліндегі Оңтүстік өңірінің әрбір тауы мен тасы бір тарихты қозғаған, шежірелі дастанға айналған десек, еш қателеспеген болар едік. Киелі өңірімізде қасиетті мекендер көптеп кездеседі. Осындай киелі мекендердің бірі – Бәйдібек ауданындағы Кеңестөбе ауылынан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан «Ақмешіт әулие» жер-асты үңгірі болып саналады.

IMG 5772


Көптен бері үңгір туралы жастарымызға естігендерімізді, ел аузында айтылатын үзік-үзік әңгімелерді айтып жүрген болатынбыз. Сондай-ақ оқушылармен оған саяхат жасап, көзбен көру жоспарымыздың бірі еді, оның да сәті түсті.
«Ақмешіт әулие» үңгірі – әктасты жыныстар қабатында пайда болған ойық жарқабақ үңгір. Ұзындығы 160 метр, ені 54 метр, биіктігі 35 метр. Оған бару үшін ең алдымен бірнеше баспалдақты басып, жоғары көтерілу керек. Үңгірге еніп, жоғарыға қараған адам оны киіз үйдің шаңырағына, ал тағы да басқа жағынан қарағанда, аюдың баласы қонжыққа ұқсатары анық.
Аңыздың айтуына қарағанда, өткен ғасырларда жоңғар шапқыншылығы кезінде үңгірге 10 мыңға жуық әскер кіріп, намаз оқыған. Ал, ол жауынгерлерді Ақмешіт әулие басқарған. Ертеректе жыланның ордасына айналған үңгірдің иесі Айдаһар мен Дию пері болған деп те айтылады. Ал, Ақмешіт батыр оны ілімнің күшімен ұстап, бағындырған дейді. Шырақшының айтуы бойынша, үңгірдің жоғарғы тұсында үкінің ұясының саңғыры жиналып, төбеге айналған. Сол жерде жиналған қидан соғыс кезінде, одан кейін де оқ дәрі жасалған деседі.
Үңгірге соғыс жылдарына дейін адам баласы аяқ басып көрмеген екен. Шаршаған адамға дем беріп, ниеті мен перзент сүймегендердің тілегін қабыл ететін Ақмешіт үңгіріне тек елуінші жылдардан кейін ғана адамдар лек-легімен келе бастапты. Сондай-ақ, бұл үңгірдің оған кірген адамның қан қысымын реттейтін, күйбең тіршіліктен арылтып, бойды да, ойды да тазалайтын шипалық қасиеті бар.
Бұл киелі мекенді бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Құпия болып келген үңгір туралы газет беттерінде бірен-саран мақалалар, сондай-ақ ғаламтор желілерінде бейнероликтер шыққаны болмаса, айтарлықтай құнды дүниелер жоқ.
Бәйдібек ауданына барған соң, ел ұранына айналған, өзгені өз баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірін шашқан, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап, болжап айтқан сөзі ақиқатқа айналған, көреген қасиеті бар абыз аналардың бірі Нұриланың басына салынған «Домалақ ана» кесенесіне тоқтауды да жөн көрдік. Домалақ ана – XI ғасырдың кесенесі болып саналады. 1957-жылы қайта жөндеуден өткізілген. Қазіргі таңда алыстан мінәжат етіп, түнеуге келетін халық үшін кесене жанына қонақ үй салынған.
Қазіргі таңда Елбасы Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасы бойынша, аудандық жас туристер станциясында саяхаттар ұйымдастырылып, жұмыстар жүріп жатыр. «Ақмешіт әулие» үңгірі мен Домалақ анаға алыстан ат арылтып келген адамдарды көріп, бұдан кейін де біздер Оңтүстік өңіріміздегі киелі мекенді қадірлеп, жастарымызды ертіп барып, оның тәлім-тәрбиесін бойларына сіңіру үшін жұмыстар атқаруды жоспарлап отырмыз.

Ақерке ТАСБОЛТАЕВА,
Қазығұрт аудандық «Жас туристер станциясы» КММ қосымша білім беру педагогы.