Адамгершілік асыл қасиет

Дүйсенбі, 21 Мамыр 2018 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 1180 рет

     Елбасымыз қазіргі таңда білім бағдарламаларының елімізге ұтымды үлес қосып келе жатқанын айта келіп, табыс тізгіні – білімді болашақ жастардың қолында екеніне баса назар аударды.

    Жуырда Елшібек батыр атындағы мектеп-лицейінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Гүлжамал Бейсембаева мен Қасымбек Абдуллаевтың бастамасымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  «Қазіргі жастарға рухани адамгершілік тәрбие беру» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды. Мектеп директоры Қайрат Анашев мектептің тарихын, оқушылар мен ұстаздардың жетістіктерін қысқаша таныстырды. Мектебіміздің психологтары Меруерт Асанова пен Перизат Ерназарова «Ұстаздар бойындағы кәсіби іс-әрекеттердің жеке стилін қалыптастыру» тақырыбында психологиялық тренинг өтті.

   Тарих пәнінің мұғалімі 10 «а» сыныппен «Ертеңді ойласаң есірткіге жолама», ағылшын пәні мұғалімі Жанар Танабаева 7 «б» сыныбында «Адамгершілік асыл қасиет» ашық тәрбие сағатын, орыс тілі пәні мұғалімі Камила Мұсалиева 5 «б» сыныпта «Рухани жаңғырудың жарқын жолы», мектеп психологтары Перизат Ерназарова мен Меруерт Асанова 6 «а» сыныппен «Адамгершілік – асыл мұра» коррекциялық сабағын, мектебіміздің кітапханашысы Наргиза Талипова 8-сыныптармен «Көкірегімде төрт сәуле бар – төрт бақыттан тұратын» әдеби-сазды кешін, орыс тілі пәнінің мұғалімі Айбүбі Жаппарқұлова 9 «б» сыныбымен «Ерте жүктіліктің ертеңі қандай?» деген ой-толғауын өткізді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжамал Бейсембаева «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» тақырыбында баяндама жасады.

   Ауданымыздағы білім ошақтарынан келіп сабақтарға енген ұстаздар пікірлерін білдірді. Облыстық әдістемелік кабинет әдіскерлері Басқараева Рапия мен Бақыткүл Қаймолдаева семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, мұғалімдер мен оқушылардың ынтасы мен талпынысы жақсы екендігін айтты.   Семинарды аудандық білім бөлімінің әдіскері Раушан Пошахаева қорытындылады.

Қалипа АПЕШОВА,

Елшібек батыр атындағы мектеп-лицейінің

дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.