Өткен күн қасіретін еске алды

Дүйсенбі, 11 Маусым 2018 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 963 рет

 

Қазығұрт аудандық мұражайында 31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «дөңгелек үстел» өтті. Оны мұражай директоры Оралбек Тәжиев ашып, бұл жиынның негізгі мақсаты – кешегі кеңес дәуіріндегі солақай саясаттың әсерінен құрбандыққа ұшыраған қазақ халқының зиялылары мен қаймақтары, итжеккенге айдалған ата-бабаларымыз туралы мағлұмат беру, кейінгі жас ұрпақты олардың есімдерін құрметтеп, ұмытпауға тәрбиелеу екенін айтты.

Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Тағай Мүсіров, аудандық білім бөлімінің өлкетану және музей саласының меңгерушісі Анар Қазыханова, аудандық музейдің негізін қалаған Райымқұл Темірбаев сөзге шығып, кеңес дәуірінің солақай саясатының қазақ халқының қоғамдық өміріне тигізген кері әсерін ашып берді. Голощекин жүргізген «Кіші Қазан» қаншама қазақ отбастарын қасіретке ұшыратты. Еккен егінінен, баққан малынан айрылған халқымыз ашаршылыққа ұшырап, көпшілігі қырылып қалды. Көрші Өзбекстан жеріне барып паналады. Елімізді дамытқысы, халқымыздың санасын көтергісі келген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың түгелге жуығы атылды, қуғын-сүргінге түсті.

Қазығұрт ауданының өзінен қаншама қандастарымыз сол қасіреттің зардабын тартты. Діни орындар, мешіттер мен медіреселер жабылып, өлкеміздегі қасиетті нысандарымыз жайында мүлдем ауызға алынбады. Міне, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана төрт тарабымыз мен төл тарихымызды түгендей бастадық. Қарияларымыз өткен күннің қасіретін ұмытатын жақсы өмірді тілеп, бүгінгі жастарға батасын берді. Жиынға қатысушылар саяси қуғын-сүргінге қатысты көптеген мағлұматтар алды.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.