ЫСМАЙЫЛ АТА ТУРАЛЫ АҢЫЗ ӘҢГІМЕЛЕР

Дүйсенбі, 11 Маусым 2018 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 1977 рет

 

Өткен ғасырлардағы Ұлы Жібек жолының Шаштан Исфиджабқа апаратын тармағының бойында, қазіргі Оңтүстік өңірінің Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылы округі аумағында ілгеріде Харзиян деген үлкен шаһар болған. Харзиянның өркендеп, төрт тарапқа әйгіленіп гүлденіп тұрған уақытында оған Қожа әулетінен өрбіп шыққан Бадр Ата деген кісі келіп, осында тұрақтап қалған. Бадр Атаның перзенті – Бали Ата, оның баласы – Сүйіндік Ата, оның ұрпағы – Күйіндік Ата, оның перзенті – Ыбырайым Ата, барлығы да Харзиян топырағында дүниеге келіпті, әрі олар өз заманындағы өте білімдар кісілер екен.

Әсілінде Қожа Ахмет Йасауидің мүрид-шәкірті – Мұхаммед Данышпан болса, оның ізбасары – Сөксөк Ата, оның мүриді – Ыбырайым Ата, оның шәкірті, әрі батасы мен орнын иеленген перзенті – Ысмайыл Ата Харзияни болған.

Қазығұрт ұлық әзіз әулиелерінің арасында Һәзірет Қожа Ысмайыл Ата шайықтың орыны айрықша. Ол өз уақытында сансыз бабы бар Исфиджаб (Сайрам) өңірі мен қасиетті Қазығұрттан сонау Қорасан мен Мауреннаһрға дейінгі түркі халықтарына жоғары керемет қасиеттерімен мәшһүр болған, төрт тараптағы мұсылман жұртына атақ даңқы шығып әйгіленген. Өзі ХІІ ғасырдың соңында туылып, 120 жыл ғұмыр кешіп, ХIV ғасырдың басында дүниеден өткен.

Біз ел арасында айтылып жүрген Ысмайыл Ата туралы аңыз әңгімелердің бірнеше нұсқасын жазып алған болатынбыз. Оқырмандар назарына солардың ең таңдаулыларын ұсынғанды жөн көрдік.

***

Қазіргі Тұрбат ауылы – ілгеріде өте үлкен қала болыпты. Оған дейін бұл жерді қалың қамыс басып жатады екен. Ну қамыстың арасында жолбарыс, қасқыр, түлкі, сол тәрізді жыртқыш аңдардың көпшілігі тіршілік етіпті.

Тауда маймылдар болыпты. Адамдар жаңғақты теріп, себетке салады екен. Адамдар не істесе, әлгі маймылдар соны істейтін көрінеді. Содан бір кісі мынандай амал ойлап тауыпты. Жаңғақты теріп болған соң, сол араға түбі тесік себетті қалдырып кетіпті. Дереу маймылдар ағаш биігіне шығып, жаңғақтарды адамға ұқсап жерге қағып түсіріп, барлығын себетке жинапты.

Осы уақытта адамдар келеді екен. Олардан маймылдар қашып, жинаған жаңғақтарын алып кетейін десе, алайда бірі қалмай себеттің түбінен жерге түсіп қалатын көрінеді. Сөйтіп, адамдар маймылдардың еңбегін пайдаланатын болыпты.

Адамдар ежелгі Харзиян өңірінде алғаш Жоғарғы Тұрбатқа келіп қоныстаныпты. Ысмайыл Атаның бабалары да, өзі де осы арада дүниеге келіп, ғұмыр кешіпті.

***

«Ламахат» шығармасында Ысмайыл Атаның дүниеге келгені және оған керемет қасиет пен бақ-берекенің дарып қонғаны туралы мынандай құнды дерек көзі бар: Ысмайыл Ата құдс сурра дүниеге келгенде, оны Һәзірет Ұзын Хасан Ата құдс сурраға апарыпты. Ұзын Хасан Ата құдс сурра өзінің омырауын оның (Ысмайылдың) аузына салыпты және емізіпті. Осыншама [бақ-]берекенің бәрі осыдан пайда болған деп нақыл етіледі.

***

Ыбырайым Ата өзінің жұбайы Ұлық Пашшаны Сөксөк деген шөлді жерде ескі жұртқа қалдырып кетіпті. Сол уақытта Ұлық Пашша жүкті екен. Әйел айы-күні жетіп, аман-есен босаныпты. Ол енді баланы шомылдыратын, өзі тазаланатын су іздеп айналаны шолып шығыпты. Алайда таңдайға татырлық тамшы су да таба алмапты. Айналып жүріп, балаға келсе, бұл кереметті қараңыз, баланың өкшесі тиген жерден жылт-жылт етіп су шығыпты. Осы керемет қонған сәби баланың аты – Ысмайыл екен.

***

Бұрынырақта Харзиян шаһары – өте үлкен болған, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан оның атақ даңқы шығып, төрт тарапқа әйгіленген. Аңыздың айтуынша, Харзиянда соншалық ел тығыз орналасып, тамның көп салынғаны сонша, ешкі-лақтар солардың үстінде жайылады екен. Сонда ешкі-лақтар там үстінде айдағандай болып, секек-секек етіп секіріп жүріп, сонау Исфиджабқа (Сайрамға) дейін барып қалатын көрінеді.

Харзияндық Ысмайыл бала кезінде бір байға жалданып, соның малын бағыпты. Сонда оның баққан қойлары тықырлау жерде сәл-сәл жайылып келіп, кәдімгі топырақта жата береді екен. Басқа қойшылардың малдары көк шалғын майсаңды жерге жайылса да, ешбірі ет алмаған көрінеді. Олардың малына қарағанда, Ысмайылдың қойлары топырақта жатса да, өте семіріп, құйрықтары жарылып кетіпті. Осылайша Ысмайылдың бойындағы құдірет дарытқан әулиелік қасиеті – бала кезінде ел-жұртқа белгілі болыпты.

***

Ысмайыл әке-шешесінен ерте айрылып қалыпты. Тіпті үй-жайы да жоқ екен. Ол бала кезінде бір байдың қойын бағыпты. Қойды өріске алып шыққанмен, малды ары-бері айдамайтын, жаймайтын көрінеді. Тек аспанға қарап, жылай береді екен. Ары өткен, бері өткен адамдар оның жылағанын көріп: «Неге жылайсың?» – десе де, «Қойды нағып бақпайсың?» – деп сұраса да, оларға жауап бермепті. Содан олар іштей: «Бұл бала жетімдігін, ата-анасының жоқтығын ойлап, жылайтын шығар» деп түйіпті.

Бірақ қойлары жайылмаса да, от (шөп) жемесе де, су ішпесе де, керемет семіз болыпты. Құйрықтарын көтере алмайтындай қойлар екен. Сөйтіп, Ысмайыл өзінің бойындағы керемет қасиетін бала кезінен танытыпты.

***

Ысмайыл Ата әулие – бөгежілдердің пірі болыпты. Оның оқиғасы былай екен. Ұлы жүз Үйсін-Дулаттан өрбіп шыққан бөгежілдер Байбөрі және Жаубөрі деген бабалардан тарапты. Байбөрі де, Жаубөрі де жас кезінен төрт құбыласы сай, малға бай, үлкен тойларда ат құлағында ойнайтын шабандоз болыпты. Үлкен жиындар мен тойларда оларды танып, ажырату үшін Байбөрінің мойнына ақ орамал, Жаубөрінің мойнына қара орамал тағатын көрінеді. Содан олар Ақмойын және Қарамойын атаныпты.

Жаубөрі (Қарамойын) бабаның қойларын жетім бала Ысмайыл бағыпты. Ол малды биік төбенің басына иіріп тастайды екен. Өзі кітабын оқып, Аллаға мінәжат етіп, тек зікір салып отыратын көрінеді. Бұл әдет күнде қайталана беріпті. Сонда ел арасынан біреу:

– Байеке, неше күн болды, малыңның бәрі бір жерде иіріліп жатыр. Олар мүлдем жайылмайды, су да ішпейді. Қойшың малыңа қарамайды да. Тек кітабын оқып отырады, – деп шағым айтыпты.

Содан Жаубөрі баба Ысмайылдың жайған отарына келіпті. Қараса, қойлардың бәрі де семіз. Оған өзі таңданып қалыпты.

– Сіз қойшы болып келіп, малымды баққалы бері қойлардың барлығы бір төбенің басында жатады да қояды. Алайда қазір қарасам, малдардың бәрі де семіз. Өзімнің өте таңданып тұрғаным, төбенің басында олар суды қайдан ішеді? – деп сұрапты. Сонда Ысмайыл бала:

– Байеке, шөлдедіңіз бе? – деп аса таяғын алып, жерді шұқып жібергенде, бір бұлақ су мөлтілдеп шығып, биіктен төмен қарай құлдилай ағыпты. Жаубөрі (Қарамойын) баба баланың жоғары керемет қасиетін көріп, оның тегін адам емес екеніне көзі жетіп:

– Шырағым, маған және ұрпағыма батаңызды беріңіз, – деп өтініпті.

– Байеке, не тілейсіз? – деп сұрапты бала.

– Мен сізге басымды иіп, бүгіннен бастап өзіме пір тұтынамын. Ендігі тілегім, бәріміз де Алланың басы жұмыр пендесіміз. Бәріміз де бақилық боламыз. Сонда қабіріңіздің оң жағынан серік қылсаңыз болды, – деген екен.

Тұрбаттағы Ысмайыл Атаның оң жағына, батысына Қарамойын бөгежілдер қойылып келген себебі осы екен. Ең соңғысы ер адамдардан Көлбай деген кісі, әйелдерден Теңгеш апа жерленіпті.

***

Тұрбаттың өткен замандардағы ескілікті атауы – Харзиян деседі. Ол – ілгеріде Қазығұрт өңіріндегі үлкен дін орталығы, өте айтулы да әйгілі қала екен. Осы арада дүниеге келген Ысмайыл алда не болатынын күні бұрын болжалдап айтатын көріпкел, әулие болыпты. Тіпті ол бала кезінен әулиелігімен жан-жаққа танылыпты.

 

Ысмайыл: «Пәлен уақытта жер қимылдайды, ықтият болыңыздар, сақтаныңыздар» немесе «Биыл ауырмашылық, қиыншылық жыл болады. Халқымыз: «Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады, қоймай жесең нең қалады?» деп даналық сөз айтқан. Дәндеріңді үнемдеп қолданыңдар, тарта-тарта ішіп-жеңдер», – дейді екен. Құрғақшылықты да, ашаршылықты да, нөсерлі жаңбыр жауатынын, суық болатынын, дауыл соғатынын, бәрін де болжапты.

Бірде Ысмайыл Харзиянның халқына: «Ықтият болыңыздар, сақтаныңыздар, тамға (үйге) жатпаңыздар. Жер қимылдайды, сыртқа, далаға жатыңыздар», – деп ескертіпті. Оның болжалына сенгендер сөзін тыңдап, далаға жатыпты. Ысмайылды баласынып, сөзіне сенбегендер: «Ол айта береді», – деп ішке жатып, расымен де жер қимылдап, тамдар басып қалып, көпшілігі опат болыпты. Содан кейін оның көріпкелділік қасиетін харзияндықтардың барлығы да мойындапты.

***

Һәзірет Ысмайыл Ата шайық – Ыбырайым Ата деген кісінің баласы екен. Бірде ғайыри (исламнан басқа) діндегі жау ұрыс аша келіп, мұсылмандарды аяусыз қан қақсата жойып, ескі Харзианды (қазіргі Тұрбатты) басып, иеленіп алыпты. Ысмайылдың ағасы Жәбірейіл Ата сол жауға қарсы ұрыста қайтыс болыпты. Сонда Ысмайыл 14-15 жастағы бала екен, ғайыри діндегі жау оны тұтқындап, құл ретінде алып кетіпті.

Содан Ысмайылды еліне апарып, құладүз даланы мекен ететін жаудың бір үлкен басшысы оған қой бақтырып қойыпты. Ысмайыл әкесінен тәлімденген, өте білімдар, әулиелік қасиетке жеткен бала екен, ол азанда қойды шығарып алып кетіп, өзі биік келген, бір-бірімен қойындасып, бірігіп кеткен қос төбеге апарып, соның үстіндегі тастаққа қойды иіріп тастайтын көрінеді. Өзі қойдың шетінде кітап оқып отырады екен. Осылайша қойды көп жыл бағыпты.

Әлгі жау басшысының қой бағатын адамдары көп екен. Олар Ысмайылдың қылығын байқап, бір-біріне: «Мынау Ысмайыл дегенің қойшы емес, қойдың барлығын аш қалдырып, қырып бітеді. Қойды азанда айдап әкеледі де, сонау биік қос төбенің үстіндегі тастаққа иіріп тастайды. Қойды далаға шашыратып жаю дегенді білмейді. Үнемі кітаптан бас алмайды, кешке дейін соны оқып жатады да қояды. Қойға еш қарамайды. Қожайынға барып, мұның қылығын айтып, арыз қылу керек», – деп әңгіме етеді. Бірақ сол қойшылар: «Бұл қандай адам?!» – деп сырттай таңырқап, өздерінің біреуі де Ысмайылға барып, көрісуге, сөйлесуге еш жүрегі батынып бара алмайды екен. Оларды бір керемет күші, сұсы басып тұратын көрінеді. Сөйтіп, олар қожайынға: «Ысмайыл азанда қойды айдап шығарады да, қос төбенің басындағы тастаққа иіріп тастайды. Өзінің кешке дейін кітап оқудан қолы тимейді. Біз қойлардың жайылғанын еш көрмейміз. Өзіңіз келіп көрмесеңіз, хабар алмасаңыз, түбінде қойдың барлығын аш қалдырып, қырып бітеді-ау», – деп арыз қылады.

Осылайша арыз түскеннен кейін қожайын: «Қойлардың бәрін қырып жүрмесін, өзім көріп, хабар алып келейінші», – деп атына мініп, жолға шығады. Ұзақтан қараса, қойлары расында да жайылмай, биік қос төбенің басындағы тастақта иіріліп жатыр. Малшысының өзі бір шетінде кітап оқып, одан бас алмай отыр. Жақындап келіп: «Басқа малшылардың айтқан арызы рас екен ғой», – деп ойлапты. Содан: «Ертеңнен кешке дейін жайылмай, аштан-аш жатқан бұл қойлар не болды?» – деп бір шетінен кіріп қараса, қойларының барлығы да күйлі, семіз. Құйрықтарын көтере алмайды, тіпті жарылайын деп тұр. Қожайынға: «Бұл малшыда бір керемет қасиеттің бар болғаны ғой. Мұның сыры неде екенін өзінен сұрайын», – деп Ысмайылға жақын келеді.

Қожайын:

– Е-е, балам, неғып отырсың? – деп сұрайды.

– Кітап оқып отырмын, – дейді Ысмайыл.

– Қойларды көрдім, балам, мұндай семіз қойлар бұл атырапта жоқ. Қойларды қайда жайып жүрсің, мұның нендей сыры бар? – деп сұрайды. Сонда Ысмайыл:

– Мұның ешқандай құпия сыры жоқ. Мен кітап оқу арқылы Аллаға арнап зікір саламын. Содан да Құдайға деген құлшылығым, мінәжатым тоқтаған емес. Қойлар да маған қосылып зікір салып келеді. Сол себептен де қойларды Құдайдың өзі тойындырып жатыр. Бар болғаны осы, – деп жауап беріпті. Сол уақытта ғайыри діндегі жаудың басшысы:

– Мені де мұсылман дініне қабылда, нендей қалауың болса да тілегіңді орындаймын, – деп жалыныпты. Ысмайыл:

– Маған еш нәрсенің керегі жоқ, мұсылмандық жолды шын жүректен шынайы түрде адал пейіліңмен қабылдасаң болды, – дейді. Сөйтіп, жаудың басшысы мұсылмандық жолға өтеді. Содан соң оның өтінішімен үй-іші мен жақын туыстары да өзіндік жолымен Алланың ақ жолына мойынсұнады.

Мұсылман дінін адал пейілімен қабылдаған қожайыны Ысмайылға қарап:

– Қандай тілегің болса да менен сұра, оны разылықпен орындайтын боламын, – деп айтыпты.

– Маған еш нәрсе керек емес, – десе де қоймапты. Болмаған соң Ысмайыл:

– Егерде күзде маңдайында қасқасы, төрт аяғында ағы бар қозы туса, соны маған беріңіз, – депті.

– Болды, балам, беремін. Екеуміз осыған келістік, – деп оған қожайыны разы болыпты.

Күз келген соң, қойдың бәрі төлдейді. Сонда қожайын келіп қараса, басқаша бір де-бір қозы жоқ дейді, барлық қойдың да туғаны өзгеріссіз, бір-біріне ұқсас маңдайы қасқа, төрт аяғында ағы бар болып шыққан екен. Қожайыны Ысмайылға:

– Сені білдім енді, Құдайдың сүйген құлы екенсің. Мынау малдың бәрі сенікі, өзіңе бердім, – депті.

***

Һәзірет Ысмайыл Атаның әрі алғашқы ұстазы, әрі атасы (әкесі) Ыбырайым қаза болған соң, ол өз ілім-білімін тағы да әрі қарай жетілдіруге, арттыруға ұзақ сапарға, Бұхараға аттаныпты. Ысмайыл Бұхарадағы ұлық пірге келіп, қызметін жасап, ілім-білімін асырып, араб пен парсы тілдерін бұрынғыдан да жетік, толыққанды игеріпті. Одан да алдынан бірнеше жылдай бұрын, ертерек келіп, қызмет жасап, дәріс алып жүрген алты ізбасар халифа-шәкірт болады екен, Ысмайыл ілім-білім жағынан оларды қуып жетіп, тіпті озып кетіпті.

Бірде ұлық пір ұстазы айтады: «Енді сендер жетілдіңдер. Білімдеріңді тексеріп, сынап көрейін. Ол үшін бір ұсынысым бар. Мешіттің келесі бөлмесінің ішінде тұрған пілтелі шамды осында тұрып, оттықсыз жағу керек», – депті. Сонда басқа шәкірттердің абдырап қалғанын байқап, Ысмайыл миығынан күліпті.

Жеті шәкірттің бәрі де қатар тұрыпты. Әлгі бұрын келген шәкірттерге: «Қане, сендер жағып көріңдер», – деп бұйырған екен. Алтауы да жаға алмапты. Содан бұрынғы халифалары ұялғандарынан төменге, жерге қарап қалыпты.

Ысмайыл тапсырманы орындап: «Ұстаз, барып қараңыз», – депті. Ұлық пір ұстазы да, әлгі алты халифа-шәкірт те барып қараса, бас күмбезді бөлменің ішінде пілтелі шам жанып тұрыпты.

Содан соң ұлық пір ұстазы Ысмайылға: «Еліңе, өтеніңе қайтқын, атаңның (әкеңнің) орнына отырып, ұстаздық еткін, ілім марифатқа үйреткін», – деп жауап (рұқсат) беріпті.

Бұхарада бас-аяғы жиырма жыл оқып, алпыс жасында елге оралып келіпті.

***

Һәзірет Ысмайыл Ата қалмақта тұтқында болған, Бұхарада білім алып оқыған, содан елге оралып келгенге дейін анасы жолын тосып, күтіп отырған екен. Бірақ бұған дейін бірнеше адам: «Мен Ысмайыл Атамын», – деп алдына кіріп, оны алдаған көрінеді. Жарықтық анасы олардың арқасын, жотасын бір сипаған кезде жалғаншы екенін сезіп: «Жоқ, сен Ысмайыл Ата емессің», – деп шығарып салады екен. Шын Ысмайыл Атаның арқасында қасиетті қалы болыпты. Оны тек жарықтық анасы біліпті.

Елге оралып келген соң Ысмайыл Ата анасының алдына кірмекші болыпты. Күтушілердің алдында тұрған Қаңлы жұртының тумасы Мәнді сопы анасына көп қызмет жасаған екен. Ол Ысмайыл Атаны мүлдем танымапты. Ал Ысмайыл Ата оны таныпты да, кезегі жеткенде:

– Мен Ысмайыл Атамын, ұзақ жолдан арып-ашып келдім. Анамның алдына кірейін, – дегенде, әлгі Мәнді сопы:

– Жоқ, ондай емес, өтірік айтасың, болмайды. Бізді сен сияқты талайы келіп алдап кеткен. Мен де Ысмайыл Атамын, – деп оны кіргізбепті. Сонда Ысмайыл Ата табан астында:

– Өтірік айтқан жалғаншының іші жарылсын, – деп айтыпты. Анасының құлағы осы сөзді шалып қалып:

– Е-е, балам, бекер қылдың-ау, – депті. Сол кезде Ысмайыл Ата:

– Ана, атылған оқ қайтып түспейді, – деп жауап беріпті. Сонда жарықтық Мәнді сопының тұрған жерінде қарыны сөгітіліп жарылып, сол жерде ол жан тапсырған екен. Сөйтіп, шын Ысмайыл Ата осы болып шығыпты. Содан анасымен қауышып, табысып, әкесінің орнын алып, жергілікті халыққа ұлық пір және шайық болыпты.

Ілгеріде қазіргі Шарбұлақ ауылында бір өзен болыпты. Ол өзенде аттың тоқымынан келетін өте мол су ағыпты. Бірде жау келіп елді шауыпты. Олар судың шығып жатқан көзіне құрым киіз тығып, бекітіп кетіпті. Содан су мүлдем тоқтап қалыпты.

***

Халық жерді өңдеп, диқаншылықты кәсіп етеді екен. Су жоқ болған соң, өте қиын жағдайда қалыпты. Содан олар жиналып: «Ысмайыл атаға барайық, оған айтайық, әулие кісі ғой, бәлкім бір жәрдемі тиер», – депті. Сөйтіп, олар барып, Ысмайыл атаға бар жағдайды баян етіпті. Көмек сұрапты.

Ысмайыл ата: «Мақұл, барып көрейін», – деп келсе, расымен-ақ су жоқ. Дереу: «Шық, бұлағым, шық», – деп төрт жерге аса таяғын сұғыпты. Сол жерлерден төрт бұлақ шығыпты. Содан кейін: «Шарбұлағым (төрт бұлағым), сенің суың бұл ауылға жетпей де қалмасын, асып та кетпесін», – деп бата қылыпты. Сол төрт бұлақ әлі күнге дейін сарқылмай ағып жатыр. Қазіргі уақытта Шарбұлақ ауылында алты тоған бар, біреуінен асса, екіншісіне барады. Алты тоғанға да су жетеді, бірақ ауылдан асып кетпейді.

***

Осы күнгі Ысмайыл Ата кесенесінің дарбазасынан кіргенде, сол жағында ертеректе қауыз, жасанды тоған болатын. Қауызда су тұратын еді. Сол қауыз Һәзірет Ысмайылдың дәуірінде бар екен.

Ысмайыл Ата Бұхарадан оқып келіп, атақ даңқы тарап шыға бастаған соң, онымен ілім-білім жарыстыруға алыс жерден түйемен Һәзірет Сұлтан Молда Ата келіпті. Оның өзі өте білімдар кісі болған көрінеді. Сол Молда Ата барлық кітаптарын түйеге артып алыпты. Келген бойда түйесінен де түспей, Ысмайыл Атаның шамына тиіп, сүріндірмекші болып:

– Сен Бұхарада ұлық пірден оқып, бар ілімді тәмамдап келіпсің. Мен осы кітаптың бәрін жаттап алғанмын. Қанеки, ілім жағынан менен оза аласың ба, оза алмайсың ба? – депті.

Ысмайыл Ата сабыр сақтап:

– Кітапты жаттап алған болсаңыз, өте жақсы. Аллаһу әкбар, – дегенінде, түйеге артылған кітаптың бәрі әлгі қауыздағы суға өз-өзінен түсіп кетіпті. – Қане, сіздің біліміңіз? Кітаптарыңыз, міне, бәрі судың ішінде жатыр.

Һәзірет Сұлтан Молда Ата табан астынан сасып, басына жүгінсе, онда ешқандай ілім-білім қалмапты. Әлгі тылсым күшпен, Алланың құдіретімен суға түсіріп жіберген кітаптармен ілім-білімінің бәрі де ағып кеткендей болыпты. Соны түйсінген ол:

– Ысмайыл сен – қып-қызыл жынды болған адам екенсің ғой. Менің кітаптарымның барлығын суға тастадың. Сенің білімің, қане? – десе, Ысмайыл Ата дереу алдындағыдай:

– Аллаһу әкбар, – деген сөзді айтыпты. Міне, ғажайып кереметті қараңыз, сол-ақ екен бүтін кітаптың бәрі-бәрі судан қауыз жанына шыққан көрінеді. Әрі барлығы суға түспегендей құп-құрғақ күйде екен.

– Болды, болды, біздің ілім-біліміміз сізден пәс екен. Өзіңізге тән бердік, мүрид болдық. Біз енді өлетін болсақ, сүйегімізді осы араға қойыңыз, – деп Һәзірет Сұлтан Молда Ата Ысмайылдың білімді екеніне қайыл қалып, мойындаған екен. Әрі еліне кері қайтпай, ескілікті Харзиян шаһарында қалып қойыпты.

Қазіргі уақытта Ысмайыл Ата кесенесінен шығыс тарапта, екі шақырым жердегі Ақтаста, биік төбенің басында Һәзірет Сұлтан Молда Атаның жайы менмұндалап көрініп тұр.

Айтушылары: Мұһриддин Сабыров, Орынтай (Орынбек) Жамалұлы, Нышанбай (Қалмаханбет) Алтыбаев, Амантай Құтымбетұлы,Мұратқожа Ысмайылов,Дастан Ұлыққожаұлы,Мақсума Алпысбайқызы Ысмайылкеліні (бұл кісі абысыны Ақнұр Бектөреқызынан есітіп, ұғып алыпты),Әбдісаттар Ерназаров (бұл кісі әкесі Шаназар Беласаровтан есітіп, ұғып алыпты), Жарылқап Сұлтанұлы (бұл кісі әкесі Сұлтан Нұржауұлынан есітіп, ұғып алыпты)

Аңыз әңгімелерді жинақтаған: Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.