Өз әкеңнен қандайсың?

Бейбенбі, 18 Ақпан 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 249 рет

Тастанбек ата 487ьь

Ел басына күн туған небір нәубеттерді, күні кеше ғана күркіреп өткен Ұлы Отан соғысын бастан өткерген менің әкемнің замандастары: кейде мысқылмен, кейде шынымен жаны ашып, осал жерімнен ұстап «өз әкеңнен қандайсың?» – деп сұрайтын.

Сонда «ұялған тек тұрмас» дегендей әкем есек мінсе, мен не темір тұлпарларды тізгіндедім, әкемнің өз ықтиярымен барған жері «Тойтөбе» болса, мен Теһранды, Медина-Меккені араладым – деп қоқиланатынмын.

Жалтарып шыға келгенімді байқағандары «Әкеңнің көзі тірісінде қолындағы жұмысын алдың ба?» – десе сыртқа сыр алдырмағанмен іштей езіліп кететін едім.

Өмірден өткен соң емес, көздерінің тірісінде әкелерінің қадіріне жеткендер не деген бақытты еді! Ата-анаңның көзін көргендер, қолын алғандар олқысынбау үшін өз әкеңнен оза туғанға не жетсін, шіркін.

...Жасыратын не бар, 161 см бойым, 60 келі салмағым әкемнің замандастарына тіптен қораш көрінетін.

Алла тағалам осылай жаратса қайтейін.

Әкем Рсалыұлы Бердіқұл (1895-1969) ж.ж. біреулер шынымен қолқаласа бір тоқтының етін жеп, бір қара шелек көжені бір деммен-ақ қотара салатын. Сол үшін де елде «Көже палуан» атаныпты. Қазақы есепке жүйріктігі сонша жота-жотадағы маяланған шөптердің, қырманда үйіліп жатқан астықтардың салмағын 100 келінің айналасында ауызекі есептей салу қабілетіне ие болыпты.

Қарағандыға ФЗО-ға барғанда шахтадан шыққан көмірдің салмағын есептейтіндердің тобында еңбек етіпті.

20 жасқа келгенімнің өзінде әкемнің бір аттағанына екі рет аттап жететінмін. Айналайын ауылдастарым осындай палуан денелі әкеммен менің жотамды салыстыра келіп бастарын шайқайтын.

...Жағдайымды алдын ала пайымдаған әкем «Кеудеңмен де, көркіңмен де елдің алдына шыға алмайсың, Сен де бір жол бар – ол оқу» – деп құлағыма құятын. Ол өсиетін көзінің тірісінде-ақ, орындаған сияқтымын. Республикалық математикалық олимпиадада екінші орын алсам ХІ жылдықты күміс медальмен бітірдім. Мехматтың бірінші курсында оқып жүргенде курстастардың бәріне әлімжеттік жасайтын қалалық азаматтан әбден таяқ жесем де, көр көкірегім «айтақтап» үшбұрышты темір линейканы санына тығып алыппын. Айқай-шу басталып соңы әкемді деканатқа шақыртты. Линейка «суық қаруға» жатқызылып, қылмыскер атанып кете жаздадым.

Көп сөйлемейтін, көп күлмейтін жүзі суық әкем кетерінде бар болғаны «Адам әліне қарап әрекет етеді» деген бір ауыз ғана сөз айтты. Ол, маған өте ауыр тиді.

Менің жағдайым курсымыздағы 7 қазақ студентіне де әсер етті.

Бірер аптадан соң бәріміз сөз байласып таңдауы күшті «Самбо» үйірмесінің есігін қақтық. Ондағы жаттықтырушылар В.Цой мен Н.Ким сырт көрінісімізге қарап-ақ, таңдау жасап берді.

Өздері сымбатты әрі қайратты тұлғаларына қарасақ көз тоятын Әбдрахым, Өткірбай, Нұралхандар сыннан сүрініп, нәзік қана маған таңдау жасалды. Бірер ай өткен соң «открытый коверга» шақырғанда Н.Ким блокнотын ашып «Где твой братан Андрей Ли» десе болады ма?

Сөйтсем олар мені, алдын ала құлаққағыс етіп ескертіп қойған «Политотдел» футбол командасының қорғаушысы Лидің туысы екен-деп ойлаған екен. Алғаш ренжігенмен кейіннен Н.Киммен тіптен жақындасып кеттім.

Өзбекстанның екі дүркін чемпионы болған Н.Ким аптасына екі рет студенттерді қарапайым «Самбоға» екі рет милиция және КГБ қызметкерлеріне «боевой самбодан» дәріс өткізіп, әрі жаттықтыратын.

Мен соның екеуіне де қатыстым. Бір жылдың ішінде І-разрядты спортшы болып шыға келдім.

Маған ең ауыры 59-60 кг салмақты 52 келіге қуу болды. Нағыз толысатын кезімде денеме көп салмақ салып, қойдым ба, қайдам осы салмақта қалып қойдым. Сол кездегі мендегі бар мақсат «денем шағын болса да әкем сияқты жауырыны жерге тимеген балуан болу еді. 1965-жылы Ташкент қаласының чемпионы атанып «ССР спорт шеберлігіне кандидат» белгісіне ие болдым. Одан әрі генерал С.Рақымов «біздің ауылдың қазағы» деп плакат көтеріп шығып қиын кезеңді бастан өткергенімді айтпай-ақ қояйын.

(Бұл жөнінде 2013-жылы хабар телестудиясы дайындаған бейнебаян бар).

Толысып, өзіме-өзім келіп жүргенде ауылға келсем, әкем екі есек тартатын ағаш арабаға сары май, құрт, пісте және жем артып оны сату үшін Ленгірдің базарына баратынымызды айтты. Белмен ассақ арасы 20 шақырымдай. Жоғары Көкібелден өте бергенімізде атқа мінген енгезердей екі кавказдық алдымыздан шыға келді.

Әкем олардың қажетін жақсы біледі екен, дереу бір бөтелке насыбай сыйлады. «Көзді атадан» түсе бергенімізде бет-аузын қара түк басқан «қарашайға» қос уыс құрт беріп әрі жол алдық. Қарап тұрсам олар бүгінгінің «таможнясы» сияқты. Базарға кіре бергенде біреулерге бір қалта «пісте» ұзаттық. Олармен ұстасайын десем әкем ренжиді.

Мұндайды бұрын кім көрген, базар ішінде де дәмететіндер бар екен. Әкем көбісін танитын сияқты. Біреулері біздерді қорғаштап жүр.

Сол күні Байжан есімді нағашымыздың үйінде қонақтап, таң алакеуімнен жолға шықтық.

«Әңгір ата» ауылына келіп аялдағанда әкем енді «дәмететін бір жер қалды» деп 2 сомды қалтасында қалдырып, қалғанын есектің тоқымының арасына жасырды. Барлық «пост» ашық болып Жаңаталапқа түсе бергенде Газ-51 мінген еңгезердей-еңгезердей үш кавказдың қуып жетіп, кәдімгі әкелерінің құны қалғандай 2 сом емес 5 сом бересің деп әкемнің жағасынан алса болады ма?!

Екеуі екі қолын қайырып, біреуі қалтасын тінтуге көшті. Осы сәтте барып барлық төзімім таусылды. Жандарына жетіп барып, кәдімгі кәсіпқой самбистердей «Перестаньте» деп үш рет ескерттім.

Кішкене бала деді ме қайдам, мені тіптен елейтін емес. Қалта тінткіштің бауырынан теуіп өткенімде барып, жұдырығын түйіп оң қолын жұмсап қалды. Мен де дәл сондайды күтіп тұр едім, созған қолын оң иығыма ала жамбасқа тартып атып ұрдым. Көз ілеспес жылдамдықпен созған қолын екі бұтыма қысып шынтағын шығарып жібердім. Ойбайды салып кеп қалды.

Әкемнің қолын қайырып тұрған бір мықтысы мені тұра қуды. Жақындайын десем мендей екеу келеді. Қолына түссең біткенің. Артқа қарай шегіншектеп келе жатып, амалын тауып екі тізесінің де ұршығын теуіп көрдім. Бүгілетін емес.

Сонан амал жоқ костюмімнің жағасын әдейі ұстатуыма тура келді. Ол мәз болып өзіне жақындата бергенде дәлдеп тұрып екі бұтының арасынан теуіп кеп жібердім.

Екі қолымен бұтын ұстап отырып қалды. Осы сәтте шынтағыммен шықшытынан қойып қалып шалқасынан түсірдім. Өзіме-өзім келіп әкем жаққа қарасам біреуімен әлі тартысып жүр. Тұра келіп ұмтылғанымда әлгі дәу, қаша жөнелсе болады ма? Соңынан 2-3 тасты атып жібердім.

Қабағы ашылмайтын тасбауыр әкем ызаға бұлығып-ақ тұр екен, басымды сипап жылап жіберді де «Осы төбелесіңді Ақанбай көрмеді-ғой» десе болады ма?...

Бұлар артымыздан қуып жүрмесін деп Газ-51-дің «центральный проводын» жұлып алып алысқа лақтырдым. Біздер, ешкім көрмеді дегенімізбен бұл тартысты қой бағып жүрген көкібелдік Сабыр, майбұлақтық Шілен есімді шопандар көріпті. Олар ауылға келіп «Бердіқұлдың баласы «мысық» екен, Бектемір палуан жеңе алмаған жол аңдитын екі кавказдықтың мойындарына қарғып мініп алып, бастарын жарды» деп қосып айтыпты. Әкемнің мақтанышында шек болған жоқ. Сонан былай үйдің майда-шүйде шаруасына араластырған емес.

...Дәл қазір жасым 77-ге тақағанда өткенге көз салсам әкеме тіптен қолқабыс жасамаппын.

Әлі күнге дейін әкемді білетіндер алдымнан шығып «көзі тірісінде әкеңнің құрметін білдің бе?» – деп сұрай ма – деп бұқпантайлап жүремін.

Кейбіреулердің өз әкемнен биікпін деуі көңілге қонбайды. Әке – Отан. Әке – қорған. Әке – әкелер өмірін жалғастырушы.

...Бірнеше кітабымда сондай-ақ газет беттерінде алдыңғы буын әкелерімізбен ағаларымыздың ерлік, еңбектері жайлы мақалалар жаздым. Алғыс айтқан туыстары ұрпақтары да болды. Тіптен жазсаң «өзің үшін» дейтіндерді де байқадым. Біреуге міндет артқан емеспін.

...Бірде сондай айтулы ардагердің мансабы да, қаржысы да бар ұлы «Көке, әкеміз енді өткен шақ, журналист екенсіз, Мені неге жазбайсыз?», – десе болады ма?

        Астафраллах! Дүниесі көптің әкемнен оздым-дегеніне жүрегім ауырса болады

ма?

...Өмір деген зулап өтіп Ақан сері айтқандай «Әудем жер жүре алмаймын аяғымнан, кәрілік келіп қалдың қай жағымнанның» айналасында жүрміз.

Қазіргі кезде барлық жағынан болмаса да, бір саладан «Қазыналы қарияға» айналдым.

Күн санап қымбаттап бара жатқан сияқтымын. Өйткені, үсік шалған шаштарым мен қастарым «алюминийге» боялды. Аузымдағы тістердің екеуі латун, қалғаны алтын.

Бүйрегімде 42 түрлі химиялық элементтердің қоспасынан қорытылған жұмыртқадай қос тас бар. Суалып келе жатқан көздерімде күйдіргінің өзін ыдырататын ащы жас бар.

Асқазанымда таусылмайтын табиғи газдың қоры сақтаулы. «Отит» дейсің бе, «колит» дейсің бе әйтеуір абалаған асыл тұқымды иттердің түр-түрі көп.

Міне, «әкемнің баласы болдым» деп сеніммен айтуға жақындағанда кәріліктің келіп қалғанын қараңызшы.

Тастанбек БЕРДІҚҰЛҰЛЫ.