Мыңжылдықтармен өлшенетін тарихымызды насихаттайық!

Бейбенбі, 04 Наурыз 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 392 рет

загруженное 1

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты мақаласы жарияланды. "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" деп аталатын мақалада Ел Президенті егемендіктіктің 30 жылдығына қорытынды жасап, болашаққа бағдарды айқындап берді. Аталмыш мақала 3 бөлімнен тұрады. 1-ші бөлім Бағдар мен Белес, 2-ші бөлім Таным мен Тағылым, 3-ші бөлім Қоғам мен Құндылық.
«Егемен Қазақстан» газетінде шыққан Президентіміздің мақаласы бізге жаңа серпін мен жаңа белестерді бағындыруға жігер қосты. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақалада еліміздің өткені, қазіргісі мен болашағы жайлы айтылған. Шынында адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі. Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет басшысы осы жайында "біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу" деген еді. Мен де еліміздің күннен күнге нығайып, дамуында әрбір қазақстандық аянбай еңбек ететін жас ұрпақ тәрбиелей білуіміз керек деп есептеймін.
Аталмыш мақалада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ», – деп жазған болатын. Расымен де, еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты…
Сондай-ақ, Президент Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мақаласында еліміздің үш онжылдықтағы қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін атап өтіп, болашаққа міндеттерді айқындады.
Тәуелсіздік – аспаннан түскен сый емес. Қазақ – Егемендік үшін ғасырлар бойы күрескен халық. Бұл күрес 91 жылмен аяқталған жоқ. Қазір де жалғасуда. Тіпті, қазіргі күрестің өз ерекшеліктері бар. Біз, ең алдымен, азаматтарымыз бен өскелең ұрпақтың тарихи санасын, заманауи, азат көзқарасын нығайтуымыз қажет. Міне, осы бағыттағы күрес тоқтамауы шарт.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президентіміз тіл туралы айтты. Жалпы, меніңше, бұл мақала аса жауапты кезеңдегі еліміздің негізгі идеологиялық бағыттарын көрсететін құжат деп атауға болады.
Біріншіден, ең мықты біріктіруші фактор – бұл тіл. Бір тілде сөйлейтін ұлттың болашағы зор. Жастар көп тіл білсе – жаман емес, бірақ бір-біріңді түсіну үшін, қоғамның тынысын терең сезіну үшін бәріміз мемлекеттік тілді білгеніміз жөн. Оның үстіне ортақ менталитет пен рухани құндылықтарды қалыптастыру жолында тіл басты рөлге ие.
Екіншіден – өзінің жері бар халық қана мемлекет деп аталады. Жер шетелдіктерге сатылмайды деп айтты Президентіміз. Бірақ осы жерді дұрыстап пайдалануымыз керек. Ауыл шаруашылығын дамытып, табиғи ресурстарды қорғап, табиғатымызды құрметтеуіміз қажет. Аз еңбек ресурстары бар аймақтарға қандастарымызды шақыру да артық емес.
Үшіншіден, ортақ тарихымыз бар. Балаларға арналған фильмдерді түсіруді, кітаптарды жазуды және қазақ халқының тарихи шежіресін басқа тілдерге аударуды толықтай қолдаймын. Мыңжылдықтармен өлшенетін тарихымызды насихаттайық.
Төртіншіден, ұлтаралық келісім. Біз 90-жылдардың басында әлеуметтік және ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеген халықпыз. Көпұлттылықты көпшілік ойлағандай кемшіліктен артықшылыққа айналдыра білдік. Болашақта да осы мақсатқа жұмыс істейік.
Бесіншіден, ортақ болашағымыз бар ұлтпыз. Шынымен де, шетелдерге оқуға кететін жастарымыз бар. Мен де олардың бірімін. Бірақ оқудан соң елге қайтқан азаматтарымыз аз емес. Шетелде алған біліміміз бен тәжірибемізді мемлекет үшін пайдалануымыз керек. Себебі біз Қазақстанға сенеміз.
Тәуелсіз еліміздің ертеңі – қазақ тілінде екенін назарға алып, «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп айтуға болады» дей келе, әрбір азаматтың қазақ тілін меңгеремін деген ниеті болса, ол өз мақсатына жететіндігін алға тартты.
Сондай-ақ, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларын, шетел жазушыларының таңдаулы туындыларын аударып, таратуды тапсырды.
Президентіміздің мақаласында айтылған осындай мағыналы ойлар жастарды ғылым-білім, тіл үйренуге шақырып, көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятуға жетелейді.
«Бірлік те ерлік сияқты сын сағатта сыналады» дейді дана халқымыз. Еліміз пандемия салдарынан көптеген қиыншылықтарға тап болды. Дегенмен қазақстандықтар бұл қиын сәттерде ауызбіршілік, жанашырлық танытып, бір-біріне қолдан келген көмектерін аямады. Расымен, бірлік пен ынтымақ рухани құндылықтарды сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін аса қажет, сондықтан қазіргі заманда бұл әрбір қазақстандықтың парызы болуы тиіс деп ойлаймын.