ЖАМБЫЛ МЕКТЕБІНДЕ АҚЫН МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛДЫ

Бейбенбі, 04 Наурыз 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 132 рет

156397960 2863084260634285 4673340339208320758 oссҚазақ халық поэзиясының дүлдүл ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаев 1846-жылы 28-ақпанда Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Оның ақындық дарыны жас кезінде-ақ таныла бастаған. Топ ортасына түсіп, айналасын ән мен жырға кенелтіп, тіпті көрші қырғыз еліне де даңқы жайылған. Жыр алыбының шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып, дүние жүзіне тараған. Жамбыл Ұлы Отан соғысы жылдарында патриоттық рухта жазылған толғаулары үшін КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері атанған. Алып ақын 1945-жылы 22-маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елдімекенінде 99 жасында өмірден өткен. Биыл Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Ауданымыздың Қарабау ауылы округіндегі Жамбыл атындағы жалпы орта мектебінде осы мерейтойға орай іш-шара ұйымдастырылды.
Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров сөзге шығып, кешегі кеңес заманында қазақ халық ақындарының қызметі ерекше болғанына тоқталды. Әсіресе, екінші дүние жүзілік соғысы кезінде олар барынша үгітшілік қызметін жандандырды. Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» атты жыр-толғауы орысшаға аударылып таратылды. Бұл жыр-толғау қоршауда қалған Ленинград қаласындағы жауынгерлерімізге күш-қуат беріп, жігерлерін жаныды. Міне, бұл даңқты ақынның бір ғана қызметі еді.
Іс-шараға жиналғандар Жамбыл рухына тағзыммен мектеп алдындағы ескерткішіне гүл-шоқтарын қойды. Мектеп директорының міндетін атқарушы Асан Майлыбаев қонақтарды мектеп музейімен таныстырды. Осы іс-шара барысында мектеп тарихына да тоқталып, баяндап өтті.
Бұрынғы Қаратас ауданындағы ең алғашқы төрт бастауыш мектептің бірі «Жаңатұрмыс» ұжымшары жерінде (осы күнгі Қарабау ауыл округінің Сынтас елдімекенінде) 1927-жылы ашылған. 1928-жылы ол жабылып қалып, 1930-жылы «Жаңатұрмыс» бастауыш мектебі қайта ашылып, 1939-жылы орталау (жетіжылдық) мектебі болып ұйымдастырылған. 1961-жылы Жамбыл сегіз жылдық мектебіне айналған. Оған Жұмысшы, Құларық, Қазақстанның ХХ жылдығы, Үшбұлақ елдімекендерінен балалар қатынап оқыған. 1983-жылы білім ордасы Жамбыл атындағы орта мектеп статусын алған. Мектеп алдына Жамбыл ескерткіші орнатылған. Қазір осы білім шаңырағында 616 оқушы бар, оларға 98 мұғалім дәріс береді.
Іс-шараның соңында оқушылар жыр алыбының шығармаларын жатқа айтты.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ.