АУДАН БЮДЖЕТІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС НАЗАРЫНДА

Жұма, 04 Қараша 2022 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 326 рет

fa616a1e-82ed-4e7d-8226-ee177260e73a

Қазығұрт аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оны кеңес төрағасы Әбілахан Жылқыбаев жүргізді. Жиында екі мәселе қаралды. Алғаш Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бейбіт Төреханов ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған іс-шаралары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарған жұмыстары туралы есеп берді.
Аудандық орталық ауруханасына қарасты 60 медициналық нысан бар. Ол нысан ғимараттарының 40-ы типтік, 16-сы ыңғайластырылған, 4-еуі ақысыз жалға алынған. Атап айтқанда, 1 емхана, 5 стационар, 4 БМСКК орталығы, 10 дәрігерлік амбулатория, 25 фельдшерлік акушерлік пункт, 15 медициналық пункт. Ауруханаға қарасты аудандық емхана ғимаратына облыстық бюджет есебінен 101 миллион теңге қаржы қаралып, 2020-2021 жылдары толығымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп, 2021-жылдың мамыр айында пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы аудандық орталық ауруханасы ғимаратына 590941416 теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толығымен аяқталып, халық игілігіне тапсырылады деп күтілуде.
Санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін ескі, тозығы жеткен, жаңа құрылысты қажет ететін ғимараттарда отырған 14 медициналық нысан бар. Олардың 12-сі фельдшерлік-акушерлік пункттер. Еңбекші, Қызылсеңгір, Ақбастау, Махамбет, Майлыошақ, Алтынтөбе, Қаржан, Айнатас, Жұмысшы, Шанақ және Ащыбұлақ дәрігерлік ­амбулатория құрылысын салуға АПЗ ­дайын. Ағымдағы жылы Қақпақ, Жаңаталап және Ынталы 3 фельдшерлік акушерлік пунктті салу жоспарға енген болса, 2023-2024 жылдары Қызылдихан, Жіңішке, Үлгілі, Бейнеткеш, Майбұлақ, Шақпақ елдімекендерінде жаңа медициналық нысан салу көзделіп отыр.
2021-жылы 10 нысанды газбен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 9,3 миллион теңге қаржы бөлініп, Жамбыл, Қарабау, Абай дәрігерлік амбулаториялары, Тілектес, Қарабастау, Қосағаш, Қаржан, 1-мамыр, Үшбұлақ және Қарабау фельдшерлік акушерлік пунктері көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылы тағы да 10 нысанды, атап айтқанда, Тұрбат БМСКК орталығын, Шарбұлақ, Қызылтаң, Қызылту дәрігерлік амбулаторияларын, Жеңіс, Өндіріс, Еңбек фельдшерлік акушерлік пунктерін және Тассай, Көктөбе, Аққұм медициналық пунктерін газдандыруға бюджеттен 13,7 миллион теңге қаржы қарастырылып, техникалық шарттарына сәйкес, жобасы әзірленіп, көгілдір отын тарту жоспарлануда.
Ауданымызда ана өлімінің көрсеткіші өткен жылдың 9 айында 37,6 болса, ағымдағы жылдың 9 айында болған жоқ. Нәрестелер өлімінің көрсеткіші есепті кезеңмен салыстырғанда, 9,8-ден 8,7-ге төмендеді. Сәбилердің шетінеу (неонатальдық өлім) көрсеткіші 2,9-дан 4,3-ке артты. Бес жасқа дейінгі балалар өлім көрсеткіші өткен жылдың 9 айында 12,8 болса, ағымдағы жылдың 9 айында 9,5 болды.
Ауруханада 2021-жылдың 9 айында 106 дәрігер, 122 мейірбике, ағымдағы жылдың 9 айында 38 дәрігер, 69 мейірбике білімін жетілдірген. КТ, нейроинсульттік бөлімше, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет – травматологиялық оталар жасауға байланысты рентгенолог, нейрохирург, травматолог дәрігерлердің біліктіліктерін жоғарылату, осы бағыттағы қажетті медициналық құралдармен жабдықтау жоспарланған. Аудан әкімдігіне жас мамандарды ауылға тарту мақсатында тұрғын үйлерге және оларға жеңілдіктер беру туралы жергілікті пакеттерге қол жеткізуге сұраныстар жасалған. Аурухана балансында 35 автокөлік болса, оның алтауы тозығы жеткен, есептен шығаруға жоспарланған, төртеуі жөндеуді қажет етеді.

958a708c-d99d-4014-9e62-065bd6cd0944
Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, аудандық экономика және қаржы бөлімі­нің басшысы Мұрат Сапиев ағымдағы жылдың 9 айында аудан бюджетінің атқарылуы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Ағымдағы жылы аудан бюджеті 3 мәрте нақтыланып, 9 рет түзетулер енгізіліп, 1-қазанға 25687,9 миллион теңгені құрап, биылғы 9 айда 17731,2 миллион теңгесі игерілді. 2022-жылға арналған аудан бюджетінің ішкі кірістері 2537,8 миллион теңге болса, оның 2427,5 миллион теңгесі салықтық түсімдерден, 59,2 миллион теңгесі негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерден, 51,2 миллион теңгесі салықтық емес түсімдерден құралған.
Аудандық экономика және қаржы бөлімінде ағымдағы жылдың 9 айында жеке және заңды тұлғалардан 1 арыз-шағым тіркеліп, 19 жеке қабылдау болған. Сәуір айында мекеменің қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу бойынша жұмысшы топтың құрамы бекітілген. Сөйтіп, 26-сәуірде бөлімде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілген. Нәтижеде, бөлімнің қызметінде ешқандай сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталмаған. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу мақсатында бөлім қызметкерлерінің қатысуымен 3-наурызда, 21-сәуірде және 22-қыркүйекте құқықтық сабақтар өткізілген.
Қоғамдық кеңес мүшелері жиын барысында қос мекеме басшысына сұрақтар беріп, олардың баяндамаларын жан-жақты талдап, ескертпелерін айтып, толықтырулар енгізді. Бас дәрігер Бейбіт Орынбекұлы мен бөлім басшысы Мұрат Байдуллаұлының баяндамасы мен есебіне «қанағаттанарлық» деп баға беріліп, шешім қабылданды.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.