Жайдарманда «Қазығұрт қырандары» марапатталды

Сәрсенбі, 24 Мамыр 2017 10:13 Жарияланды Спорт Оқылды 1624 рет

Қазақстандық полицияның 25 жылдық мерекесі қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық ішкі істер бөлімдерінің арасында «Парасатты полицей» атты жайдарман жарысы болды. Жайдарманға облыс көлемінде 23 команда қатысты.


Жайдарманда ауданымыздан полиция капитандары Перизат Иманова мен Мақсат Битеміров, полиция аға лейтенанттары Медет Тұрсынбек, Орынбасар Артықбаев, Мейіржан Мекенбай және полиция сержанты Нұрсұлтан Асан, осы алтауынан құралған «Қазығұрт қырандары» командасы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Команданың капитаны ретінде Перизат таныстыруға шықты. Отбасындағы ынтымақтастық мәселесін көтеріп, сахналаған қойылымдары да өте тартымды болды.
Қазылар алқасының шешімімен «Қазығұрт қырандары» командасы «Көрермендер көзайымы» атағына ие болып, дипломмен және сый-сияпатпен марапатталды.

Марлен ПАНЗАБЕКОВ,
Қазығұрт АІІБ-і бастығының кадр жөніндегі бөлімінің орынбасары, полиция подполковнигі.