«ЖАҢАБАЗАР» – КУБОК ИЕСІ

Дүйсенбі, 14 Қараша 2016 10:30 Жарияланды Спорт Оқылды 23724 рет

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында футболдан шілде айында басталған Қазығұрт ауданы әкімінің кубогіне арналған біріншілік өз мәресіне жетті. Жұртты бұқаралық спортқа тартудың ең үлкен көзі – футбол болып саналады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде ең әуелі облыс чемпионатында ауданымыздың мерейін асырған спортшылардың есімдері аталды.

 

Футболдан таяуда ғана аяқталған облыстық чемпионатта Қазығұрт ауданының футболшылары жеңімпаз атанып, І орынды иеленген-ді. Аудан әкімі Т.Телғараевқа жеңімпаздардың кубогын аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Бұхаров пен «Қазығұрт» командасының капитаны Б.Қалжанов тапсырды. Футболдан облыс чемпионатында жеңіске жеткен спортшылар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сонымен бірге аудандық №4 балалар футбол мектебінің директоры Д.Әзімовтің 63 жасқа толуына байланысты мерейтой иесіне шапан жауып, оған құрмет көрсетілді.
Аудан әкімі Т.Телғараев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Ө.Көпеев облыстық чемпионаттағы футболшыларымыздың жеңісі мен аудан әкімінің кубогіне арналған біріншіліктің мәреге жетіп отырғанын айтып, ауданымыздың атын шығарып отырған спортшыларға табыс тіледі.
Аудан спортын дамыту, жас буын өкілін алға тарту, мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткен футболдан аудан әкімінің кубогіне арналған біріншілігіне 13 ауыл округінен 14 команда қатысып, бақ сынасқан болатын. Нәтижесінде «Жаңабазар» командасы – І, «Шарапхана» командасы – ІІ, «Қызылқия» командасы – ІІІ орын алды. Кубок иесі – «Жаңабазар» командасы және жеңімпаз командалар марапатталды.

Құралбек ҚОЖАННЕМЕРЕСІ.футбол