ҰЛЫЛЫҚ

Сейсенбі, 30 Қараша 2021 00:00

2021.04.20 01

«Ұлы даланың тұлғалары» атты кітапты оқығаннан кейін туындаған ой толғау


Ұлы дала даналықта негізің,
Жеті қырың қосарланған егізің.
Абай сөзі қазақтың бойтұмары,
Ұлықтаймын, Елбасының лебізін!
Ұлылық қадірің мен қасиетің,
Ұрпақты өрлетуде өсиетің.
Мәңгілік ел ақыны Абайысың,
Адамзат рухыңа бас иетін.
Ұлылық. Толық адам ілімің де,
«Болашақ» бағдарында білінуде,
Есімің қазақ елі құрметімен
Мерекелер тізбесіне ілінуде.
Ұлылық Алатаудай аңғарылған,
Әндерің әуелейді заңғарынан.
Қауырсынмен тізілген жазбаларың,
Әлемнің он тіліне аударылған.
Ұлы сөз, бейімділік бірлесуге,
Адамзат шығармаңмен тілдесуде.
Абайлық көше, мүсін, ескерткіштер,
Өзімде, өзге елдің іргесінде.
Ұлылық ақын жыры толғауында,
Президент үн қосты Жолдауына.
Мерейлі 175 жыл той тойланды,
Елбасы, ЮНЕСКО қолдауында.
Ұлылық тұғыр, тұлға, келбетіңде,
Ұрпағың өсиетіңді өрлетуде.
Қара сөз дүниені дүрілдетіп,
Тәуелсіздік бесігін тербетуде.

Өміржан ШАЛҒЫНБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

2a4xobpxwjh3f4lwa

Бүгінгі таңда бүкіл әлемді елеңдетіп, қоғам дертіне айналып отырған суицид мәселесі, қоғамда болып жатқан өзгерістер мен сан түрлі қиындықтар бала психологиясына кері әсер етуде.
«Суицид» дегеніміз не, және оған кімдер барады?» деген сұрақты үнемі ата-аналардан, мұғалімдерден, кейде оқушылардан естуге болады. Егерде баланың, адамның іс-әрекетіне, мінез-құлқына мән бермей, назар аудармасақ оған бір қалыпты жауап беруге болар еді. Мысалы, тұрмыстық жағдайы қанағатсыз болса, немесе отбасының ішкі ахуалы жайсыз болса деп айтуға болар еді. Бірақ, қазіргі қоғамдағы өмірде әлеуметтік жағдай ең басты мәселе емес. Себебі, «көңілі көк, тамағы тоқ» жасөспірімдер де өз өмірлерімен қош айтысып жатады.
Суицидтің жалпы себебі – психикалық зақым келтіретін, стрестік жағдайлардың әсерінен пайда болатын психоәлеуметтік дезадаптация және тұлғаның айна­ласындағылармен қарым-қатынасының бұзылуының салдары болып табылады. Бірақ та, жасөспірімдерде бұл жалпы бұзылу емес, тек ғана туған-туыстарымен, отбасымен қарым-қатынастың әлсіреуі.
Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек 5 жасқа дейінгі балаларда өзін-өзі өлтіру әрекетіне бару өте сирек кездеседі. Жанұялық қақтығыстарға байланысты 9 жасқа дейін 2,5%, ал 9 жастан кейін 80% өзін-өзі өлтіру әрекетіне барады екен. Жеткіншек кезеңінде суицидальды әрекеттің себебі болып ата-анасымен, мұғалімдерімен қақтығысқа бару салдары болып табылады. Жастар арасында, қыздар арасында, әсіресе, қыздарда өздерінің жігіттеріне байланысты суицидальды әрекеттерге баратыны анықталды.
Суицидтың ең жиі кездесетін кезі 15-24 жас аралығы. Өзін-өзі өлтіруге бармас бұрын, суициденттердің көбі дайындық кезеңі – суицидальды кезеңінен өтеді, ол адамның бейімделу қабілетінің төмендеуімен сипатталады. Ол қызығушылық деңгейінің төмендеуі, қарым-қатынастың шектелуі, мазасызданғыш, эмоционалды тұрақсыз болуы т.б.
Жапон елінде тек, 1986-жылы ғана 25524 жағдай тіркелген. Швейцарияда әскер қатарына шақырылған бозбалаларды психологиялық тексеруден өткізген кезде олардың 2% өзін-өзі өлтіруге барған, ал 24%-де суицидальды ойлар айқын көрінгені мәлім болған. Польшада соңғы 10 жыл ішінде 12-20 жас арасындағы суицидтен өлген балалар саны 4 есеге көтерілген, ал оның 21 пайызын қыздар алса, қалған 79 пайызын ұлдар құрайды.
Әрбір адам өмір сүруге құқылы. Олай болса, неге арамызда өз өлімінен бұрын өмірден озатын адамдар кездеседі? Қиыншылыққа төзбей өмірден өте салу оңай. Бірақ, осының артында қаншама қайғы-қасірет, мұң бар десеңізші! Сондықтан да, мұндай нәрседен аулақ болайық!

«Тұрбат ауыл округі әкімі аппараты»
мемлекеттік мекемесі.

60cc296ec7442Тәуелсіздік, тәуелсіз ел, тәуелсіз халық қандай керемет сөздер. Тәуелсіз ел болу бізге оңайлықпен келген жоқ, тәуелсіз мемлекет болуы үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қан төкті, зардап шекті. Тәуелсіздік күні – бұл жай ғана мереке емес, ол Қазақстанда тұратын барлық халықтардың еңбекқорлығы мен достығының айғағы. Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 30 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Бұл жетістіктер Қазақстанды әлемге мойындатқан, ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген Тұңғыш Президентіміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясаты мен ерен еңбегінің нәтижесі. Айшықты отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл – атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі.
1991-жылы 16-желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы, желтоқсанның суық желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын», – деген сөздері дәл келетіндей.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылымен тұспа-тұс келіп отырған мектебіміздің іргетасы қаланғанынада 30 жыл толып отыр. Қос мереке қатар келген тұста мектебімізде түрлі іс-шаралар өтуде. «Тәуелсіздік теңдесі жоқ байлығым!» тарих құқық пәндері апталығы, 5-6 сыныптар арасында «Тарихыңды білесің бе?» тақырыбында сайыс «Мамандық таңдау өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау» тақырыбында 9-11 сыныптар арасында «дөңгелек үстел» өтті. 15-қараша мен 15-желтоқан аралығында «30 жылдыққа – 30 іс-шара» тақырыбында айлық жоспармен жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсап кеткен тәуелсіз елдің туын биік ұстау, одан әрі жандандыру болашақ ұрпағымызға тарих пен тағлымымызды қаз қалпында жеткізу, біздің, жастардың қолында! Мағжан Жұмабаев атамыз «Мен жастарға сенемін!» – деп бекер айтпағандай.
Тәңірдің берген үлкен сыйы болған тәуелсіздігіміз баянды, мәртебеміз биік болып, көк туымыз көгімізде мәңгі желбіресін!


С.КӨЗБАЕВА,
Д.Қонаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі директорының

бейіндік істер жөніндегі орынбасары.

16-желтоқсан – сан ғасыр аңсаған ата-баба арманы орындалған күн. 1991-жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991-жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заңды қабылдады. Ескеретіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990-жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның егемендігі туралы декларациямен бірге қазақ елінің елдігін нығайта түсті.
Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран мемлекеті мойындады.
Бүгін – ақ түйенің қарны жарылған ұлы тәуелсіздік мейрамы! Осынау ұлы тәуелсіздік ұғымы әр қазақтың жүрегінің терең түкпірінен ойып тұрып орын алары сөзсіз. Көк аспанда қыранымыз биікте қалықтап, әр таңда күліп оянып, әр кеште тыныш ұйықтауымыздың өзі осы азаттықтың арқасы деп білеміз. Тәңірге тәуба!
Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ең үлкен аманаты. Сондықтан, оның мәнін ұғынып, баянды да мәңгі болуына аянбай қызмет ету – басты парызымыз.
Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен хан-сұлтандары мен батырларын тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақтап, олардың өлмес рухын ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жеткізді. Бұл қасиетті шежіре – бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жас­тайынан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болып табылады.
Отан, Отан бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем!
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен!
– деп өткен ғасырда жүрегінен сыздай жырлаған ақын сөздері бүгінгі ұрпақтың санасында өшпестей жаңғырып тұрады. Қасиетті Отан ұғымы қандай кезде де, қандай қиындық пен қуанышта да, тіпті отаршылдықтың тар қапасында тұншығып жатқанда да, ел басына күн туған аласапыран шақтарда да, және бүгінгідей тәуелсіздіктің бейбіт те шуақты күндерінде де әрқашан да бәрінен де биік тұрады.
Әрдайым еліміздің еңсесі биік, туымыздың тұғыры берік, тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!


А.СМАЙЛОВ,
Қазығұрт аудандық
сотының бас маманы.

ЖАНАРСЫЗ ДА ЖАРЫҚ ӘЛЕМ

Сейсенбі, 30 Қараша 2021 00:00

2 1

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету – еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Оларға қолдау көрсету қоғамның ортақ міндеті. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғауды мемлекет басшысының өзі басты назарға алып отыр.
Тарамдалған тағдыр жолы біреулер үшін соқпаққа толы болса, енді біреулер үшін тақтайдай тегіс. Тағдырдың тауқыметімен күрескен зағип жандардың тірлігі қиындыққа толы. Алайда, көру мүмкіндігі шектелсе де, олар қол қусырып, қарап отырмайды. Тек үйде ғана емес, қоғамдық шараларға да белсенді қатысып, өз өнерлері мен шығармашылықтарын көрсетіп отырады.
Жуырда аудан орталығындағы «Ханшайым» мейрамханасында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының 30 жылдығы аясында Дүниежүзілік зағиптар күніне арналған «Жанарсыз да жарық әлем» атты мерекелік іс-шара өтті. Облысымыздың өзге де аудандарынан келген көзі ғаріп демесең, көңілі жарық жандар бір-бірімен қауышып, бір марқайып қалды. Мерекеге орай жайылған дастарханнан дәм татып, емін-еркін әңгімелесіп, өзара пікір алмасу, жағымды жаңалықтармен бөлісу мүмкіндігіне ие болды. Аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары әннен шашу шашып, қонақтардың көңілін көтерді.
Іс-шара барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Серкебаев, «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Исақұлов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Д.Кулимов, Сарапхана ауыл округінің әкімі Ә.Тұрғараев ізгі тілектерін білдіріп, мерекемен құттықтады.
Дүниежүзілік зағип жандарды қолдау күніне орай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін зағиптар қоғамының аудандардағы өкілдері Келес ауданынан П.Шоңғараева, Сарыағаш ауданынан Ж.Тойлыбаева, Ордабасы ауданынан З.Айтек, Қазығұрт ауданынан С.Дәндібаев, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Ақсукент» корпоративтік қорының төрағасы Н.Жұмағұлов аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және зағиптар қоғамының бір топ мүшелері «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының «Алғыс хатымен» марапатталып, сый-сияпат жасалды.
Шараға қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.


Олжас Зайыров.

7jKuVlyUs7PQskfn-lg

Жол қозғалысы ережелері – бұл көлік құралдарының жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің міндеттерін реттейтін ережелер жиынтығы, сондай-ақ, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көлік құралдарына қойылатын техникалық талаптар. Күнделікті сіз жаяу жүргінші, автокөлік, велосипед немесе басқа да көлік құралдарының жүргізушісі ретінде жол қозғалысының қатысушысы болып табыласыз. Сол себепті, жол қозғалысы ережелерін білу – аса маңызды.
«Жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2014-жылғы 13-қарашадағы №1196 қаулысымен реттеледі.

Жолаушылардың міндеттері қандай?

№1196 қаулының 4-бөлімінің 1-тармағына сәйкес жолаушылар: ішкі істер органдарының қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз көлік құралын тастап кетпеуге; қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған көлік құралымен жол жүрген кезде оларды тағуға (Қағидалардың 2-бөлімі 1-тармағының 2) тармақшасын ескеріп), ал мотоциклмен жол жүрген кезде – түймеленген мотошлемде болуға; тротуар немесе жол жиегі жағынан және көлік құралы толық тоқтағаннан кейін ғана отыруды және түсуді жүзеге асыруға міндетті. Егер, тротуар немесе жол жиегі жағынан отыру және түсу мүмкін болмаса, бұл қауіпсіз болатын және жол жүрісіне басқа да қатысушылар үшін кедергі келтірмейтін жағдайларда жолдың жүру бөлігі жағынан жүзеге асырылады.

Жаяу жүргіншілердің міндеттері?
№1196 қаулының 3-бөлімінің 1-тармағына сәйкес жаяу жүргіншілер: Тротуармен немесе жаяу жүргіншілерге арналған жолдармен, ал олар болмаған кезде – жол жиегімен, сондай-ақ, қағидалардың 17-бөлімі 1 және 4-тармақтарының талаптарына сәйкес жүреді. Көлемі үлкен заттарды көтеріп немесе алып келе жатқан жаяу жүргіншілер, сондай-ақ, қозғалтқышы жоқ мүгедектер арбасымен келе жатқан адамдар, егер олар тротуармен немесе жолды жағалай жүргенде басқа жаяу жүргіншілер үшін кедергі келтіретін болса, жолдың жүру бөлігінің жиегімен (бөлу жолақтары бар жолдарда – жолдың жүру бөлігінің сыртқы шетімен) жүре алады. Тротуарлар, жаяу жүргіншілерге арналған жол немесе жолдың жағалауы болмағанда, сондай-ақ, олармен жүру мүмкін болмаған жағдайда, жаяу жүргіншілер велосипед жолымен немесе жолдың жүру бөлігінің шетімен (бөлу жолақтары бар жолдарда жолдың жүру бөлігінің сыртқы шетімен) бір қатарда жүре алады. Елдімекендерден тыс жерлерде жолдың жүру бөлігімен жүрген кезде жаяу жүргіншілер көлік құралдарының жүрісіне қарсы жүруі тиіс. Жолдың жүру бөлігінің шетімен қозғалтқышы жоқ мүгедектер арбасында келе жатқан, мотоцикл, мопед, велосипед жүргізуші адамдар көлік құралдары жүрісінің бағытында жолдың оң жағымен жүреді.

Б.ҚАЛЫМБЕТ,
«Тұрбат ауыл округі әкімі аппаратының»
бас маман-заңгері.

758b1e8b-26ac-4184-baca-d4f9d2c9dfc5

Қазір телефон арқылы алаяқтық жасайтындар көбейіп тұр. Соңғы кезде ауданымызда алаяқтардың арбауына түсіп, сан соғып қалғандар көп. Қазығұрт аудандық полиция бөлімі тұрғындарға ескерту жасап жатыр. Соның өзінде де тұрғындар алаяқтардың «құрығына» ілігуде. «Аңқау аңдамайды да, алаңдамайды да» деген бар. Аңдамауы мүмкін болғанымен, аяқ аттасаңыз, алаяққа тап болар заманда алаңдауыңыз қажет-ақ. Себебі, аңқаулықтың кесірінен астындағы атын алты ай іздемек түгілі, айырылып қалуы да ғажап емес. Елімізде банк карталарының әрбір төртінші иесіне қаржы алаяқтарынан қоңыраулар келіп түседі. Ал, коронавирустық індет кезінде зерттеу нәтижесі бойынша олардың саны 30%-ға ұлғайды.
Телефон алаяқтары алдаудың ең ұтымды тәсілдерін қолданады. Осылайша, заманауи технологиялар адамды адастыру мүмкіндігін күннен күнге арттырып, сенгіш азаматтарды қулықтың құрығына түсіреді. Қарапайым адамдар телефон арқылы алаяқтың тұзағына түскенін байқамай, жеке мәліметтерін оп-оңай бере салады. Бүгінгі мақаламызда телефон алаяқтарының жымысқы әрекеттері мен күтпеген шығындардан қорғану жолдары туралы біле аласыздар.
1. Есіміңізді біледі
Алаяқтардың басым бөлігі есіміңізді ғана біліп қоймайды, сондай-ақ, тегіңіз бен әкеңіздің атын да біледі. Кейбір әккілер картаңыздағы деректермен қатар, сізге қызмет көрсететін банк жайында да хабардар болуы мүмкін. Алаяқ хабарласқан уақытта алдымен осы мәліметтерді алға тартады. Сонымен қатар, транзакция нөмірін және т.б. сандарды айтып, одан сайын сенімге кіруге тырысады.
Шындығында, мұндай ақпаратты табу қиынға соқпайды, оны банктердің мәліметтер базасынан немесе әртүрлі агрегаторлардың көмегімен алуға болады. Сіздің атыңыз бен телефон нөміріңіз бір кездері жеңілдік картасын жасаған немесе бонустық бағдарламаға қатысқан кез-келген дүкенде болуы мүмкін.
2. Сөзбен жаңылдырып, үрей тудырады
Қоңырау шалушылар әдетте қобалжулы дауыспен біреудің сіздің картаңыздан ақша алуға тырысып жатқанын айтады немесе күдікті аударым мен карта бұғатталуы туралы телефонға хабар береді.
Кең таралған амал-айла:
- Сіздің картаңыздан күдікті аударым жасалды.
- Сіздің шотыңыздан белгілі бір сома есептен шығарылды.
- Біреу сіздің жеке кабинетіңізге кірді.
- Біреу сіздің атыңыздан төлем жасауға немесе картаны басқа телефон нөміріне тіркеуге тырысты.
Телефон алаяқтары картамен «күдікті» әрекеттерді тоқтату үшін шот нөмірін, сондай-ақ, CVV-кодын немесе транзакцияларды растау кезінде телефонға SMS-хабарламамен келетін қысқа кодты атауды сұрайды.
SMS-хабарламадағы кодты айту арқылы сіз ақша аударымын тоқтатпайсыз, керісінше оны растайсыз және бұл жағдайда ақша алаяқтардың шотына түседі. Сонымен қатар, алаяқтар сізден өз карталарының деректемелерін атай отырып, өз еркімен картадағы ақшаны басқа «қауіпсіз» шотқа аударуын сұрайды.
3. Әңгімені созуға тырысады
Сіз телефон тұтқасын қоймау үшін қаржы алаяқтары барлық амал-тәсілдерді қолданады. Олар тез, әрі еш кідіріссіз сөйлейді, адамның көңілін мүмкіндігінше ұзағырақ аулауға тырысып, қосымша сұрақтар қояды.
Есіңізде болсын!
Банк қызметкерлері ешқашан сіздің уақытыңызды алмайды және «Әңгімені жалғастыруға бірнеше минут бөле аласыз ба?» деп сыпайы түрде сұрайды.
Егер, клиент кейінірек қоңырау шалуды сұраса, банк қызметкерлері қарсы болмайды.
4. Қаржылық көмек пен дағдарысқа қарсы жәрдемақы ұсынады
Коронавирустық пандемияға байланысты адамдарға хабарласып, оларға қаржылық қолдау көрсетілетіні туралы хабар беретін жағдайлар жиілеп кетті: төлемдерді бөліп төлеу, несиелік демалыс және т.б. Алаяқтар оларды рәсімдеу үшін банк картасының деректерін айтуыңызды сұрайды және жоғарыда айтқан амал-айлаларды қолданады.
Егер, банк картасының иесі мәліметтерді, жарамдылық мерзімін және CVV-кодын (картаның артқы жағында көрсетілген үш сан) атаса, әккі алаяқта сіздің шотыңыз арқылы онлайн сатып алуға арналған барлық қажетті мәліметтер болады.
Соңғы уақытта балаларға арналған «дағдарысқа қарсы» жәрдемақыларды төлеуге байланысты алаяқтық жағдайлары жиіледі. Алаяқтар осылайша ресми сайтты сырттай көшіріп, мемлекеттік қызметтер порталын имитациялайтын интернет-сайттар жасап, жәрдемақы төлеу үшін банк шотының нөмірі туралы деректерді енгізуіңізді сұрайды.
5. «Тиімді» ұсыныстармен хабарласады
Мысалы, кейде лотереяға қатысуды ұсынады. Ол үшін сіз сайтта сауалнама жүргізуіңіз керек. Барлық қатысушыларға ірі ұтыс уәде етіледі және картаны растау үшін олар банк шотына 1000 теңге аударуды сұрайды. Әрине, ешқандай лотерея өткізілмейді, ал карта иесі белгісіз шотқа ақша жібереді.
Қаржы алаяқтарынан қорғану жолдары
1. Телефон арқылы өз картаңыздың деректемелерін, әсіресе, үш таңбалы CVV-кодын әрі SMS-хабарламамен келген кодтарды ешкімге айтпаңыз!
2. Бейтаныс нөмір қоңырауларына жауап бермеуге тырысыңыз немесе белгісіз нөмірлерді анықтайтын антивирустық бағдарлама мен арнайы қосымшаны қолданыңыз.
3. Егер, әңгіме барысында күмән туындаса, қоңырау шалушымен әңгімені жалғастырмай, телефон тұтқасын қойыңыз. Сіз, клиент болып табылатын банкке кез келген уақытта пластикалық картаның артқы жағында көрсетілген нөмір бойынша қоңырау шалуға болады.
4. Егер, сізге алаяқтардан қоңырау келіп түссе, банкке қайта қоңырау шалып, күдікті қоңырау туралы хабарлау керек.
ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН!
Осындай қылмыстардан қорғану өзіңізге тікелей байланысты. Ең алдымен, тиімді ұсыныстар туралы ақпарат алған кезде эмоцияларға берілуге болмайды. Ақша аудару туралы кез-келген өтініш сізді алаңдату керек!
Егер, сіз танымайтын азаматтар толық немесе ішінара алдын-ала төлемді электрондық шотқа аударуды талап етсе, бейтаныс адамға сенуге қаншалықты дайын екеніңізді ойлаңыз.


Д.АМАНТАЙ,
Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты.

1234елб

Желтоқсан айының алғашқы жұлдызы – еліміздің тарихындағы айтулы күн. 1991-жылдың дәл осы күні қазақ елі өзінің Тұңғыш Президенті етіп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлаған болатын. Сөз жоқ, бұл Қазақ­станның жарқын болашаққа жасаған ең алғашқы нық әрі дұрыс қадамының бірі еді. Халқымыздың тәуелсіздік алып, бүгінгі дәрәжеге жетуі – анық Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі. Өзінің сарабдал саясатымен көпшілікті тәнті еткен Нұрсұлтан Әбішұлы, шындығында, дана көшбасшы. Соның нәтижесінде 2011-жылғы 1-желтоқсан «Тұңғыш Президент күні» мерекесі болып заңды түрде бекітілген болатын.
Тәуелсіздіктің арқасында қазақ елі өз ішінен Президент сайлау мүмкіндігіне қол жеткізді. Бүгінде Елбасы жүргізген парасатты саясатының нәтижесінде Қазақстан көптеген белестерді бағындырып, дамушы елдердің қатарына қосылды. Көпэтносты және көпконфессиялы еліміздегі ауызбіршілік пен ынтымақ халықаралық аренада бейбітшіліктің үлгісі болып отыр.
Ұлт көшбасшысы тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарын еске алғанда халықтың сеніміне арқа сүйегенін тілге тиек еткен еді. Халықтың сенімі ардақты ұланы үшін әрдайым қуат пен қайраттың қайнар көзі болып қала бермек. Тұңғыш Президент күні тәуелсіздігіміздің белгісі, көк байрағымыздың биікте желбірегенін көруді аңсаған ата-баба арманы орындалғанының көрінісі.
Президент боламын деген кісі ақылы мен қайратын, жігерін, ірі саясаткер талантымен, ел басқару ісіндегі мол тәжірибесімен ұштастыра отырып, елдің бірлігі, халықтың тыныштығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен қадір-қасиетінің артуы үшін еңбек етуі шарт. Нұрсұлтан Назарбаев бұл шарттардан мүдірмей өтті, ол елдің, мемлекеттің ақыл-ойын байытуға, абыройын асыруға, ар-ожданын ардақтауға қызмет етті және қызмет етіп келеді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара басшылығымен демократиялық құндылықтарды құрметтеу, ашық қоғам құру, адам құқын қорғау мен сөз бостандығын өркениет өрісіне сай қамтамасыз ету салаларында ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жетті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа арнаған Жолдауындарындағы қасиетті, киелі ойлар республикамыздың түкпір-түкпірінде іске асырылып, жандануда. Біз бірлік, ынтымақ, бауырмалдық, татулықтың арқасында ғана – бақыттымыз. «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деген даналықтың түп қазығы осында. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен әр жыл ел дамуына ерекше орын алатын бағыттарға арналып, тарихымыз таразыланды, бірлігіміз бекіп, мәдениетіміз өсіп, денсаулық саласы нығайып келеді. Сол жақсы үрдісті жалғастыру біз үшін перзенттік қарыз да парыз болып саналады. Біз, жастар әрқашан да Елбасымен біргеміз. Жастар – Елбасының тірегі, Елбасы – елдің тілегі!


Гүльима ДАВИДОВА,
Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі.

1 15

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде елімізде үшінші рет халық санағы өткізілді. Халық санақтары әлеуметтік және демографиялық ақпараттың негізі дереккөзі. Халық санағын өткізу нәтижесінде алынған деректер халық туралы ең нақты және анық, сипаттамалық ерекшеліктері және өткізудің, нәтижелерді жариялаудың ерекше қағидаттары бар мәліметтер болып табылады.
Халық санағының деректері мемлекеттік органдармен, сондай-ақ, басқа қолданушылармен Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамдарын және бағдарламаларын әзірлеу үшін пайдаланылады.
Биылғы санақтың алдыңғы санақтардан ерекшелігі – алғаш рет цифрлық технологиялар қолданылды. Аудан бойынша азаматтардың 65 пайызы онлайн санақтан өтсе, 35 пайызына арнайы сұхбатшылар арқылы офлайн санақ жүргізілді.
Жуырда аудандық мәдениет сарайында, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткізілген ұлттық халық санағына белсене қатысқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Т.Қалымбетов, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің бас инспекторы Е.Шорабаев, Қазығұрт ауданының статистика басқармасының басшысы М.Досыбаев қатысты. Аталмыш шарада «Қазақстан Республикасының статистика күніне» орай және «2021 жылғы ұлттық халық санағының» өтуіне ерекше үлес қосқаны үшін Түркістан облысы бойынша статистика департаменті басшысының Алғыс хатымен аудандағы уәкілдер, нұсқаушы-бақылаушылар және сұхбатшылар марапатталды.
Аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары әннен шашу шашып, іс-шараға қатысушылардың көңілін көтерді.

Олжас ЗАИРОВ.

255176250 3037323393205135 1197125995001603167 n

Түркістанда «Алатау» медиа орталығы­ның мәжіліс залында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «Этно саралық қатынастар саласындағы медиа сауаттылықты арттыру тақырыбында тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Семинар-тренингке Түркістан облыс­тық Қазақстан халықтары Ассамблеясы жанындағы журналистер мен блогерлер клубының жетекшісі Ерсұлтан Әмірбек модераторлық етті. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысы­ның орынбасары-хатшылық меңгерушісі Д.Сариев сөз сөйлеп, Елбасы Н.Назарбаев ұлтаралық қатынастарды нығайтуда, ел бірлігі тұрғысында жүргізген саясатының маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті.
Мұнан кейін «Turkistan Media Holdinq» ЖШС басқарушы директоры, республикалық «Айқын» газетінің тілшісі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Тельман Бейсен «Этносаралық қатынастардағы БАҚ-тың және әлеуметтік желінің рөлі», «Қызмет» газетінің бас редакторы, «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова «Этно­ саралық қатынастар туралы ақпарат берудің ерекшелігі мен жауапкершілігі» тақырыбында лекциялық баяндама жасады. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Әтіркүл Тәшімова, «Еркін ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаев, «Қазығұрт тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Дидар Бегалиев, Сауран аудандық газетінің бас редакторы Оразбек Әміреев, «Ордабасы оттары» газетінің бас редакторы Ғалымжан Зиябек, қоғамдық белсенді блогер Ләззат Асанова, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы Айдар Сейдазым жарыссөзге шығып, баяндамашылардың сөзіне орай пікірлерін ортаға салды.
Жалпы семинарда ұлтаралық татулықты сақтау мәселесінде келелі әңгімелер қозғалды. Тұрмыстық деңгейдегі түсініспеушілік пен ұрыс-керісті, кейде болмашы нәрсені желеу етіп, саясиландырмау туралы әңгіме айтты. Айдар Сейдазым оқиға орын алса, ол жерде ең алдымен блогер, әлеуметтік желі қолданушылары емес, кәсіби журналистер жүру қажет деді.

Дидар БЕГАЛИЕВ.