ҚАРАПАЙЫМ КӨПЕЕВ

Жұма, 04 Қараша 2022 00:00 Жарияланды Әлеумет Оқылды 333 рет

20190404 152949

Сәулелі ізімен жөн сілтеп жүрген жандар көп. Соның бірі тумысынан қарапайым, өмірі мен атқарған еңбектері жас буынға ғана емес, өзімен бірге қызметтес болған әріптестері мен жанында жүрген өзге замандастарына да өнеге бола алатын Қазығұрт аудандық мәслихатының хатшысы Өрісбай Бұхарұлы Көпеев. Ол күні кеше «Пайғамбар жасқа» толған, отбасында үш ұл мен немерелерді тәрбиелеп отырған бақытты жанұяның отағасы болумен қатар ел басқарып отырған ел ағасы, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы.
«... Жүрген соң баурайында күнде көріп,
Таулардың биіктігі байқалмайды» - демекші, Өрісбай Көпеев жайлы жазу маған әрі оңай, әрі қиын. Оңай дейтінім, ұстаз Өрекең мен хатшы Көпеевтің өсу жолдары менің көз алдымда өтіп жатыр. Мен білмейтін сырымыз да, жырымыз да жоқтың қасы десем де болады.
Ал, қиын дейтінім, елді елдікке, мемлекетшілдікке, ынтымақ пен бірлікке шақырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге, қара халықты еңбексүйгіштікке шақырып, елдің, жердің гүлденіп, Жаңа Қазақстанның дамуы жолындағы атқарып жүрген қалтқысыз қызметін қаз-қалпында елге жеткізу.
Дей тұрғанмен, өзінің қарапайым қасиеті мен тектілікті, ірілік пен іскерлікті пір тұтқан, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүрген Өрекең жайлы жазуға тоқталдым.
Көпеев Өрісбай 1959 жылдың 24 қазанында Қазығұрт ауылында қарапайым отбасында өмірге келген. 1966 жылы Қ.Сәтпаев атындағы мектептің табалдырығын аттап, 1976 жылы сол мектепті үздіктер қатарында бітіріп шыққан. Еңбек жолын қарапайым жұмысшылықтан, яғни 1976-1978 жылдар аралығында аудандық ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу мекемесінде жабдықтарды жөндеуші слесарь болып бастаған. 1980 жылы КСРО Қарулы күштері қатарына шақырылып, Отан алдындағы әскери борышын Қырым жарты аралындағы Севастополь, Владивосток қалаларында, Камчатка жарты аралындағы Петропавлск-Камчатскі қаласында, Вьетнам Социалистік ­Республикасында абыроймен атқарып «Достық медалімен» марапатталған. Тіпті, Қазақстандағы ең жоғарғы оқу орны Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға жолдама берген. Сол жолдамамен 1980 жылдың қарашасында ҚазМУ-дің дайындық бөлімінің тыңдаушысы атанып, 1981 жылы осы университеттің тарих факультетіне студент болып қабылданады. 1986 жылы университетті үздік бітіріп шыққан Өрекең жолдамамен Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Н.Крупская атындағы орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып жайғасады. Үш жылдан астам еңбек етіп, 1989 жылы туған жердің топырағына өзі оқып бітірген Қ.Сәтпаев мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып ауысады. Үлгілі еңбегінің нәтижесінде 1994-1997 жылдар аралығында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі, оқу тәрбие жөніндегі орынбасары қызметтерін, 2000-2002 жылдарда «Орталық саябақ» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры, 2002 жылдың мамыр айынан Т.Рысқұлов орта мектебі, 2007 жылдан «Болашақ» мектеп-гимназиясының, 2013 жылдан Қ.Сәтпаев мектеп-лицейлерінің директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 2016 жылы Қазығұрт аудандық мәслихатының алтыншы шақырылымындағы сайлауға «Нұр Отан» партиясының ұсынуымен түсіп, депутат болып, сол жылғы наурыздағы аудандық мәслихаттың №1/3-VI шешімімен аудандық мәслихат хатшысы болып сайланды.
Өзінің білімді де, біліктілігімен ел басқарудағы тәжірибесінің нәтижелілігінің арқасында 2021 жылғы қаңтарда мәслихаттың жетінші шақырылымында да халық қолдап, депутат болып, аудандық мәслихаттың хатшысы болып қайта сайланды.
Кісілігінен кішілігі басым Өрісбай Көпеевті ел сыйлайды. Ауданда өзіндік беделге ие. Тіпті, облыстағы әріптестері арасында да салмағы басым, өзіндік орны бар азамат. Өрекеңнің ел үшін еткен еңбектері де ересен. Мәселен, өзі тарихшы болғандықтан ба бәлкім, өзі директорлық қызмет атқарған барлық мектептерде өлке тарихы мен ауданнан шыққан өр тұлғалы азаматтардың өмірдеректері мен фотосуреттерін жинақтатып, сол мектептердің бір бөлмесінен музейлер ашуды дәстүрге айналдырған болса, аудан хатшысы қызметін атқарып келе жатқан соңғы жылдар көлемінде де аудан орталығынан ашылып жатқан көптеген тарихи, мәдени нысандардың ашылу жолында да Ө.Көпеевтің қолтаңбасы мен ықпалы ерекше. Басқа-басқа аудан орталығынан ашылған «Отбасылық аллея» мен «Ұстаздар аллеясы», орталық саябаққа қойылған «1979-1989 ж.ж. Ауғанстан ұрысы», «1988-1992 ж.ж. Таулы Карабахтағы этносаралық қақтығыс», «1993-2001 ж.ж. Тәжікстан-Ауғанстан шекарасы іс-қимыл», «2003-2011 ж.ж. Ирак операциясы» сынды оқиғаларға қатысып, ерлікпен қаза тапқан жерлестердің рухына арналған ескерткіш тастар тікелей Өрекеңнің бастамасымен бой көтерген десек жаңылыспаймыз. Сондай-ақ, өзі халық қалаулысы болғандықтан болар, хатшы болып қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап-ақ, халық пен биліктің арасына алтын көпір орнатып аудан әкімімен бірлесіп, әсіресе, бұрыннан мемлекет тарапынан беріліп келген марапаттар мен орден, медаль, атақтарды адал еңбегімен ел құрметіне бөленген азамат, азаматшаларға бергізуге атсалысуда. Тіпті, соңғы бірер жылда, аудан әкімі болып туған жердің тумасы Абдуллаев Арман Айдарұлы келгелі Ө.Көпеевтің бұл бастамасы жандана түсті. Өйткені жас әкім де мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты қазақстандықтарға арнаған Жолдауындағы «Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені, мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады» деген сөйлем жолдарын басшылыққа алып, ең алдымен аудан әкімдігі жанындағы марапат тапсырушы комиссияның құрамын әрбір саланың тәжірибелі де, білікті мамандарымен алмастырып және ол комиссия бір жыл ғана жұмыс атқаратындай етіп қойды. Яғни, комиссия мүшелері жыл сайын алмасып отырады. Бұның өзі бұрыннан қатып қалған қағиданың ыдырап, ауданға еңбегі сіңген нағыз азаматтардың марапатталуына бір қадамда болса ықпалы тиіп жатқан жайы бар. Алдағы кезде де Өрекеңнің ел дамуымен қоғамның өркендеуіне қосар үлесі артпаса кемімес деген ойдамыз.
Ел үшін еткен еңбек, төккен тер ескерусіз қалған емес. Кеудесінде Кеңес әскерлері сапында жүргенде тағып келген Вьетнам Социалистік Республикасының «Достық» медалі мен «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «ҚР-ның Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медальдары жарқыраса, онан өзге де ҚР Президентінің «Алғыс» хаттары мен Құрмет грамоталары жеткілікті.
Иә, «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын» – деген, даналық сөз бар. Біз бүгін Пайғамбар жасқа толған қарапайым Өрісбай Көпеевтің еңбек жолдарын елге жеткізгендей болдық. Мерей жасыңыз құтты болып, өрісіңіз кеңейсін, Өреке! Ұрпағыңызбен мың жасаңыз!

Райымбек АЙТУБАЙ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі,
Қазығұрт ауданының
Құрметті азаматы.