39-1

Ұлы Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген алаш көсемі Әлихан Бөкейхан ағамыздың сөзі талай елге өлшеусіз қызмет етіп келе жатқан жандардың ажарын аша түскендей. Демек біз елге қызмет етуде оқ бойы озық келе жатқан азаматтарды неге жерлестерімізге танытпасқа, неге сол кісілердің еңбегін елге үлгі етіп көрсетпеске?! Жасыратыны жоқ, қазіргі заманда «ер-азамат түздің адамы, қыз-келіншектер үйдің адамы» деген түсінікпен қарап отыруға болмайды. Зайырлы мемлекетімізде ер-азаматтармен тең құқылы іскер әйелдердің арамызда қаншасы жүр. Ер-азаматтардан қалыспай, қажырлы жұмыс істеп келе жатқан Гүлбахира Қалмұханқызымен арада өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынбақпыз.
– Гүлбахира Қалмұханқызы, өзіңізді қазығұрттық жерлестеріңіз мақтаныш тұтады. Әйел – ана, кәсіпкер, іскер басшы ретінде кәсіпке ден қойған қыз-келіншектерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Кәсіпте жетістікке жетудің құпиясын әркім әртүрлі таразылайды. Әйел адамның кез-келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын ескеруіміз қажет. Өйткені, қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің үлесі бар екені ақиқат. Кейінгі кездері ауыл шаруашылығымен және басқа да кәсіп түрлерімен айналысып жүрген нәзік жандар жетерлік. Жалпы кәсіптің көзін тауып, ісмерлігімен, шеберлігімен көзге түсіп жүрген қыз-келіншектер баршылық. Менің айтпағым, сөзден бұрын іспен тындыру керек. Өз ісіңде атақ пен ақша, мансап қуалап кетпеу керек, ең бастысы өз кәсібіңе деген махаббат, жан дүниеңмен беріліп істеу. Табысты кәсіпкерлер бір-біріне ұқсайды: оларды еңбекқорлық, табандылық және жетістікке деген ұмтылыс сынды қасиет­тер біріктіреді. Сондықтан, ең алдымен, қалай табысты кәсіпкер болуға болады деген сұрақ туындағанда, бойыңызда осы қасиеттер бар ма және табысқа жету жолында құрбандыққа баруға дайынсыз ба, соны анықтаңыз. Мемлекет маған не береді деместен, мемлекетке мен не беремін дейтін азаматтардың қатары көбейсе екен деймін. Кәсіп ашып, сол арқылы жетістікке жеткісі келетіндерге айтарым, тәуекелге баруға қорықпаңызар! Тым құрыса, қаржылай қолдаудың жоқ екеніне қарамастан несие алып болсын тіршілікті тіктеуге болады. Бастысы – алған бетіңізден қайтпау. Өйткені, адамды абырой биігінен көрсететін шынайы қасиет – еңбекқорлық пен қанағатшылдық, табандылық.
– Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастапсыз. Өзге саланы таңдауыңызға не түрткі болды?
– Ия, оныңыз дұрыс алғашқы еңбек жолымды ұстаздықтан бастап, кейін келе есеп-қисап саласында еңбек еттім. Үнемі ізденіс үстінде жүретін адам бір жерде тоқтап қалмау керек деген ұғым бар. Тоқтаған күні бәрі құрдымға кетеді. Жастайымнан мені еңбекқор етіп тәрбиелеген ата-анамның тәрбиесі болса керек. Мен өзімді жан-жақты дамытуды қолға алдым. Балаң кездегі бар арманымды жүзеге асыру жолында алдыма көп мақсат қойып, сол мақсатыма жетем деп жүріп алыстап кеткен шығармын. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, басқа салада да бағымды сынап көргім келді. Себебі, біреудің қолынан келген дүние неге менің қолымнан келмейді деген мақсат басым болғаны үшін шығар.
– Жасыратыны жоқ, әу бастан мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрсіз. Қашан да қайырымдылық шаралардың арасында көреміз. «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының қоғамдық қабылдау кеңсесінің ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бірыңғай тақырыптық қабылдау республикалық акциясы өтті. Кездесуде 20-ға жуық аудандағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арыз-шағымдары қаралды. Нәтижесі қалай шешілді?
– Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында мүмкіндігі шектеулі азамат­тардың мәселесін тыңдап, көтерген мәселелерін талқылап, оларды шешу жолдарын қарастырдық. Қабылдауда болған аудан тұрғындарының көтерген мәселелері тұрғын үй мәселесі, оңалту орталығынан ем қабылдау, мүгедектігін айқындау, тегін берілетін дәрі дәрмектің уақытылы берілмеуі, кәсіпкерлік саласы, жас кәсіпкер жобасы бойынша сауалдар қойылды. Нәтижесі жаман емес, ақырындап іске асып жатыр. Жылдар бойғы мәселе бір ғана қабылдауда бітіп кетсе, қанекей. Айтылған жайттар, аудан әкімдігі мен жауапты бөлім басшыларының назарында. Шамамыз келгенше, мүмкіндігімізге қарай, азаматтардың арыз-шағымымен жұмыс жасап жатырмыз.
– Қазір әлеуметтік желінің өте қатты дамыған кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Әлеуметтік желінің арқасында кім, қайда, қандай тірлікпен айналысып жатқанын аңғаруға болады. Өткен жылғы праймериз соның дәлелі. Осынау сайлау кезеңінде түрлі жобалар бойынша жұмыстар атқарылды. Атап өтсек, канвассинг, «Есіктен-есікке» т.б дегендей. Жасандылықтың алдын алуда, халық қалаулыларының елмен бірге екендіктерін көрсетті. Дәл осы қарқынмен жұмыс жасап жатқан әріптестеріңіздің еңбегін қалай бағалайсыз?
– Жалпы, ойыңыз дұрыс. Бізді абырой биігіне көтеретін де халқымыз, бағамызды беретін де халқымыз. Халықтан асқан төреші, халықтан асқан сыншы жоқ. Мен өзім кабинетте отырғаннан гөрі ел аралап, жер аралап азаматтардың өтініштеріне құлақ түріп, олардың пікірімен санасып, айтқан ақыл-кеңестеріне құлақ түргенді құп көремін. Неге десеңіз, әрбір ауыл округіндегі басты мәселені сол ауылда туып, сол ауылда қанша жылдан бері тіршілік кешіп келе жатқан азаматтардан артық білмейсіз. Себебі, туған ауылына жаны ашитын, бір тұрғынмен бетпе-бет келіп тілдессеңіз, бар мәселені жайып салады. Әрине, қолдан келетіні бар, жоғарғы жаққа айтып, күн тәртібінде қарайтын мәселелер де кездесіп жатады. Шынайылық деген осы. Уақыт – төреші. Дәл қазір өзіңіз көріп тұрғандай ыңғайлы киімде қай ауыл округінде басқосу болмасын ақиқатына көз жеткізу, азаматтардың билікке деген, мемлекетке деген сенімін жоғалтпау жолында қызмет ету.
тажибаева-1903-2


– «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 5 жылдық сайлауалды бағдарламасы жайлы тоқталып өтсеңіз.
– «Nur Otan» партиясының 2025-жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы – біз қолға алған реформалардың заңды жалғасы. Жаңа бағдарлама – аса ауқымды, бірақ нақты жоспарланған, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген мақсаттар мен бағдарлар жиынтығы. Партияның бағдарламасын іске асыру бойынша Үкіметтің алдағы 5 жылға арналған нақты іс-қимыл жоспары. Барлық шараны сапалы іске асыру халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Қысқасы, Елбасы мен Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау барысында бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірге қызмет етуіміз керек.
– Қарабау, Жігерген, Тұрбат, Жаңабазар, Шарбұлақ, Қазығұрт т.б ауыл округтарында кестеге сай кездесу өткізіпсіз. Нәтижесі қалай?
– Иә, қай ауыл округы болмасын өзіне тән кемшіліктері мен қажеттіліктері бар. Әлі күнге дейін мүлкін, тұрғын-үйін, жеке басын құжаттандыруға немқұрайы қарайтын азаматтар кездеседі. Әрбір кездесу маған үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, қаншама тұрғын мәселем шешілсе деген ниетпен айтады. Кейбірін қойын дәптерімізге жазып аламыз. Ал, енді кейбір мәселелер ауыл әкімдігі қызметкерлері арқылы-ақ шешілетін нәрсе. Көпшілігі ізденгісі келмейді. Ары-бері жүгіргісі келмейді, бұл жағдайда біз ең алдымен ішкі мәдениетімізді, өзімізді тәрбиелеуіміз керек-ау. Қазіргі таңда кездесіп жатқан ең өзекті мәселе – атаулы әлеуметтік төлемдер. «Маған аз шықты, пәлен шықты, түген шықты» деген әңгімелерді естігенде кейде не айтарыңды да білмей қаласың. Себебі, кей азаматтар жалқаулыққа бет бұрып бара жатыр. Жасыратыны жоқ, тек сол балалардың жәрдемақысымен күнелтіп, тепсе темір үзетін азаматтардың жұмыс жоқ деген сылтауын естігенде тіпті, жағаңызды ұстайсыз. Осы жағын да ескеру керек секілді. Жарық бағаналарын ауыстыру, мектеп, ауызсу, көгілдір отын, әлеуметтік көмектер мен жол, көпір, спорт алаңшалары мен спорт залдарын салу, күрделі жөндеу жұмыстары, демалыс алаңдары мен балалар алаңын салу сынды азаматтардың көтерген мәселелері кезең-кезеңімен іске асып келе жатыр.
– Бір сұхбатыңызда «тәжірибе – мен үшін еңбек алаңы» депсіз. Жастар жанашырысыз. Түрлі жобалардың авторысыз. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысасыз. Жігерлі жандарға беретін күш-қуатты қайдан аласыз?
– Елбасы Н.Назарбаев «Әйелдер Тәуелсіздік жыл­дарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды» деген сөзі бар. Бүгінде әйел­дер қауымы отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосып, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени салада табысты еңбек етіп келеді. 2001-жылы Астана қаласында кәсібімді әрі қарай дамыту жолында, көптеген жұмыссыз жастардың жобаларына бағыт беріп, инвестор болдым. 2008-жылдан бастап отбасыммен бірігіп балалар үйіне демеушілік көмек көрсетіп, қыз-келіншектерге, ауыл жастарына арналған бизнес түрлері бойынша «Стартап-тренинг» оқытушы болып лекция оқыдым. Нәтижесі жаман емес, алғашқы шәкірттерім түрлі салада кәсібін дөңгелетіп отыр. 2015-жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының іскер әйелдер кеңесінің әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөнін­дегі орынбасары болып еңбек еткен жылдары да көптеген бизнес-жобаларды іске асырдық. Ал, 2016-жылдан бастап «Сенім Жүрек» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасы­ның орынбасары ретінде бірнеше республикалық жобаларды іске асырдым. «Қол жетімді Қазақстан» жобасын жүзеге асыру мақсатында да, талай іргелі істің куәсі болдық. Бүгінгі таңда, Түркістан облысы бойынша 9 оқу орталығы басшысының орынбасары, облыстың қоғамдық бақылау ресми тобының координаторымын. Бірнеше балабақшалардың сенім білдірген басқарушысымын, сондай-ақ, балық тәлім бағының инвесторымын. Менің осындай қоғамдық маңызы бар жұмыстарға араласуым, маған әркез шабыт сыйлайды, ертеңгі күнге деген сенімімді нығайтады. Ең бастысы, адам өзіне айқын мақсат қоя білуі тиіс. Болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат тек қана алға ұмтылуы тиіс. «Алма піс, аузыма түс» деп отыратын заман баяғыда өтіп кетті. Қанша ел көрдім, жер көрдім. Ресей, Қытай, Орта Азия мемлекеттерінде тәжірибе арттырып, білімімді шыңдадым. Сол көрген-білгенімді, ойға түйгенімді неге мен өзгелермен бөліспеске? Неге, сол жаңашыл идеяларды жүзеге асырмасқа деген жүрек түбіндегі елге деген жанашырлық мені бәрібір туған елге келіп, қызмет етуге жетеледі. «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» деген керемет өлең жолдары бар. Осы алтын бесік ауылымыз үшін мен қашан да барымды беруге дайынмын. Ауылдың әр тасы, әр бұтасы, әр азаматы мен үшін қымбат. Халық қалаулысы деген атқа лайық қызмет етіп, үлкендердің ақ батасын алғаннан артық бақыт жоқ меніңше.
– Ауыл шаруашылығы саласын жетік білесіз. Сондықтан, осы саланы одан әрі жетілдіру, дамыту туралы қандай тың ойларыңызбен бөлісер едіңіз?
– Халқымыз «Ауыл – алтын бесік» деп бекер айтпаған. Мен де ауылда дүниеге келдім. Сондықтан, ел өмірі маған етене таныс. Қазақта «Көз қорқақ – қол батыр» деген сөз бекер айтылмаған. Дана халқымыздың «Жатқанға– жан жуымас», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қанатты сөздің мәнін енді-енді ғана толық түсінгендейміз. Бейнетпен тапқан тиынның қадірі басым. Қазір еңбек етпей-ақ, табыс тапқысы келетіндер аз емес. Ол заманның келмеске кеткенін көре тұра, мойындағылары келмейді. Мемлекет тарапынан қай салада болмасын ілгерілеу бар, барлық салаға басымдық беріліп түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бүгінде Қытай мемлекеті біздің ауыл шаруашылық тауарларына қызығушылық танытып отыр. Сондықтан, ауылды дамыту үшін заманауи технологиялар мен білікті мамандар қажет. Анығырақ айтқанда, өндіріске аграрлық ғылымның жетістіктерін енгізу керек. Сонда ғана ауылдың болашағы жарқын боларына сенемін. Адам баласы ең алдымен білімін толықтырып, ой елегінен өткізуі тиіс. Міндетті түрде жоғары білім алу мақсат емес. Кәсіпкерлік саласына дайындайтын, өзге де ақпараттармен таныстыратын түрлі курстар қазір бар. Ақысын төлейсіз, онлайн оқып, біліміңізді толықтырасыз. Немесе ашық дерек көз беттерінен де, өзге де ақпараттармен танысуға болады. Адамда ынта-ықылас болса болды, өз қалауына қол жеткізеді. Жүрек қалауымен жасалған дүниелер өміршең келеді.
– «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Отбасындағы Гүлбахира Қалмұханқызы қандай?
– Мынау ер-азаматтың жұмысы, мынау әйел адамның жұмысы деген түсінік жоқ менде. Қазір қандаймын, тап сондай қарапайыммын дей аламын. Бақыт деген – өз үйіңде, өз отбасыңмен бірге бір дастархан басында шүйіркелесіп отыру. Балдай тәтті, қылықты немерелерім бар. Ұл-қызыма үнемі адалдықтың ала жібін аттамай, қанағатшыл, намысты, еңбекқор, үлкенге ізетті, кішіге қамқор болу керектігін бала кездерінен санасына құйып келеміз. Ата-ана ретінде бала тәрбиесінде қатал болатын жерінде қатал болдық, жұмсақтық танытатын жерінде жұмсақ та болдық. Ұлы Абай айтқан бес асыл істі бойларына сіңдіріп өсті дей аламын. Асылында, талапшыл болсам керек.
– Өмірлік ұстанымыңыз?
– Менің өмірлік ұстанымым: «Мейірімділік – асыл қасиет». Осы ұстаныммен келе жатырмын. Мақсатым – мейірімділіктің өміріндегі маңыздылығын түсіндіру, өзара сыйластық қарым-қатынасты дамыту, мейірбандылыққа тәрбиелеу. Өйткені, мейірім мен жақсылықты көре білген адам ғана басқаларға да соны сыйлай алады. Мейірімді адам қайырымды қаланың негізін қалайды. Қайырымды адам – зайырлы мемлекеттің темірқазығы. Қайырымды іс істеген адамның шапағатын ел көреді. Ендеше, жақсы істеріміз көп болсын!
– Гүлбахира Қалмұханқызы, нақтырақ айтыңызшы, депутат бір күнде не істейді? Оның бір күндік жұмыс кестесі қалай жасалады?
– Депутаттың бір күндік жұмыс кестесі  сол күнгі жұмыстың ауқымына байланысты. Басқасын білмеймін, мен өз ісіме барынша жауапкершілікпен қараймын. Қашанда өзіме білдірілген сенімді ақтауға тырысамын. Кейбіреулер айтып жатады: бір депутат ештеңе өзгерте алмайды. Өзгерісті депутаттар ғана емес, сіз бен біз құрауымыз керек деген болар едім. Қазақта «бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» дейтін сөз бар. Шыны керек, біздің жастық шағымыз қиын бір кезеңге тап келді. Сол қиындықты да кешіп өттік. Сондықтан, бүгін  депутат болдым екен деп, «кез-келген» нәрсеге ұрына беруге болмайды. Бәрі уақытша. Адамгершіліктің алтын қағидасынан аттамауымыз керек.


Сұхбаттасқан:
Ғазиза ТІЛЕУБЕРГЕНҚЫЗЫ.

ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІБІН  ДӨҢГЕЛЕТІП ОТЫР

f58dc5c7-d357-4e80-8df9-7f9e9016174c

Тұрбат ауылының тұрғыны Ерік Еркінбеков осыдан үш жыл бұрын мал бордақылауды қолға алған. Зайыбы Сандуғаш екеуі 4 бала-шаға өсіріп отыр. Жиырма сотық есігінің алдындағы жердің соңғы жағына 40х11 метр етіп, екі қабатты заманауи қора салған.
Ол тұратын үйге келгенде-ақ, тұрмысының бақуатты екені байқалып тұрды. Есігінің алды да жанға жайлы етіп жасалған.
– Осыдан үш жыл бұрын «Ауыл шаруашылығы қолдау қорынан» 3 миллион теңге несие алып, мал бордақылаумен айналыса бастадым, – дейді Ерік. – 60 бас жылқы, 40 бас ірі қара бордақылап саттым. Бес жылға алған несиемнің 3 жылын мерзімінде өтедім. Қазір азын-аулақ өгіз бордақылап жатқаным болмаса, жылқы бордақылауды тоқтаттым. Өйткені, жем-шөп қымбаттап кетіп, ақтайтын түрі жоқ. Дегенмен, әрекетсіз отырғаным жоқ.
Он гектар тәлімі жерден биыл қуаңшылыққа байланысты бір рет қана жоңышқа орып алыпты. Қалғанын бір пресін мың теңгеден сатып алыпты.
Малдың қиын осындағы жылыжай иелері алып кетеді екен.
– Неге калифорниялық шылаушан өсірмеске? – дедім.
– Құдай қаласа, бұл кәсіпті де қолға алу ойымда бар, – деді ол.
Иә, біле білген адамға малдың қиы да ақшаның көзі. Калифорниялық шылаушан өсіру де тиімді кәсіп. Біріншіден, қиды таза дайын тыңайтқышқа айналдырады. Екіншіден, аталмыш шылаушанды көбейту арқылы үй құстарын өсіруге, әсіресе, жұмыртқалайтын тауық бағуға болады. Бұл үй құстарына берілетін азықтың жартысын азайтуға көмектеседі.
Калифорниялық шылаушанның жердегі табиғи шылаушанға қарағанда айрымашылығы – екі есе тез көбейетінінде. Мұны біз ауыл тұрғындары үшін құлаққағыс ретінде айтып отырмыз.
Еріктің әкесі Әбдіманап жолаушы тасымалдаумен айналысса, анасы Ардақ – ауылдағы амбулаторияда медбике. Үйде бос отырған ешкім жоқ. Бәрі әрекет үстінде. Олар сонымен қоса, ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы монша салыпты. Ішке кіріп, жобаларымен таныстық. Адам басына бес жүз теңгеден қабылдамақ. Бұл да болса, отбасы үшін табыстың көзі.

Дидар БЕГАЛИЕВ.

ІСТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН КӘСІПКЕР

d5ef419c-4ce8-40a8-8047-4a7b295cf133

Тұрбат ауылының су бармайтын қыр жағында да жылыжайлар самсап тұр. Қарап тұрып қызығасың! Таңданасың да! Негізінен мұнда өзбек ағайындар болмайды деген сөзді айтпайды. Кез-келген тірліктің қиюын табады.
Су жоқ демейді. Ол жерді де қызу еңбек майданына айналдырып жібереді. Тұрбат ауыл округі әкімінің орынбасары Бекен Базарбеков пен әлеуметтік қызметкер Дінмұхаммед Дайырбеков бізді сол жақтағы «Иляс ата» шаруа қожалығына бастап барды. Бұл шаруашылық бес гектарға алма, жүзім, шабдалы, ірі қызыл шие көшеттерін отырғызып, баптап күтуде.
Иә, мұндай бау көп. Тіпті ірі баулар бар. Мәселе онда емес, гәп жұмыс стилінде.
Алдымыздан шыққан шаруашылық иесі Әзиз Хасанов бізді біраз мән-жайға қанықтырды. Ең алдымен көзге түскені қыр басына салынған әдемі ғимарат. Әрі жұмыс орны, әрі үй. Астыңғы жертөлесімен сән-салтанатын келістіріп-ақ салған.
– Мен осы ғимараттың іргетасын қалап жатқанда, көпшілік таң қалған егістік басына мұны салудың қажеті қанша, бір шайла тігіп қойсаң болды емес пе деп. Жоқ, жұмыс орны да жұмысшыларға және отбасыма қолайлы болу керек. Осында еңбек орнында да үйдегідей жағдай жасалу қажет. Шаршап келгенде салқын бас­тырма арасында адам жақсы тынығуға тиіс деп осындай үй салуды шештім. Алдағы уақытта жертөлені мұздатқыш орнатып, көкөніс сақтау қоймасына айналдырмақпын, – деді кейіпкеріміз.
Назарымызды тағы аударған мәселе, үй айналасына сәндік көшеттер мен гүл еккені. Сондай жағымды! Өзін өзі сыйлайтын кәсіпкердің тірлігі бұл. Жақсыны көрмекке деген осы екен ғой. Үлгі ететін, үйренетін нәрсе!
Әзиз бүгін де 20 адамды жұмыспен қамтып, орташа 150 мың теңгеден айлық төлеп отыр. Ең төменгі жалақы – жұмыс көлеміне қарай 100 мың теңге. Ағаш көшеттерінің кең аралықтарына картоп егіп, қазір жинап жатыр. Одан бөлек сарымсақ өсірумен айналысады. Оларды да қапқа салып, сатуға дайындап қойған. Картоп жиналған жерді тазартып, қайта өңдеп, құлпынай отырғызады.
Осы жерден 700 метр қашықтықтағы өзен аңғарынан тастақтан су шығарып, 70 метр биіктікке жеткізуде.
Бізді өздеріндегі су торабының құрылымдарымен таныстырған Әзиз: «Әкем осының бәрін ойластырып істеді. Ютуб арнасынан да су инженериясының барлық жаңалықтарын қарап, ақырында осындай жүйені жасады. «Әкем: «Балам, бұл менің енді инженерлік имиджім болады. Өзгелер де ертең осы жүйені көруге келеді. Өздерінде қолданады» , – деп айтты дейді.
Айналаны көгалдандыруға кететін осы су жүйесі насосы үздіксіз істеп тұратындықтан, оған айына электр қуатына 150, кейде 180 мың теңге қаржы төлейді екен.
– Диқаншылық, бағбаншылық деген біздің әулетімізде болмаған еді дейді күліп Әзиз. Алғаш картоп егіп, еккендерге еліктеп, әрқайсысынан жөн-жобасын сұрап, сонда да өнім нашар шығып, әупірімдеп өз шығынымызды шығарып алғанымыз бар. Сонда да қайтпай, жан-жақты ізденіп, ақыры тәжірибе жинадық. Құлпынай өсіруді де үйрендік. Оған науқан кезінде сұраныс жоғары. Осылай қаржы басын құрадық. Анау тұрған мини тракторды 10 мың долларға сатып алдық. Енді тағы біреуін алсақ деп отырмыз. Украинадан жүйек аралық қопсытып өңдеу культивацияларын алдырдық. Картоп егетін техниканы сатып алдық. Жұмысты осылай біріне бірін жалғап жатқан жайымыз бар, – деді.

Дидар НАРМАХАНҰЛЫ.

Хабарландыру

Сейсенбі, 23 Сәуір 2019 00:00
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі) Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Қамбатыров Нұрлан Дәулетұлы 2019 жылдың 25 сәуірінде сағат 11-00-де азаматтарға жеке қабылдау жүргізеді. Жеке қабылдау Департамент ғимаратында (Түркістан қаласы, Отырар шағын ауданы, н/з ғимарат (Департаменттер үйі) өтеді.

Абдіразақ Қамбарбеков, Тәжік-Ауған соғысының ардагері:

Абдиразак

ТІРКЕУДЕ ӨЗГЕРІС БАР МА?

Дүйсенбі, 30 Қазан 2017 00:00

Қазір медицина саласында өзгерістер орын алуда. Емханалар ауруханаға қосылып, жаңа ұжым боп жұмыс істеуде. Емханаға тіркеу, медициналық қызмет, т.б. алуан сауалдарға жауап іздеп Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мұхтар Сапарбекұлына бірнеше сауалдар қойған едік. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Мухтар089

Мемлекеттік кірістер саласы – бюджетті құраушы негізгі қызметтердің бірі. Біз Қазығұрт ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Дәулет Болатбековпен сұхбаттастық.

IMG 6469

Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – бұл бизнес пен биліктің тиімді серіктестігі негізінде кәсіпкерлікті дамыту үшін жағымды жағдайларды қалыптастыру мақсатымен ҚР Үкіметі мен «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП ортақ шешімімен 2013-жылы коммерциялық емес, өздігінен басқарылатын ұйым ретінде құрылған болатын. Кәсіпкерлікті өркендетуде мемлекет басшысы белгілеген саясатқа орай аталмыш палата еліміздің барлық өңірлерінде бизнес секторды қолдауда, қорғауда, олардың толыққанды еркін жұмыс істеуіне көмек көрсетуде орасан зор жұмыстар атқарды. Осы орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қазығұрт ауданындағы филиалының директоры Бекболат Әбуовқа бірнеше сауалдар қойған едік.

Қазығұрт аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасында аудан прокуратурасының аға прокуроры Т. Орынбек, аудандық Әділет басқармасының басшысы Қ. Қыстау, Қазығұрт аудандық сотының жетекші маманы Б.Түгелбаев, жеке сот орындаушылар бөлімінің басшысы А. Бекмырзаев,«Қазығұрт тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Д. Бегалиев және басқарма қызметкерлерінің қатысуымен «Дөңгелек үстел» форматында жиналыс өтті.