ӨТКЕН ЖЫЛЫ СТОМАТОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР АРТҚАН

Жұма, 25 Ақпан 2022 00:00 Жарияланды Сұхбат Оқылды 475 рет

38afb70e-2418-4473-a08c-a743fb14c19d1

Өткен жылы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша, стоматологиялық қызмет, сондай-ақ, қызметтердің басым бөлігі балаларға көрсетілген. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директорының орынбасары Нұршат Айтымбетовамен стоматологиялық қызметті көрсету тәртібіне қатысты сұхбаттасқан болатынбыз.
– Еліміздегі ақысыз стоматологиялық көмек жайлы білгіміз келеді...
– МӘМС жүйесінің іске қосылуының арқасында 2020-жылдың 1-қаңтарынан бастап халықтың тиісті санаттары үшін белгілі бір стоматологиялық қызметтер қолжетімді болды. Жүйе енгізілген алғашқы жылы 6,8 млн қызмет көрсетілді. Бір жылдан кейін МӘМС бойынша стоматологиялық көмекті тұтыну бір жарым есеге – 10 млн. қызметке дейін өскені байқалады. Стоматологиялық көмекті қаржыландыруды арттыру оған мұқтаж пациенттерді көп қамтуға мүмкіндік берді. Бұл ретте талдау көрсеткендей, стоматологиялық қызметтер негізінен 17 жасқа дейінгі балаларға көрсетілген.
Соңғы екі жылда МӘМС есебінен қаржыландыру аясында 37 млрд теңгеге 16,8 млн-нан астам стоматологиялық көмек көрсетілді. 2022-жылға сатып алу жоспарында 22,7 млрд теңгеге стоматологиялық қызмет көрсету қарастырылған.
Сонымен қатар, стоматологиялық көмекті учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз өз таңдауы бойынша алады. Яғни, қызметтерді алу үшін Қормен келісімшарты бар жеке стоматологиялық клиниканы таңдауға немесе өз емханаңыздың стоматологиялық кабинетіне жүгінуге болады.
Еліміз бойынша 600-ден астам медициналық ұйым МӘМС бойынша стоматологиялық қызметтер көрсетеді.
– МӘМС бойынша стома­тология­лық көмекті кімдер ала алады?
МӘМС пакеті бойынша жоспарлы стоматологиялық көмек мына пациенттер үшін қарастырылған: балалар, жүкті әйелдер.
Шұғыл стоматологиялық көмекті азаматтардың мына санаттары ала алады: 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, ҰОС қатысушылар және оларға теңестірілген тұлғалар, I, II, III топтағы мүгедектер, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар, ерекше қажеттіліктері бар балаға немесе бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін қазақстандықтар.
– Шұғыл стоматологиялық көмекке қандай қызметтер кіреді?
– Көрсетілетін қызметтер тізбегіне тоқталсақ, флегмонға терінің, тері астындағы тіндердің жедел бактериялық инфекциясы, көбінесе стрептококктар немесе стафилококктар себеп болғандар, абсцесс, фурункул, карбункул сияқты жақ-бет аймағының өткір, біркелкі емес қабыну аурулары, остеомиелит, сыртқы қолжетімділікті қажет ететін тіс жұлу, тек стационар жағдайында ғана көмек көрсетуге болатын басқа да жағдайлар.
Шұғыл көмек пациенттің өміріне қауіп төндіретін кенеттен болған жіті аурулар және созылмалы аурулар асқынған мәселен, пульпит (өткір немесе созылмалы), периодонтит (өткір және созылмалы), жақ-бет жарақаты (мысалы, тістің таюы немесе сынуы), жақ-бет аймағының одонтогендік және одонтогендік емес қабыну ауруларының өршу белгілері, стоматит, өткір ауыру жағдайларында, жедел араласуды қажет ететін емдеу әдісі кезінде көрсетіледі.
– Ал, пациенттерге көрсетілетін жоспарлы стоматологиялық көмек түрлеріне қандай қызметтер кіреді?
Егер жоспарлы стоматологиялық көмекті алатын санат болса, онда төмендегі қызметтерді алады:
Анестезия, жақ немесе тістің рентгенографиясы, тісті жұлу, дайындау және пломба салу, периостотомия, пульпит, периодонтит, стоматиттің жедел түрлерін, альвеолитті емдеу, абсцессті ашу.
– Мәселен, пациенттерге тиісті стоматологиялық көмекке қатысты сұрақтар туындаса, қайдан білуге болады?
– Егер пациентте стоматологиялық көмек алуға қатысты сұрақтар
туындаған болса, онда медициналық ұйымындағы Пациенттерді қолдау қызметіне жүгінеді. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, Қордың fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы және Telegram-дағы «SaqtandyryBot» арқылы өтініш қалдыруға болады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Р.ӘШІРБАЕВА.