ІСТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН КӘСІПКЕР

Жұма, 06 Тамыз 2021 00:00 Жарияланды Сұхбат Оқылды 225 рет

ІСТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН КӘСІПКЕР

d5ef419c-4ce8-40a8-8047-4a7b295cf133

Тұрбат ауылының су бармайтын қыр жағында да жылыжайлар самсап тұр. Қарап тұрып қызығасың! Таңданасың да! Негізінен мұнда өзбек ағайындар болмайды деген сөзді айтпайды. Кез-келген тірліктің қиюын табады.
Су жоқ демейді. Ол жерді де қызу еңбек майданына айналдырып жібереді. Тұрбат ауыл округі әкімінің орынбасары Бекен Базарбеков пен әлеуметтік қызметкер Дінмұхаммед Дайырбеков бізді сол жақтағы «Иляс ата» шаруа қожалығына бастап барды. Бұл шаруашылық бес гектарға алма, жүзім, шабдалы, ірі қызыл шие көшеттерін отырғызып, баптап күтуде.
Иә, мұндай бау көп. Тіпті ірі баулар бар. Мәселе онда емес, гәп жұмыс стилінде.
Алдымыздан шыққан шаруашылық иесі Әзиз Хасанов бізді біраз мән-жайға қанықтырды. Ең алдымен көзге түскені қыр басына салынған әдемі ғимарат. Әрі жұмыс орны, әрі үй. Астыңғы жертөлесімен сән-салтанатын келістіріп-ақ салған.
– Мен осы ғимараттың іргетасын қалап жатқанда, көпшілік таң қалған егістік басына мұны салудың қажеті қанша, бір шайла тігіп қойсаң болды емес пе деп. Жоқ, жұмыс орны да жұмысшыларға және отбасыма қолайлы болу керек. Осында еңбек орнында да үйдегідей жағдай жасалу қажет. Шаршап келгенде салқын бас­тырма арасында адам жақсы тынығуға тиіс деп осындай үй салуды шештім. Алдағы уақытта жертөлені мұздатқыш орнатып, көкөніс сақтау қоймасына айналдырмақпын, – деді кейіпкеріміз.
Назарымызды тағы аударған мәселе, үй айналасына сәндік көшеттер мен гүл еккені. Сондай жағымды! Өзін өзі сыйлайтын кәсіпкердің тірлігі бұл. Жақсыны көрмекке деген осы екен ғой. Үлгі ететін, үйренетін нәрсе!
Әзиз бүгін де 20 адамды жұмыспен қамтып, орташа 150 мың теңгеден айлық төлеп отыр. Ең төменгі жалақы – жұмыс көлеміне қарай 100 мың теңге. Ағаш көшеттерінің кең аралықтарына картоп егіп, қазір жинап жатыр. Одан бөлек сарымсақ өсірумен айналысады. Оларды да қапқа салып, сатуға дайындап қойған. Картоп жиналған жерді тазартып, қайта өңдеп, құлпынай отырғызады.
Осы жерден 700 метр қашықтықтағы өзен аңғарынан тастақтан су шығарып, 70 метр биіктікке жеткізуде.
Бізді өздеріндегі су торабының құрылымдарымен таныстырған Әзиз: «Әкем осының бәрін ойластырып істеді. Ютуб арнасынан да су инженериясының барлық жаңалықтарын қарап, ақырында осындай жүйені жасады. «Әкем: «Балам, бұл менің енді инженерлік имиджім болады. Өзгелер де ертең осы жүйені көруге келеді. Өздерінде қолданады» , – деп айтты дейді.
Айналаны көгалдандыруға кететін осы су жүйесі насосы үздіксіз істеп тұратындықтан, оған айына электр қуатына 150, кейде 180 мың теңге қаржы төлейді екен.
– Диқаншылық, бағбаншылық деген біздің әулетімізде болмаған еді дейді күліп Әзиз. Алғаш картоп егіп, еккендерге еліктеп, әрқайсысынан жөн-жобасын сұрап, сонда да өнім нашар шығып, әупірімдеп өз шығынымызды шығарып алғанымыз бар. Сонда да қайтпай, жан-жақты ізденіп, ақыры тәжірибе жинадық. Құлпынай өсіруді де үйрендік. Оған науқан кезінде сұраныс жоғары. Осылай қаржы басын құрадық. Анау тұрған мини тракторды 10 мың долларға сатып алдық. Енді тағы біреуін алсақ деп отырмыз. Украинадан жүйек аралық қопсытып өңдеу культивацияларын алдырдық. Картоп егетін техниканы сатып алдық. Жұмысты осылай біріне бірін жалғап жатқан жайымыз бар, – деді.

Дидар НАРМАХАНҰЛЫ.