ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТТЫҢ ҚАЙЫРЫМЫ МОЛ

Жұма, 23 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Экономика Оқылды 248 рет

01тгн

Ауданымызда мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, өз кәсібін ашқандардың қатары көбейіп келеді. Биылдың өзінде қаншама жас кәсіп иесі қайтарымсыз 1225200 теңге грантының иегері атанып үлгерді. Соның бірі Хадиша тігінші. Ол арнайы «Бастау бизнес» жобасы бойынша білімін жетілдіріп, сертификат иегері атанып конкурстық негізде қайтарымсыз қаржы иегері атанып, кәсібін бастап кеткен жандардың бірі. Бүгінде өз үйінен бір бөлмесін тігін шеберханасына айналдырып, тігін тігіп жатқан ісмер ана мемлекет берген қаржыға заманауи тігін машинасы мен көпфункционалды үтік түрлерін, жалпы тігіншіге қажет жабдықтарды сатып алған. Көбіне тұрмысқа қажетті дастархан, перде, медициналық халаттар тігумен айналысатын Хадиша осы кәсібі арқылы тұмысын түзеп келеді.
Көптен өз ісін ашуды жоспарлап жүрген Хадиша үшін бұл бағдарлама үлкен мүмкіндік берген. Бала кезінен тігін тігуге қызыққан ол бүгінде өз ісінің шебері. Аталмыш қаражатқа өзі қалаған тігін машинасы мен құрал-жабдықтарын сатып алған кәсіпкердің аз уақыт ішінде тұрақты тұтынушылар қатары толыққан. Бүгінде ол оқушыларға арналған мерекелік киімдерге, сондай-ақ, оюлы құрақ көрпелерге тапсырыс қабылдайды. Бұдан бөлек, шәкірт тәрбиелеуді де бастап кеткен тігінші, болашақта өз үйірмемді ашып, көпке пайдамды тигізсем дейді.
Бейсенбаева Хадиша Қыдырбайқызы Сарыағаш ауданы Дербісек елдімекенінде дүниеге келген. Ата-анасының ақылымен 2000-жылы Ташкенттегі үш жылдық тігін курсын оқып бітіріп шықты. Оқуын аяқтай салып, Сарыағаш қаласындағы “Сенім” тігін шеберханасында алғашқы еңбек жолын бастады. Кейін киелі Қазығұртқа келін болып түсті. «Қазір Аллаға шүкір, үлкен әулеттің келінімін. Көп балалы анамын, енем де тігіннен қара жаяу емес. Ол кісінің де тігінен хабары бар. Тігіншілікке деген қызығушылық бала кезімнен болды. Өзіме қалаған матадан, қалаған түсте көйлек, сумка тігіп алатынмын. Анам құрақ құрағанды жақсы көретін. Менің тігін ісінде алғашқы ұстазым анам болды, анам екеуміз құрақты барынша ықыласпен құрайтынбыз. Тек қана құрап қана қоймай, әр құрақтың өзіндік ерекшелігін, қасиеті мен шығу тарихына тоқталып, неліктен олай аталғандығы жайлы анам айтып отыратын. «Еңбек адамның көркі», – демекші, бүгінде Аллаға шүкір еңбегімнің жемісін жеп жүрген жайым бар.
Биыл “Еңбек” бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант иегері атанып, қазіргі таңда заманға сай тұтынушы қалауына сай тапсырыспен тігіншілігімді өрбітіп келе жатырмын. «Еңбегің өнімді болса, көңілің сенімді болар», – дегендей қолымнан шыққан дүниелердің сұранысқа ие болып жатқанына дән ризамын. Қазір интернет пен әлеуметтік желі дамыған ғой. Еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс алып, «Қазпошта» арқылы да жөнелтіп жатырмын. Өзімнің қолымнан шыққан түрлі нақыштағы дастархандар мен перделердің басқа қалаларда да сұранысқа ие болып жатқандығы көңіл қуантады», – дейді Хадиша Бейсенбаева.

02тигинши
– Тігін тігу өнері адамды төзімділікке тәрбиелейді. Қолданылған маталардың қиындылары рәсуа болмасын деген оймен іске жарату үнемшілдікке бастайды, әртүрлі әдемі құрақтар қиялыңды ұшқыр етеді. Мата қиындыларынан тігілетін құрақтағы түстерді үйлестіре білу де – үлкен өнер. Бұрынырақта ата-әжелеріміз құрақты тіл-көзден сақтайтын, жамандықтан қорғайтын тұмар ретінде де пайдаланған. Құрақты ата-бабаларымыз перзенттерімнің басы құралсын деген ырыммен тігетін болған. Әсіресе, қыз балаға жасау жасаған уақытта бірінші осы құрақты апарады. Себебі, құрақ көрпенің астарында қызымның басы құралсын, өссін, өнсін, барған жерінде бақытты болсын деген ізгі ниет жатыр. Қазір базарға барсаң оюланған неше түрлі көрпешелер тұрады, сатушылар оны сізге құрақ деп ұсынады. Бірақ, ол құраққа жатпайды. Негізінде қолмен тігілген құраққа жетпейді, – дейді Хадиша Қыдырбайқызы.
Кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің алға қойылған маңызды міндеттерінің бірі. Кәсіпкерлік қаншалықты дамыса, экономика да соншалықты өркендеп өсе бермек. Сол себепті де, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет» деп, елдің алдына үлкен мақсат қойған болатын.
«Кәсібіне қарай – нәсібі» демекші, бүгінде бұл бағдарлама өз мүмкіндіктеріне қарай кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отырған Хадиша секілді жас кәсіп иелеріне мүмкіндік берері сөзсіз.

Ғазиза ТІЛЕУБЕРГЕН.