ЖЫЛҚЫНЫҢ ПІРІ – ҚАМБАР АТА

Жұма, 01 Шілде 2022 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 196 рет

Әрбір елдің қоғамдық өмірі үшін тарихқа деген дұрыс ұстаным өте қажет. Өйткені, өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Сонда ғана қоғам мүшелері өздерінің түп тамырларын білуге, ұлттық тарихына терең үңілуге, тіпті күрмеулі түйіні болса, оны шешуге де әрекет етуге мүмкіндік табатыны белгілі. Қазіргі жаһандану дәуірінде кез-келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер – сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық. Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген болатын. Сондай-ақ, ұлы даланың әрбір қыры оның әуелден бүгінге дейінгі халқының терең тарихы мен бай мәдениетінің куәсі екендігі және оны жаңғырту әлемдік өркениет үшін ерекше маңызды екендігін атап көрсетті.

13           Қамбар ата
Елбасы бағдарламалық мақаласында әрбір азаматты туған жерінің тарихын білуге, ұлттық құндылықтарын қастерлеуге міндеттеп отыр. Ұлттың сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі және өмірді, табиғатты тануының нәтижесінде қалыптасқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі өзгелерден ерекшелейтін негізгі құндылықтары. Ұлттық құндылықтарымыз шын бағасын алғанда ғана, жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз жана бермек.
Қазақ елінің қоғамы үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өте маңызды. Біріншіден, ол қоғамымыздағы ерекше мән берілуге тиісті тарихи сананы жаңғыртып отыр. Екіншіден, қазақ даласының талас тудыра қоймайтын жеті айрықша қыр-сырының: алғашқысы – «атқа міну мәдениеті», екіншісі – «ұлы даладағы ежелгі металлургия», үшіншісі – «аң стилі», төртіншісі – «алтын адам», бесіншісі – «түркі әлемінің бесігі», алтыншысы – «ұлы жібек жолы», соңғысы – «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деген өзекті тақырыптарды қозғап, мәнін ашқан.
Бағдарламалық мақалада: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды... Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің негізін қалады», – делінген.
Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі – өлең-жырлары болып саналады. Ежелден келе жатқан «Қазығұрт жырында» жылқы ғана емес, төрт түлік малдың біздің жерімізден өсіп-өніп тарағаны айтылады. Жырда жылқының пірі – Қамбар (Жылқышы) ата әулие деп аталады. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлтымызды танытатын қазыналарды, тарихи әрі рухани байлықты сақтап, әрі қарай дамыту міндеті тұр.
Біз «Қазығұрт тынысы» газетінің оқырмандары назарына Қамбар (Жылқышы) ата туралы дерек мағлұматтарды ұсынып отырмыз.

Қамбар Ата – Пайғамбарымыздың атқосшысы болған

Қамбар Ата – Мұхамбет пайғамбардың атқосшысы болған екен. Пайғамбардың тұлпарын баптапты. Ұрыс кезінде жанынан табылып, көмекшісі болыпты. Үнемі таңертең пайғамбарға бір кесе қымыз әкеліп, батасын алады екен. Батаның шарапаты тиіп, бойына кие дарыпты. Ол кезде Мекке мен Мәдинадағы сахабалар жылқы ұстауға ебі жоқ екен. Жылқы ауырып қалса, аяғына жем түссе, барлығы Қамбардан көмек сұрапты. Қамбар Ата жылқыны бір көріп, басынан сипағанда, сал біткен жануарлар шауып кете беріпті.

Қамбар Атаның жылқының пірі болған баяны

Бір ұрыста пайғамбардың атына оқ тиіп, жараланады. Екі тізесі бүгіліп, құлап бара жатқанда жанына Қамбар жетіп келіп:
– Тәйт әрі. Пайғамбарды жерге құлатпа, – деп сауырынан алақанымен салып жібереді.
Тұлпар сонда аяғын тез тіктеп, алға ұмтылады. «Пайғамбардың тұлпарын жараладық» деп масайрап тұрған жаудың сағы сынады. Бәрі қашып, жеңіліс табады.
Ұрыс біткен соң, пайғамбар Қамбарды шақырып алып:
– Дін мұсылманды бір апаттан аман сақтадың. Мен саған бата берейін, жылқының пірі бол! – деп қолын жаяды. Пайғамбар дұғасы кәміл қабыл болып, Қамбар жылқының піріне айналыпты.

Қамбардың қазақ даласына оралған баяны

Алланың елшісі дүниеден өтерде Қамбарды шақырып алып, өзінің тұлпарын тарту еткен деседі. Қамбардың тегі – түркі екен. Сақалы қызыл болыпты. Ел оны «Қызыл сақал Қамбар Ата» деп атапты. Араб түбегінде Ислам берік орныққан соң, ол сайын сахараға қайтқан деседі.

Жылқышы Атаның бір кереметі

Араб түбегінен Ұлы Дала еліне оралған Қамбар Ата әуелі қасиетті Қазығұрт тауына келіп орын тепкен. Осы арада жылқы малын бағып, үйір-үйір етіп, тұқымын көп қылып өсірген екен.
Түркістан облысының қазіргі Қазығұрт ауданына қарасты Алтынтөбе ауыл округіндегі Қаржан елді мекенінің оңтүстік тарабында «Жылқышы Ата» деген орын бар. Көрші ауылдың қызы Қарашаш Құлыбековаға түсінде аян беріп, ол кісі 1997-жылы шәкірттерімен осы араға келіп, әулиенің өзіне және оның екі баласына құлпытас орнатып, сағана салдырған.
Қарашаш Егембердіқызының шәкірттері сағана құрылысын жүргізген кезде ауылдағы бір үйден қымыз алдырып ішеді. Қымыздың егесі ақшасын сұрағанда, әлгі кісілер: «Ұстазымыз жоқ. Сол келген соң ақшасын аласыз», – дейді. Көп ұзамай-ақ биенің емшегі ісініп, ауырып қалады. Бұл әңгіме ел арасына лезде тарап кетеді. Сонда Қарашаштың шәкірттері биенің егесіне: «Малыңызды әкеліп, әулиеге айналдырып алыңыз», – дейді. Биені әкеліп, Жылқышы Атаға үш мәрте айналдырғанда, оның әлгі ісігі қайтады. Содан кейін ол кісі әулиенің кереметін сезіп, сағана салған азаматтарға қымызын тегін берген екен.

Жылқышы Атаның үш перзенті болған

Жылқышы Атаның Ақберген, Бақберген деген екі ұлы және Шынар атты қызы болыпты. Ілгеріде ол сонау жоғарыда Сарытепсеңде отырыпты. Сонда жылқы бағып жүргенде, нөсерлете жауған жаңбырдан алапат топан су болып, бар малымен бірге селге ағып кетіпті. Содан келіп, әулиенің сүйегі осы арада қалыпты.
Сарытепсеңнің оң жағындағы Ырғайлыдан бастау алатын Шынар өзені Жылқышы Атаның жайын жанамалап өтеді. Әулиеден сәл ғана жоғарыда оған Шынар бұлағының суы қосылады.

Жылқышы Ата Шымкентте жерленген
(І нұсқа)

Қамбар (Жылқышы) Ата әулиенің сүйегі Оңтүстік өңіріндегі көне кенттердің бірі – осы күнгі Шымкент қаласының нақ орта тұсында жатыр. Бұрынырақта әулиенің басында күмбез ескерткіші болған көрінеді. Алайда өкінішке қарай, Жылқышы Атаның кесенесі кешегі кеңес заманында талқандалып, оның жерленген орны сақталынбай, сол күйінде өшіп кеткен де, кейінгі ұрпақ одан хабарсыз қалып қойған. Тарихшы Жанәлі Ырсымбетұлы 1980 жылдары жазған «Көненің көзі жоғалмасын» дейтін мақаласында Шымкенттегі ескілікті ескерткіштерге біршама тоқталып өткен. Онда былай делінген: «Көне мәдениет – бұрынғы ата-бабаларымыздың жүріп өткен тарихи жолы. Біздің қазіргі мәдениетіміз осы мұралардың негізінде дамуда...
Шымкент көне ескерткіштерінің соңғысы Дәруіш Ата сағанасы осыдан небәрі 4-5 жыл бұрын бұзылғаны рас...
Мұнан кейін көненің көзі – Жылқышы Ата бейіті. Ол базар көше мен Ташкент тас жолының түйіскен жерінен сәл жоғары автостанция мен аурухана аралығында болған. Тамтығы 1931-жылы бұзылған. Төрт бұрышты, шағын, кішкене күмбезі бар күйдірген кірпіштен тұрғызылған ғимарат екен. Шежіресінде жергілікті жерден ең алғаш оқып шыққан зиялылардың бірі болған деседі. Шынында бұл аймақты (Сайрам өлкесін) мұсылмандар 840-жылы шауып алған ғой, сонда ол әрі кеткенде X ғасырдың ескерткіші болып шығады. Бұл Орта Азияда саманидтер династиясының құлап, елді қараханидтер династиясы билей бастаған кезі болатын.

Қамбар Ата қабірі Қаржан тауында
(ІІ нұсқа)

Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысы және оған қарасты Қазығұрт ауданындағы ең қасиетті орындарының бірі һәм бірегейі – Қамбар Ата әулие болып саналады. Төрт түлік малдың төресі деп танылған жылқының қолдаушы пірі, киелі иесі – Қамбардың мәңгі тыныштық тапқан қабірстаны, зиярат жайы Қаржан тауында орын тепкен.
Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауылы округінде Қаржан елді мекені бар. Осы аталған ауылы округі мен елді мекеннен Тәңіртауға (Оңтүстік Алатауға) қарағанда, оның ең ірі сілемдерінің бірі – Қаржан тауы көзге шалынады. Тау қыраттарының биіктігі теңіз деңгейімен есептегенде 2800 метрді құрайды. Қаржан тауының әр түрлі аңызға арқау болған өте биік Қосмола шоқысы Алтынтөбе ауылы округі жерінде орын тепкен. Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылы округінің жерінде де Қаржан тауы секілді өте биіктігімен ерекшеленген Бәйдібек шоқысы кездеседі.
Қаржан тауындағы Қосмола шоқысының нақ етегінде, өте биік төбенің басында Қамбар Ата әулие, одан алты шақырымдай төменде, Қаржан елді мекенінің жоғарғы басында Жылқышы Ата әулие бар.
Биік төбенің орта белінен жоғарыда Қамбар Ата бұлағы кездеседі. Кез келген ауру жылқыны Қамбар Ата бұлағына апарып, үш рет айналдырса ауруынан жазылып кетеді деседі. Төбе басынан шығатын қасиетті бұлақ қысы-жазы біркелкі, бүлкілдеп ағып жатады.
Бір әңгіме нұсқасында Жылқышы Атаны Қамбар Атаның атқосшысы екен дейді.

Көненің көзі – Жылқышы Ата мешіті

1819 жылдары қазіргі Қазығұрт ауданындағы Жылқышы Ата әулиеге арналып мешіт тұрғызылған (Иса Тасқұлов пен Тәшкенбай қарияның мәліметтеріне қарағанда, бұл көне мешітті Төле би салдырған). Ескі мешіт әлі күнге дейін сол күйінде бұзылмай тұр. Оның қасынан ауыл тұрғыны Жапбар Жұмабекұлы 2007-жылы өз қаражатымен жаңа мешіт салдырды. Бұл да «Жылқышы Ата мешіті» деп аталды.

Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.