Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі мемлекеттік органдармен дауларды шешу тәртібін реттейді

Жұма, 01 Сәуір 2022 00:00 Жарияланды Заң Оқылды 153 рет

2020 жылғы 29 маусымда Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне қол қойды.

Жаңа әкімшілік соттардың қызметі процеске қатысушылардың мемлекеттік орган мен дауда тең құқықтылығын қамтамасыз ететіндей етіп құрылған.

Жаңа сот жариялы-құқықтық дауларды мемлекеттік органмен дауда ерекше ережелерді көздейтін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің негізінде қарайды.

Аталған Кодексте бұрын жариялы-құқықтық дауларды қарау кезінде қолданылмаған мүлдем жаңа қағидаттар қамтылған. Бұл талапкерлерге мемлекеттік органдармен дауларда шындықты іздеуге көмектесудегі соттың белсенді рөлі.

Мысалы, сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинауға, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындауға құқылы.

Сотқа сот актілерінің орындалуын бақылау жүктелген. Сот актілерін, сол сияқты сот талаптарын орындамау осы Кодексте көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға және заңда көзделген жауаптылыққа алып келеді. Мысалы, сот талаптарын орындамағаны үшін 10 АЕК-ке дейін ақшалай өндіріп алуды бірнеше рет қолдану көзделеді.

Бұл ерекше ережелер Мемлекеттік органдардың тәртіптілігіне әсер етеді және өздерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындауға бағыттайды.

Мысалы, құқықтар басымдығының қағидаты. Бұл заңның мағынасы анық болмаған кезде, яғни Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасындағы барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.

Енді мемлекеттік орган түпкілікті шешім қабылданар алдында өз құқықтарын қорғау үшін жүгінген адамның пікірін тыңдауға міндетті.

Сенім құқығын қорғау қағидаты. Бұл нені білдіреді? Әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады. Қабылданған шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теріс деп танылмағанша заңды болып табылады.

Кодексте даулы мәселелерді татуластыру рәсімдері арқылы шешу көзделген, яғни тараптар татуласу, медиация, партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы істі әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін аяқтай алады.

Осылайша, жаңа кодекстің ережелері мемлекеттік басқару органдарының қызметін сапалы жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.

Қағидаларды нақты ұстану мемлекеттік әкімшілік пен соттардың жұмысын жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін нақты қорғауға, яғни қоғамдағы тұрақтылыққа әкелуі мүмкін.

ӘРПК баптарының бірі ақшалай өндіріп алу сияқты процестік мәжбүрлеу шарасын реттейді.

Ақшалай өндіріп алуды қолдану үшін бірнеше негіз бар. Мәселен, сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып, процестік құқықтарды теріс пайдаланған немесе процестік міндеттерді орындамаған кезде, оның ішінде дәлелдемелер ұсынылған немесе тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына әкеп соқса, аталған жаза түрі қолданылуы мүмкін.

Соттың талабын немесе сұрау салуын орындамау, әкімшілік іске қатысатын адамның сотқа келмеуі, сондай-ақ сотқа уақтылы хабарламау немесе уақтылы пікір ұсынбау ақшалай өндіріп алуды қолдану үшін негіз болуы мүмкін. Сот отырысында төрағалық етуші судьяның өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген ережелерді бұзғаны үшін, сондай-ақ Сотқа және судьяға құрметтемеушілік туралы анық куәландыратын өзге де әрекеттері не әрекетсіздігі үшін жауапкерге процестік мәжбүрлеудің осы шарасын қолдануы мүмкін.

Сот соттың шешімін немесе тараптардың татуласу, Медиация туралы не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімін орындамағаны үшін ақшалай өндіріп алу қолдануға құқылы.

ӘРПК-нің 127-бабына сәйкес ақшалай өндіріп алу мөлшері 10-нан 100 АЕК-ке дейін болуы мүмкін, ал төлеу мерзімі ұйғарым тапсырылған күннен бастап бес жұмыс күнін құрайды. Сонымен қатар, ақшалай өндіріп алу бірнеше рет қолданылуы мүмкін. Сонымен бірге сот ақшалай өндіріп алу рәсімін орындауды екі айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға немесе ұзартуға құқылы.

Процестік мәжбүрлеудің жаңа түрі сот актілерін уақтылы орындау үшін тиімді құрал болып табылады және сот процесіне қатысушылардың мінез-құлқын тәртіпке келтіреді.

 

Қазығұрт ауданының прокуратурасы