МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ДІН

Жұма, 15 Шілде 2022 00:00 Жарияланды Дін Оқылды 317 рет

Қазіргі кезде әлем елдерінің көпшілігі зайырлы мемлекет болып табылады. Әлем елдерінің бәрінің өз діндері бар және дәстүрлі діндеріне басымдық беріп, көңіл бөлінеді, шектеу жасалмайды. Заң бойынша да белгілі бір деңгейде ерекшеліктер беріледі. Кей мемлекеттерде ислам, буддизм деген секілді діндер ресми мойындалған. Алайда, басқа да көзқарастардағы азаматтардың дін таңдау бостандықтарына тыйым салмайды. Әлемдік тәжірибеде дін мен мемлекеттің қарым-қатынасы бірінші кезекте Конституция және арнайы заңдар арқылы реттеледі. Ал, бізде ҚР Конституциясында әрбір Қазақстан азаматына сөз бостандығы, діни наным-сенім бостандығы кепілдендірілген. Сонымен қатар, ҚР шетелдермен және халықаралық ұйымдармен жасаған келісімшарттары бар. Қазір біз діни наным-сенім бостандығы және ар-ұждан бостандығы деген екі ұғымның арасын ашып алуымыз керек. Діни бостандық азаматтарға өзі қалаған дінді ұстануға мүмкіндік береді. Ал, ар-ұждан бостандығы ұғымына дінді ұстану және ұстанбау, басқа да дүниетанымдық тектері бар.
Қазақстандағы дін мен мемлекет қарым-қатынастары негізінен Конституция арқылы және 2011-жылы қазан айында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның «Дін және мемлекет» деген 3-бабы арқылы реттеледі.
Соңғы кездерде мемлекет дін мәселесіне көңіл аударуда. 2011-жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңда» Әбу Ханифа бағытындағы ислам діні мен Православиялық христиан дінін халқымыздың рухани-мәдени дамуына үлес қосқан деп көрсетілген. Бір анық жайт, мемлекет еш уақытта дінге көз жұмып қарай алмайды. Өйткені, ел азаматтары – мемлекеттің басты құндылығы. Ел азаматтарының рухани көзқарастары да маңызды. Сондықтан, мемлекет дінге ешуақытта бейтарап бола алмайды.
Зайырлы мемлекет саясатының жағымды жағы – жеке тұлғаға бір қалыпты дүниетаным мен өмір сүру салтын агрессияшыл түрде таңуға жол бермеу болып отыр. Тұлғаның адами абыройын қорғайтын бұндай ұстаным ислам қағидаттарымен де ұштасады. Мысалы, Құран Кәрімнің «Кафирун» сүресінің 6-аятында «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән» деп айтылған болса, «Бақара» сүресінің 256-аятында «Дінде зорлау жоқ» делінген. Зайырлы мемлекет ешбір дінді өзге діндерден артық деп санамайды. Ешбір діннен бет бұрмайды әрі олардан алшақтамайды.
Елімізде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында көрініс тапқан зайырлылықтың қазақстандық моделі қалыптасты. Оның негізгі мазмұны басты діни құндылықтарға тең қадамдармен жақындасуды және мемлекеттік құқықтық жүйені жетілдіруде азаматтар үшін тиімді өмір сүру салтының оң мәнін табудың ізденісін білдіреді. Қазақстанда дінді және дін ұстанушыны қорлауға жол берілмейді. Мемлекет те, дін де зайырлылық қағидаттарын асқақтатуға ат салысып, қазақ өркениетінің аяқ асты етілуіне жол бермейді.
Еліміздің Конституциясына сәйкес азаматтарды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған. Конституцияның осы қағидалары дін саласын реттейтін қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 1-тармағында мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігімен айқын көрсетілген. Діннің мемлекеттен бөлектігі мемлекеттің дін істеріне араласудан бас тартуына тұғырланады. Мемлекетте барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар заң бұзылмаған жағдайда діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпайды, өз кезегінде, діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды.
Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген. Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарастарына тәуелсіз экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында өзара тең.
Қорыта келе, дін мен мемлекет байланыстары адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы болып табылады. Демек, біздің еліміз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға бағытталған дін мен мемлекет қарым-қатынасын нығайту басты міндет болып табылады.

Б.ӨТЕГЕН,
Түркістан облысы дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін
зерттеу орталығының» маманы.