ЖАЛҒАН ТҮСІНІК ЖАРҒА ЖЫҒАР

Дүйсенбі, 14 Ақпан 2022 00:00 Жарияланды Дін Оқылды 251 рет

Дін атаулы адам баласын жақсылыққа бастап, жамандықтан тыюды көздейтін адами құндылықтар жиынтығы. Адам баласының теріс қылықтарға жол бермеуіне рухани ізденісі себеп болады. Өкінішке орай, қоғам арасында мәселе туындатып, ағайын мен туыстың арасына сызат түсіріп, ата-анаға мейірім түгіл, сыйластық көрсете алмайтын кейбір теріс дінді ұстанушылар бар. Әрине, жалған түсінік жарға жығатыны мәлім.
Жастарымызға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дәстүрлі құндылықтармен сусындатып, еліміздің өз тарихын бойларына сіңіртіп, ұлттық патриотизмге дәріптеуіміз қажет. Еліне адал қызмет етіп, оны қорғауды мақсат ету – жастардың негізгі бағдарына айналуы тиіс. Міне, жастарды осындай шынайы патриоттық сезімге тәрбиелеу ісі қоғам үшін маңызды мәселелер қатарында. Әрбір елдің болашағының жарқын болуы оның азаматтарының білімділігімен қатар, олардың отансүйгіштік сезімдеріне байланысты.
Отан деген ұлы ұғымның қадір-қасиетінің парқына бармас­тан, оны қорғамақ түгілі, халықтың өзіне тән құндылықтары мен ұлттық болмысынан айырып, елдің тұтастығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін теріс пиғылды ағымдардың әрекет жүргізіп отырғандығын байқаудамыз. Ниеті теріс мұндай ағымдардың негізгі мақсаты – ел халқының арасына іріткі салып, алауыздық тудырып, территориялық тұтастығымызға қол сұғу екендігі кімге болса да мәлім. Мәселен, кейбір дәстүрлі емес ағымдар елдігіміздің символикалық белгілері болып табылатын мемлекеттік рәміздерді құрметтемейді, сайлауда дауыс беруге қатыспайды, мемлекеттік мерекелерді тойламайды. Яғни, олардың бойында отансүйгіштік, патриоттық сезім ада екенін байқауға болады. Адамды өз отбасынан, одан ары Отанынан безінуге жетелейтін ислам атын жамылған діни ағымдардың да еліміздің аумағында жүргізіп отырған әрекеттерін жасыра алмаймыз. Қалыптасқан ұлттық құндылығынан алыстаған бала өзіндік ойлау қабілетінен айырылып, күйзеліске ұшырайды, одан соң қоғамнан оқшауланып, өз елін тастап кетуге дейін барады. Жалған жиһадтың соңында, «таза исламды» аңсап, «жұмаққа» баруды көздеп, туған жерін оп-оңай тастап кетушілер де осындай теріс пиғылды ағымдардың қатарын толықтырушылар еді. Осыдан бірнеше жыл алдын елімізден жиһадтың жетегіне еріп, Таяу Шығыстағы соғыс алаңына аттанған азаматтардың саны төрт жүзді құраған.
Осындай біржақты идеологияның ықпалына түскен діни сауатсыз жастар өз еліне қарсы көзқарасты ұстанып, «нағыз ислам» мемлекетінде тұруды көздеп, елден кетуге шешім қабылдайды. Алайда, отбасын тастап, туған жерден безетіндей ешқандай жағдай туындап отырмағаны белгілі. Дінді ұстануға да, діннің насихатталуына да елде барлық жағдай жасалған дей аламыз. Бұл жағдайларды бағаламай шекара асып жатқандар – жалған жарнамаға елітіп, жаңылған, сауатсыз жандар. Ал оларды жылы ұясынан бездіруге үндеп отырғандар халықтың арасына іріткі салып, мемлекеттің тыныштығы мен ынтымағын бұзуды көздеушілер, елді бөлшектеп, жерімізге көз сүзушілер.
Жахандану үдерісіне қарсы тұра алмай, отбасы институты әлсіреген тұста қоғамымыз келешек ұрпаққа өзінің рухани байлығын дәріптей алмаған соң, елдегі көптеген жастар төл дініміздің ақиқатын толық ұғынбағандықтан шала бүлініп, әртүрлі ағымдардың жетегінде кетті. Олардың кейбірі тіпті Ауғанстанға ауып, Сирияға сенделді.
Қорыта айтқанда, жат ниетті ағымдардың негізгі мақсаттары елдің қамын ойлап, жастарға тура жолды көрсету емес, керісінше мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізу екені айдан анық. Сол мақсатта, яғни елді тоқырату жолында олар жастарды көптеп пайдаланатындығы белгілі. Жас­тарымызды жат ағымның жалған ұстанымдарынан қарсы қоя білуіміз қажет. Дәстүрлі дінімізді әрбір жастың бойына біртіндеп қондыруымыз қажет. Яғни, діни білімсіздіктің жолын жою. Отбасындағы рухани белсенділікті арттыру. Ел-елде, жер-жерде дәстүрімізді насихаттап, бабалардан қалған даралық пен даналықты ұмытпауымыз тиіс.
Қазақ жұрты үшін, еліміз үшін Тәуелсіздік – киелі ұғым. Бұл Тәуелсіздікті ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсады. Сол арманға енді қол жеткенде, өзара түсініспеушіліктерге жол бермеу, кейбіреулердің арандатуына құлақ аспай, көнеден қалған дара жолымыздан таймауымыз тиіс. Еліміздің тұтастығы мен жарқын болашағы жолында, ең алдымен татулығымызды сақтауды ойлау біз үшін – парыз.


Б.АБДРАХМАН,
Түркістан облысы дін істер басқармасы «Дін мәселелер зерттеу орталығы» КММ теолог маманы.