АУЫЛЫМЫЗДА ПЛАСТИК ЕСІК-ТЕРЕЗЕГЕ СҰРАНЫС КӨП

Жұма, 22 Қазан 2021 00:00 Жарияланды Қоғам Оқылды 171 рет

a6dfca5b-ba52-4895-86d0-34b208642e1a

«Кәсіп – түбі береке», – дегендей бар тіршілігінің берекесін берсін деп, отбасын асырап, кәсіп көзін тауып, жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын жастардың қатары күн санап артып келеді. Әрине, бұл қуантарлық жайт. Уақытын босқа өткізбей, екі қолға бір күрек тауып, жоқтан бар жасап жатқан кәсіп иелерін көргенде неткен еңбекқор жандар дейсіз!
Жасыратыны жоқ соңғы кезде жастар жалқау, смартфоннан бас алмайды деп реніш білдіріп жатамыз. Алайда, қалаға барып, кәсіп көзін игеріп, оны ауылға келіп жалғастырып келе жатқан азаматтардың бірі – Ортаев Рахымжан Еркебайұлы.
Осыдан біраз уақыт бұрын Үшбұлақ ауылында өз ісін бастаған Рахымжан Еркебайұлы бүгінде жұмысының жемісін көріп отыр.
– Ауданнан бөлек, ауыл округінде пластик есік-терезеге деген сұраныстың жоғары екенін аңғардым. Алдағы уақытта осы салада өнім өндіретін цехтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын. Нар тәуекел етіп, бастаған ісім өрге басып, сұраныс артқан сайын жұмысымды өрістете бастадым. Қазір жаман емес, кәсібімнің арқасында жетістікке жетіп жатырмын. Бастысы мемлекетке салмақ салмай, өз-өзімді және бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Қасымда Орынбасар, Артықбай есімді азаматтар бар. Ерінбей еңбек етем деген адамға тәуекел етіп, іс бастауға болады.
Жұмыс болған соң ауыр-жеңіліне шыдамдылық таныту керек. Бірінші, неге пайда көрмедім деп емес, өзің үшін, өзіңнің мақсатың үшін қызмет етер болсаң, алынбайтын асу жоқ деген болар ем. Пластик есік-терезелерге бұл түріне әлі де сұраныс жоғары. Уақытпен санаспай барынша тұтынушы талабына сай өнім шығаруға күш салып жатырмыз. Былтыр карантин кезінде аздап кәсібіміз тұралап қалды. Ал, қазір нағыз құрылыстың қызып тұрған шағы. Күн санап тапсырыс саны да артып келеді. Тұтынушыларым да, ауылдастарым да дән риза, мен де жеке табысыма қол жеткізіп жатырмын. Бұйыртса, тағы да қосалқы аппараттар алып, цехта өндірілетін өнім түрлерінің санын көбейту жоспарда бар, – дейді Рахымжан Ортаев.
Ия, пластиктен есік, терезе, терезеге арналған тор жасау цехына сұраныс көп екендігіне қаз-қатар тұрған өнімдерді көріп көз жеткіздік.
– Жолдасым пластиктен есік, терезеге арналған тор жасауды қаладағы пластик шығаратын цехы бар нағашымыз Нұрланның қасында жүріп, көзбен көріп, тәжірибе жинақтап үйреніп келді. Ойлана келе неге осы кәсіпті өз ауылымызда жалғастырмасқа деген ой келді. Сосын тәуекел деп осы кәсіппен айналысуды шешті, – дейді зайыбы, көп балалы ана Ақшолпан Досжанова.
Қазіргі маусымда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Адамдар үйдің іші-сыртына жөндеу жүргізіп, үйін жылылап, қысқа қамдануда. Осы орайда, оқырман, өздеріңізге пластик терезені таңдауда қандай кеңес ұсынуды жөн көресіз деген сауалымызға Рахымжан:«Дұрыс айтасыз. Егер де терезелерді дұрыс таңдай білсек, пайдалану мерзімі ұзақ жылға созылуы мүмкін. Пластик есік-терезелердің орнына жоғары сападағы ағаш терезе орнатуға да болады, бірақ оның бағасы қымбатқа түседі. Сондықтан, баға тұрғысынан келгенде пластик терезе орнатқан тиімді. Оның үстіне пластик терезелер үйдегі жылуды сақтап, үйді сырттағы шу мен күн сәулесінен қорғайды. Қосымша жылу сақтауға көпкамералы (екі немесе одан көп) әйнек түрлері қолданылуы мүмкін. Бірақ та, терезе өлшемін есепке алған жөн. Тағы да бір қорғаудың түрі – боялған терезелерді қолдану. Триплекс – арнайы қабаттармен ламинатталған көп қабатты әйнек. Ламинатталған әйнек қауіпсіз, өйткені ол физикалық күш түскенде, сынбайтын болады. Айта кету керек, бұл жерде тұтынушының талабына қарай жасап береміз. Баға да әр түрлі болады. Мақсат – клиент көңілінен шығу», – дейді Рахымжан Ортаев.

f617623e-1b39-4bfa-ae77-6a8d2cf438e9
Кәсіпкерлік саласы, шағын және орта кәсіпкерлік ауыл округтерінде дамып келе жатыр. Бұл дегеніміз, ауыл халқының әл-ахуалының жақсарып келе жатқанының айқын көрінісі. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие алып, кәсібін көркейтіп отырған азаматтардың қатары күн санап толығуда. Бұрындары тек қана қала, аудан орталықтарына ағылатын ауыл тұрғындары жаныңа не керектің бәрін де ауылдан табуға болады дейді. Ия, расында да бүгінгі таңда қай ауыл округіне тоқтай қалсаңыз, дүкендер мен тамақтану орталықтарын, кішігірім кондитерлік цехтарды, жылыжай, азық-түлік дүкендерін, жиһаз жасау цехын көрмей өтпейсіз.
Адал еңбек, маңдай терімен жерлестерінің алғысына бөленіп жүрген Рахымжан сынды азаматтардың тынымсыз тіршілігін көріп, көз сүйсінеді.


Ғазиза ТІЛЕУБЕРГЕНҚЫЗЫ.