БАЛАЛАР ПНЕВМОНИЯСЫНАН САҚТАНЫҢЫЗ!

Сенбі, 22 Қазан 2022 00:00 Жарияланды Денсаулық Оқылды 318 рет

e7d0c631-01b5-4423-b0e7-51e07e46394f

Жөтел мен қызба – пневмонияның екі негізгі симптомы. Басқа симптомдары – әлсіздік, құсу, диарея (іш өтуі), тәбеттің болмауы, бас ауыруы, бұлшық ет ауырсынуы және тыныс алу мәселелері. Пневмония кез келген уақытта пайда болуы мүмкін, бірақ, әдетте, қыс пен жазда жиі кездеседі, суық тиюден немесе тыныс алу жолдарының басқа инфекциясынан кейін болуы мүмкін.
Балаңызда пневмония болуы мүмкін санасаңыз, шұғыл түрде дәрігерге көрініңіз. Кейбір жағдайда пневмония жеңіл, кейбір жағдайда ауыр өтеді.
Пневмонияның бірнеше түрлері болады ма?
Иә. Пневмония – өкпенің қабынуын сипаттайтын жалпы термин, ол түрлі микроорганизмдерден туындауы мүмкін.
Мысалы, кішкентай балаларда пневмонияның жиі қоздырғышы болатын респираторлық-синцитиалдық вирус (РСВ), ал жаңа туған сәбилерде пневмония В тобы стрептококктарынан туындауы мүмкін, босану кезінде жұқпалануы мүмкін. Үлкенірек балаларда пневмония басқа бактериалдық немесе вирустық инфекциялардың асқынуынан болуы мүмкін.
Дәрігерлер пневмонияны екі топқа бөледі: бактериалдық және вирустық.
Бактериалдық пневмония балаларда кенеттен келесі симптомдардан пайда болады: жоғары температура, ентігу және жөтел. Балалар тамақтан бас тартады және науқас болып көрінеді.
Мұндай балаларда тыныс алуда мәселе болуы мүмкін, (тыныс алған кезде мұрынының ұшы көтеріліп, қабырғасының аралары тартылып тұруы мүмкін), тамыр соғуы жиілеп, ерні мен тырнағы көгеруі мүмкін. Балалар әлсіз болып көрінеді, оларда құсу немесе іш өтуі пайда болады. Сиректеу кездесетін симптомдары – іштегі ауырсыну және желкенің бұлшық еттерінің сіресуі.
Көптеген жағдайларда қоздырғышы «Streptococcus pneumonia», бірақ, ауру алтын түсті стафилококктан немесе микоплазмадан туындауы мүмкін.
Вирустық пневмония әдетте, суық тиюі секілді басталады, бірақ, симптомдары баяу және үздіксіз ушығады. Балаларда дене температурасы көтеріледі, қызба Цельсий бойынша 38,5 градустан басталады, тыныс алу қимылдары жиілейді, ысқыратындай дыбыс естіледі. Әлсіздік, құсу, іш өтуі де аурудың симптомдары.
Вирустық пневмония, әдетте, бактериалдық түріне қарағанда қауіптілігі кемдеу, бірақ, балалар бактериядан туындайтын ауруларға бейімділікті арттыруы мүмкін. Пневмонияны туындатқан вирустарға респираторлық-синцитиалдық вирус (РСВ), парагрипп вирусы, аденовирус және тұмау вирусы жатады.
Пневмония қалай анықталады?
Дәрігер баланың тыныс алуын бақылап, стетоскоптың көмегімен оның өкпесін тыңдайды. Ол дыбыстың қысқаруын немесе басқа бөгде шуды анықтауы мүмкін. Пневмония кезінде өкпедегі ауа қапшықтарының бөлігі сұйықтыққа толады, бала тез тыныс ала бастайды, себебі, оттегіні көбірек алу қажет бола бастайды.
Егер дәрігер балада пневмония бар деп санаса, ол кеуде қуысының рентгенін, қан талдауын немесе мұрыннан жұғынды алады. Бала оттегіні жеткілікті алатындығына көз жеткізу үшін пульсоксиметр – қанның оттегімен қанығуын өлшейтін, саусаққа орнатылатын қарапайым аспап қолданылуы мүмкін.
Пневмония қалай емделеді?
Бактериалдық пневмонияда дәрігерлер антибиотиктер тағайындайды. Вирустық пневмония антибиотиктерге серпін бермейді, сондықтан емдеу төсекте болуды және сұйықтықты көп ішуді қажет етеді. Сұйықтықты жеткілікті ішу – пневмонияның жанама әсерлері - тыныс алудың жиілеуінен және қызбадан болатын сусызданумен күрестегі өмірлік маңызды шара.
Егер балада бактериалдық пневмония болса, ауаның ылғалдандырғышын қолдануға болады. Егер балада қызба болса, оған ацетаминофен немесе ибупрофен беруге болады (егер сәби 6 айлықтан асқан болса).
Егер балаңызды бактериалдық пневмониядан ауруханада емдеу қажет болса, оған сұйықтықты көп ішу және көктамыр арқылы антибиотиктер енгізу тағайындалады. Медбикелер ұдайы баланың мұрын қуысын тазартады, сондай-ақ, оксиметрдің көмегімен қандағы оттегінің деңгейін бақылайды. Тыныс алуды жеңілдету үшін балаға мұрынға қойылатын оттегі түтігін немесе маска әкеледі.
Пневмонияның жеңіл өтуінде жалпы жағдайдың жақсаруы бір апта ішінде болады, ал жөтел ұзақ уақыт бойы сақталуы мүмкін.

Арайгүл БАЛТАБАЙҚЫЗЫ,
Абай дәрігерлік амбулаториясының бөлім меңгерушісі.