БАЛА ТӘРБИЕСІ – ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Сенбі, 22 Қазан 2022 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 266 рет

Ақиқатында әрбір ата-ана өз перзетінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. Өйткені бұл ата-ананың баласының алдындағы ең алғашқы міндеті. Ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, еңбекқор, адал, кішіпейіл секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі, есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы. Демек жас кезінен зиянды әрекеттерге үйір болмай, ешкімнің ала жібін аттамай, жалпы әдепті болу қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Міне мұндай ұрпақ Абай атамыз айтқандай ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші.
Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі, тілі. Қазақтың: «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», – дегендей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн.
Қай халық болмасын үмітін ең алдымен ұрпағымен байланыстырады. Ата-ана тәрбие беруде ата-бабамыздың салт-санасы, әдет-ғұрпында жүргізілген үлгі-өнегесінің мәнісі зор. Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана – баланың алғашқы ұстазы. Адамзат баласы ананың мейірлі мейріне қанып, әке өсиеттерін тыңдап өссе ғана тәрбиелі отбасынан шыққаны көпке танытыды.
Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де, жауапты міндет. Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Бала өмірінің басым бөлігі отбасында өтеді. Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы – ата-ана. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан бала мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі оның алғашқы ұстазы – ата-анасы. Отбасындағы тәрбие әрбір мүшенің өзін-өзін сақтау, ұрпақты жалғастыру, өзін-өзі сыйлау қажеттігінен туындайды. Отбасында адамның жеке басының қасиеті қалыптасады. Баланы дұрыс тәрбиелеу отбасында, алдымен, жанұя жағдайы, моральдық-психологиялық ахуал, татулық пен өзара түсінік, сүйіспеншілік пен сыйластық, ауызбіршілік, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрмет сезімдері, яғни, отбасындағы кіршіксіз таза, мөлдір көңіл-күйі тікелей ықпал етеді
Бала тәрбиесі – баршаға ортақ. Өйткені, ол қоғамның болашағы. Қай елде, қай кезде болмасын, бала тәрбиесін ерекше дамытушы да, ілгері апарушы да – балалар, яғни бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің болашағы.
Ендеше, бала тәрбиесіне баса назар аудару, болашақта қоғамға қызмет көрсету екенін естен шығармайық.

Г.БИБОЛОВА,
«Шолпан» балабақшасының тәрбиешісі.