АҒЫЛШЫН ТІЛІН БІЛУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Сенбі, 22 Қазан 2022 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 280 рет

 

Заманауи қоғамның негізгі бөлшегі – білімді ұрпақ. «Білімді ұрпақ» дегеніміз алдымызда жан-жақты білім нәрімен сусындатып отырған оқушы.
Ал заманымыздың негізгі талабы – бүгінгі қоғамдағы ақпарат алмасудың негізгі көзі – көп тілділділікті меңгеру болып табылуда.
Ендеше, бүгінгі таңда білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздардың негізгі мақсаты – оқушыны қазіргі қоғам сұранысына сай, өзінің өмірлік іс-әрекетінде дербес көп тілділікті қажетті деңгейде меңгерген жан-жақты дара тұлға ретінде тәрбиелеу.
Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлынғыр болмайды дегендей, жас ұрпаққа саналы, мән- мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру бүгінгі күннің талабы. Қазіргі жаһандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамдағы алар орны да ерекше. Өзге тілді үйрену, оны жетік меңгеру — бұл ең алдымен халықаралық қатынастар кезінде айрықша рөл атқаратыны баршамызға аян. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды.
Көп тілділік бұл – қазіргі өмірлік қажеттіліктен туындаған құбылыс. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған.
Бүгінгі таңда Қазақстан үшін көп тілділік, яғни көп тілді меңгеру – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы.
Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.
Елімізде білім беру саласында жаңа ақпараттық технологияларды қолдану басты мақсат болып отыр.
2050 жылға дейінгі кезеңге арналған еліміздің даму стратегиясында қазақ тілін өркендету мен шет тілдерді оқыту мәселесіне айрықша мән берілген. Шет тілін білу сән емес, заман талабы екені белгілі. Еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы артып отырған шақта ағылшын тілін еркін меңгерген, келешекте білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын адамды мектеп қабырғасынан оқытып шығару – біздің казіргі кездегі міндетіміз. Ағылшын тілін тереңдетіп, жан-жақты оқытуды қоғам, уақыт қажет етіп отыр. Қазақстан Республикасының тәуелсіз елге айналып, әлемдік өркениеттің даму жолына түсуі, ағылшын тілін жетік меңгертуді талап етеді.
Ағылшын тілін ерте жастан оқытудың мақсаты – оқушылардың ағылшын тілінде қарым-қатынас жасай алу негіздерін меңгеруі болып табылады. Ағылшын тілін оқыту оқушылардың коммуникативті даму біліктілігін арттырады, оқушылардың қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді, бірден көп тілдерде сөйлеуге мүмкіндік алады. Ал, әлемдік тіл ретінде бейресми түрде орныққан ағылшын тілін меңгеру ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түседі. Қазір ағылшын тілін білу – уақыт талабы.

Жайнагүл АБДАЛИЕВА,
М.Өтемісұлы атындағы жалпы орта білім беретін
мектебінің ағылшын тілі
пәнінің мұғалімі.