Аманжол ӘШІРБАЕВ, аудандық мәслихат депутаты: «БІЗ – БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚТЫҢ АРАСЫНА АЛТЫН КӨПІР ОРНАТУЫМЫЗ КЕРЕК»

Жұма, 21 Қаңтар 2022 00:00 Жарияланды Сұхбат Оқылды 619 рет

28a92fbc-a605-4918-a042-be5d60443a5aАманжол Орманұлы – жомарттығымен танылған азамат. Осы қасиеті үшін де шоқтығы биік азамат. Елін, ұлтын сүйетін азамат болса, Аманжолдай болсын. Бұл әсіре мақтау емес. Шындығы осы. «Депутат болса, Аманжолдай болсын». Бұл – сайлаушыларының ол кісіге берген шынайы бағасы.
Аманжол ағамыздың қиын қыстау уақытта елдімекендерде мешіт, көпір, мектептерді асарлатып салу кездерінде қосқан үлесі мол. Атап айтсақ, М.Өтемісұлы елдімекеніне Келес өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысына демеушілік танытты. Бүгінде «Қазығұрт-Нұры» ЖШС-да 2001-жылдан бастап, бүгінгі таңға дейін «Қазығұрт – Нұры» ЖШС-ның директоры қызметін атқарып, 50-60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Әшірбаев Аманжол Орманұлы 1960-жылдың 24-тамызында, Ленин ауданы, Шарапхана елдімекенінде дүниеге келген. Жоғары білімді. Қазақ ауыл шаруашылық институтын «Инженер механик» мамандығы бойынша аяқтап, Ленин ауданы Карл Маркс атындағы колхоздың №2 трактор бригадасында механик болып еңбек жолын бастады. Бертін келе «Өгем – Орман» шарушылығында аға инженер – механик, Карл Маркс атындағы колхоздың комбайн парк меңгерушісі, автогараж, шеберхана меңгерушісі, Карл – Маркс атындағы колхоз екіге бөлінген тұста Қаратас өндірістік бірлестігінің төрағасы болып еңбек етті.
Халық қалаулысымен арада өрбіген сұхбатты өздеріңізге ұсынып отырмыз.
– Аудандық мәслихатқа депутат болғаныңызға бір жылдың көлемі болды. Бүгінгі таңда халық пен депутаттың жақындығы қандай? Әуелгі әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Халық өзінің мұң-мұқтажын жергілікті билікке облыс, аудан әкімдеріне жеткізу үшін бірінші кезекте бізге хабарласып жатады. Олардың шешімін таппай жатқан үлкен проблемалары болса, шешуге атсалысамыз. Түйткілді мәселелердің шешімін табуын бақылауға алатын құзіретіміз бар. Біз – билік пен халықтың арасына алтын көпір орнатуымыз керек. Аудан орталығындағы НұрОтан партиясының ғимаратында кестеге сәйкес қоғамдық қабылдаулар мен жеке қабылдаулар үнемі өтеді. Тұрғындардың көтерген мәселесі ешуақытта да назардан тыс қалмақ емес. Барынша, қолдан келгенше оң жағынан шешуге құзыретті органдар арқылы бірлесе еңбек етіп жатырмыз. Бәріне бірдей жақсы болу мүмкін емес, арасында жұмысымызға көңілі толмайтын азаматтар да кездесіп жатады. Мақсат – елге қызмет етіп, елге берген уәденің үдесінен шығу.
– Әкімге жақынсыз ба, халыққа жақынсыз ба?
– Әрине, халқыма жақынмын. Мені халқым сайлады ғой.
Мен жеке басымның мүддесі үшін, «мына істі менің ыңғайыма шешіп беріңіз» деп ешқандай әкімнің алдына барған емеспін. Шын. Өзімнің азамат ретінде ұстанатын өмірлік ұстанымым, алдағы жоспарларыма бағыт беретін сайлаушылар алдында берген уәделерім мен депутаттық бағдарламам бар. Сол бойынша мәселелермен әкімге кіруім мүмкін.
– Өзіңіз сай­ланған округтегі тұр­ғындарды қандай мәсе­лелер толғандырады?
– Тұрғындарды толғандыратын мәселелер өте көп. Ең ауқымды мәселе – ауыз су мәселесі. Ауыз су ауданымызда тапшы. Бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар. Ол үшін Өгем тауынан ауыз су тарту керек. Сонда ғана мәселе шешіледі. Осы істі қолға алар болсақ, бір ғана Қазығұрт ауданын емес көрші Сарыағаш, Жетісай аудандарын ауызсумен қамтамасыз етуге болады. Екінші мәселе, жайылымдық жерлер жетіспейді. Ел іргесіндегі жайылымдық жерлер жеке шаруашылық меншігіне өтіп кеткен. Сол істің орайын тауып, жайылымдық жерлерді халыққа қайтарып беруіміз керек. Біз, алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасауымыз қажет.

53fc09-efd5-4421-9409-70257301abdd
– Ауыл шаруашылығы саласын жетік білесіз. Сондықтан, осы саланы одан әрі жетілдіру, дамыту туралы қандай ойларыңызбен бөлісер едіңіз?
– Өздеріңізге белгілі жылдан жылға ауыз су қатарлы ағын су да, суармалы жайылымдық жерлер де тапшы болып барады. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін аз күш жұмсап, аз шығын шығарып, мол өнім алуды үйренуіміз керек. Ол үшін отандық өнімді барынша қолдап-қуаттауымыз керек. Көкөніс өндірісі бойынша біздің оңтүстік өлкесі бүткіл Қазақстанды, сондай-ақ, Ресейді қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Қолдау-қуаттау дегеніміз не? Өзімізде өндіріліп жатқан өнімдерді шет елден кіргізбеуіміз керек. Шеттен тауар кіргізіп, нарықты ұстап тұрамыз деген дұрыс емес. Оның орнына сол саланы жүз есе, мың есеге көбейту керек. Сонда халықта жұмыспен қамтылып, әлеуметтік деңгейі арта түсер еді. Табыс та шетелдерге кетпейді. Ауа райы өте ыстық Ташкент, Түркіменстан, Иран елдерімен біздегі климаттық жағдай салыстыруға келмейді. Бізде 0-градус болса, оларда 8-10 градус. Ал, енді салыстырып қараңыз? Мына Ресей мемлекетінде ауа райы қолайсыз. Біздің өңірде қолайлы. Мен, жылыжай өндірісі бойынша айтып жатырмын. Біз өзімізді-өзіміз жұмыспен қамтуымыз керек. Сонда ғана ауыл шаруашылығы саласы қарқын алып, дамиды.
– Сайлаушыларыңызға берген уәде үдесінен қаншалықты шығып келесіз? Депутат болғалы олардың қандай мәселесін оңтайлы шештім деп айтар едіңіз?
– Депутат болып сайланғаныма бір жыл болып жатыр. Қарабау ауыл округіне қарасты Құларық елдімекеніне көпір салып беруді халық алдында уәде еткен болатынмын. Сол уәде орындалды. Аудан халқының талқысына аудан әкімі болып Арман Айдарұлы Абдуллаев келді. Сол кісінің іскерлігінің арқасында бүгінде үш көпір пайдалануға беріліп, бір көпірдің құрылыс жұмыстары басталды. Ал, Сарапхана ауыл округі бойынша екі үлкен проект жасалуда. Ол жоба 2022-жылы басталады деп күтілуде. Оны уақыты келгенде өздеріңізбен бөлісетін боламыз.
– Сіздің «Оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген ұстанымда екеніңізді білеміз. Алайда, жұмысымыз сол болғандықтан ара-тұра әлеуметтік желілерден оң пікірлер оқып, азаматтардан «Аманжолдың азаматтығын айтсайшы» деген ыстық лебіздерін есітіп қалып жатамыз. Азамат деген атқа лайық болу үшін қандай болуымыз керек? Кейінгі жастарға не айтар едіңіз?
– Елбасы қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман, –деген болатын. Сол айтқандай жастарымыз бар күшін оқу-білімге жұмсауы қажет. Кешегі еліміздегі «Қаңтардағы қақтығысты» көріп, естіп «әттеген-ай» деп жатырмыз. Көрінгеннің жетегінде кетпес үшін көзіміз ашық, көкірегіміз ояу болуы тиіс. Еңбек адамға бәрін береді. Еңбек арқылы абырой да, құмет те, табыс та, береке де келеді. Еңбек етуден шаршамауымыз керек. Азаматты азамат етіп шыңдайтын мектеп – ізденіс. Адам үнемі ізденіс үстінде болу керек. Өзің қалаған, жүрек қалауымен жасалған дүние қай кезде де өміршең. Өзіңнің рахатыңа қызмет етесің. Бір ғана естен шығармайтын нәрсе – қай істе болмасын, қай шаруаны қолға алардан бұрын үлкендердің ақ батасын, ата-анамыздың ризалығын алып, бастауымыз керек. Міне, сонда ғана береке де, адалдық та, адамдық да, абырой да өзінен-өзі келе береді. Сонда ғана жаман болмайсыз. Ең оңайы ақыл айту ғой, алайда сол ақыл айтуға өзіміз де лайықты болуымыз керек. Оны сөзбен емес, ісімізбенен дәлелдеуіміз тиіс.
– Сіз үшін депутат болу дегеніміз...
– Депутат болу жай нәрсе емес. Адам бұл мінберге шын ықыласымен келу керек. Сондай-ақ, мемлекетшіл, халықшыл болғанда ғана ол сол орында абырой арқалай алады. Ауданда істелген қайсыбір тірлік болмасын, депутаттардың ұсынысымен орындалып жатыр. Міне, осыдан-ақ, халық қалаулыларының қызметіне баға беруге болады. Бүгінде мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жасақталуда. Мүмкіндігінше осы бағдарламаларды ел игілігіне тиімді пайдалануымыз керек.

Сұхбаттасқан Ғазиза ҚОЙЛЫБАЕВА.