БІЛІМ НЕГІЗІ – БАСТАУЫШ МЕКТЕП

Сенбі, 22 Қазан 2022 00:00 Жарияланды Білім Оқылды 283 рет

9aa950f9-107d-4b3d-b496-8a4dbab37a72

Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны айрықша. Мектеп қазіргі қоғамның дамуымен, әлеуметтік практикамен тығыз байланысты. Мектеп өмірі балаға жаңа алемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз салады. Тәрбиенің сан саналы, күрделі мәсе-лелеріне терең бойлауға бастайтын, күнделікті тұрмыста кездесетін дағдылар арқылы баланың жан дүниесіне әсер ететін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы – бастауыш мектеп. Өйткені, баланың жеке бас қасиеттері, оның адамгершілігінің, белсенділігінің қалыптасуы мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш сыныптарда жүзеге аспақ. Оқушының рухани күш-қуаты мен ерік-жігерінің, шығармашылық қабілетінің, жалпы мүмкіндіктерінің ашылар кезі. Бастауыш мектептің негізгі міндеті – жеке тұлғаны дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету, білімге деген сенімін нығайту, іскерлігі мен дүниетанымын қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады. Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ұстаздың борышы. Бүгінгі мұғалім мектеп оқушыларына тек білім беріп қана қоймай, оларды халықтық педагогиканың нәрлі қайнарымен сусындату, әрбір оқушы бойында ұлттық мінез-құлық, адамгершілік, сыпайылық пен кішіпейілділік қасиеттерін қалыптастыруға, баланың жан дүниесін рухани қазыналармен байытуға, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгертуге тиіс. Алдыңғы қатарлы тәжірибені жетілдіре отырып, оқу үрдісіне жаңа әдіс-тәсілдерді, оқытудың жаңа технологияларын енгізіп, оқушылардың жалпы дамуын қамтамасыз етуі керек. Бала жаны жаңалыққа құмар, білмегенін білгісі келіп, белгісіз нәрсені ашуға тырысатын болғандықтан, бастауыш сынып мұғалімі олардың осы талпынысын дамытуға көңіл бөлуі тиіс. Оқушылардың сүйіспеншілігін арттыру мақсатында сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, оны ұйымдастыру формасын түрлендіріп отыру – мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Мұндай жағдайда мұғалімнің шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті үлкен рөл атқарады. Мектеп оқушылары үшін мұғалім олар еліктейтін, үлгі ететін абыройлы жан. Олар ұстазының бүкіл іс-қимылына, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, адаммен қарым-қатынасына еліктейді. Сондықтан да жауап¬кершілігі мол, адал да мейірімді, әділ де парасатты, рухани дүниесі бай педагогтар ғана балаға білім мен тәрбие беріп, оның жан дүниесіне әсер ете алады.

Малика ДАРАПОВА,
Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің
бастауыш сынып мұғалімі.