ҚЫЗ БАЛАЛАРДЫ ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРГЕ БАУЛУ

Жұма, 23 Қырқүйек 2022 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 714 рет

03қолөнер

Бүгінгі қоғамымыздың ұлттық тұрғыда кемелденуі жас ұрпақты өз халқының рухани қазынасы мен тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлері мен тереңір-ек таныстырып, соның негізінде жеке тұлғаның рухани мүмкіндіктерін дамытуға байланысты тәрбие мен білім беруде бүгінгі мұғалімнің кәсіби даярлығын қамтамасыз етуді міндеттейді.
Өйткені, егемен еліміздің болашағы,оның материалдық және рухани болмысының дамуы арқылы қалыптасқан жас ұрпақтың білім деңгейіне байланысты болып келеді. Сондықтан да білім беру жүйесін жаңарту мен жетілдіру мәселесі барша ұстаздар алдында зор міндеттер жүктеп отыр. Ондай міндеттердің бірі жалпы білім беретін орта мектептердің оқушыларына берілетін ұлттық тәрбие аумағында оқушылардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыруды көздейді. Ал, бұл айтылған мәселелердің өзі, тікелей еңбек тәрбиесі мен тығыз байланысты екенін ерекше атап көрсетеді.
Демек, еңбек әрекеті баланың қоршаған дүниені, нақты заттарды танып білуге – оны тұрмыста, тіршілікте пайдалана білуге үйретеді, санасын байытады. Балаларға еңбек әрекеті үлкен әсер етеді. Өйткені, еңбек – белгілі мақсатты істі орындауға адамның ақыл-ойын дамытудың маңызды факторларының бірі болып табылады.
Қазақ халқында ағаштан үй жасауды, жүннен жіп иіруді, иірілген жіптен маталар тоқуды, жүннен текемет пен киіздер басуды, терілерден былғары илеуді, ағаш материалдарынан ыдыс-аяқтар жасай білуді, кілем, алаша, басқұрлар тоқуды ши тоқуды және т.б. көптеген бұйымдарды өз қолдарымен жасай біліп, өз балаларын аталған іс-әрекеттерге кішкентайынан араластырып отырған.
Бұндай іс-әрекеттерге жастайынан қатысып отыруда ұл-балалары да, қыз-балалары да ерте бастан ұлттық бұйымдарымыздың қажеттілігін түсініп, олардың ұлттық тәрбие негіздері бірнеше ғасырлар өтсе де, қазақ қолөнерінің бойындағы өзіндік құндылықтарын ешқашан түсірген емес. Сол себептен де халқымыздың ұлттық қол өнерінің мағынасы өте үлкен. Әрі дүние жүзінде сирек кездесетін белгілі қолөнер деуге болады.
Бүгінгі таңда, қазақ халқының өнерін, іскерлігін, қолөнер шеберлерін қолынан шыққан алуан түрлі заттар мен бұйымдардың құндылық жақтарын жастар санасына сіңіру, көзделген.
Бұрынғысы мен бүгінгісін салыстыра отырып, ұлттық өнерді сүюге, құрметтеуге, бүгінгі болашақ жастарды ертеңгі еңбеккер, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеу, оқушылардың жүрегіне жол тауып, олардың бойында еліне, жеріне деген және ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыра білуіміз керек.
Сондай қолөнер түрлерінің біріне кілем, алаша, сырмақ сыру, текемет басу, тұскиіз жасау ертеден келе жатқан үлгілері бола алады деп түсіндіреді.
Біздің оңтүстік өңірде түкті және тақыр кілемдерді қолдан тоқу қатты дамыған. Олардың негізгі өрнектері «күмбез», ал жиектерінде текшелі өрнектері «қорған» деп аталып, оны бойлай күлгін түсті «су» өрнегі жүргізіледі. Сан алуан түрлі қолөнер бұйымдары әсемдігі, өрнегі, тұрмысқа сән беруімен адамдарға рухани ләззат әкелген. Шеберлердің қолынан шыққан қолөнер туындыларын халықтың өмірімен, тұрмысынан бөліп алып қарау мүмкін емес. Өйткені, бұл заттар тұрмысымызға ерекше сән береді. Сондықтан қолөнер атадан балаға мұра болып келе жатқан дәстүр.
Халқымыз ертеден «Қыз анадан үйренбей өнеге алмас, Ұл атадан үйренбей сапар шекпес» деп Қорқыт ата даналық сөзін өсиет етсе, немесе «Ата көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер» деп халық та бекер айтпаған болар. Анадан мұра болып қалған қазақ қолөнерінің бір саласы кілем, алаша тоқу өнері. Яғни кілем,алаша тоқу өнері арқылы әрбір ана өзінің ұрпағын ерте бастан ісмерлікке баулып, өнердің қыры мен сырын таныстырып, баулып, баптап отырған. Жалпы кілем-алаша тоқу өнері, аса шеберлікті қажет ететін өнер болып саналады. Қазақ халқының баға жетпес қолөнерінің біріне құрақ құрау өнері жатады. Құрақ құрау өнерінде мектеп оқушылары асқан шеберлікпен мата үйлесімін тауып, өрнектеп құрауды қажет етеді. Дегенмен, құрау өнері кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Құрақ құрау екі мақсатты көздейді. Біріншіден, мата қиындыларын кәдеге жарату. Екіншіден, үлкен сәнділікпен мата қиындыларынан әр түрлі пішінді жасай отырып, қиюластырып, жастық, көрпе, көрпешелер тігіп. Жалпы құрақтың бірнеше түрлері болады: ботакөз, шатыр, тырна, оюлы құрақ, жұлдыз, иттабан, шаршы, сегізгүл, раушангүл, қайшы, қарсы құлақ т.б.
Қазіргі таңда қай бұйымды болса да жасауға, үйретуге мүмкіншіліктер көп, солардың ішінде қай мамандықтың саласына бағыттап үйретуге де мүмкіншіліктер бар. Демек, қазіргі таңда білім алып жатқан келешек қоғамның иелерін ұлттық негізде еңбекке тәрбиелеуде халқымыздың ұлттық қолөнеріне жастарымызды тәрбиелеудің маңызы зор дер едім.

Әсел АБДУЛЛАЕВА,
№11 колледжінің өндірістік
оқыту шебері.

Тағыда осы категорияда: « Өнердің төріне озған – Қазығұрт!