Ескерткіштерді қорғау – елдіктің белгісі

Жұма, 15 Сәуір 2022 00:00 Жарияланды Мәдениет Оқылды 118 рет

18 СӘУІР - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕР МЕН ТАРИХИ ОРЫНДАР КҮНІ

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні – 18 сәуірде 1984-жылдан бері атап өтіледі. 1983- жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен. Бүгінгі таңда осы ұйымның қатарында әлемнің 175 мемлекеті бар. Дүниежүзінің 122 еліндегі 754 тарихи құндылық ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. 2003-жылы осы тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-архитектуралық кешені, Алматыға таяу Тамғалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы кірді. Қазақстанда ұлттық құндылық болып табылатын 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар.

8
Ауданымызда да тарихи сәулет кешендері көп. Тұрбат ауылындағы Ысмайыл ата кесенесі орта ғасырлық тарихи жәдігер ретінде мемлекет қарауына алынған. Кесене қорымның солтүстік бөлігінде орналасқан. Шатырлы жабылған кесене құрылысына төртбұрышты күйдірілген кірпіштер пайдаланған. Орта Азия және Қазақстанның дәстүрлі монументті сәулет өнеріне тән орталық бөлмені қамтитын күмбезі төрт дуал кеңістігіндегі аркаға сүйеніп орнатылған. П-тәріздес негізгі кіре беріс фасады сүйір қуысты жақтаумен көмкерілген. Төртбұрышты жобада салынған кесененің төрт бағытында он алты бұрышты болып өрілген қабырғаларының жоғарғы жағы шеңберге ұқсас. Күмбезі конус пішінді, ағаштан жасалған есігі арка тәріздес орналасқан. Ескерткіштің жалпы көлемі 8,21х8,124м, биіктігі 3,7м. 2004-жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Ысмайыл ата ХІ ғасырда өмір сүрген ислам дінінің уағыздаушысы болған, өзі осы жерде жерленген. Бұл кісі Қ.А.Яссауйдің әкесі болған Ибрагим атаның ағасы деген деректер кездеседі.

Ысқақ ата сәулет кешені
Тұрбат ауылдық округіне қарасты Қызылдихан ауылында ескі мазарат ішінде, биік төбеде орналасқан. Қараханидтер сәулет өнерінің ең озық үлгілеріне жатады. Ауласында бір ғасырға тән бір үлгіде салынған бірнеше кесенелер топтасқан. 1990-жылдарға дейін кешен құрамындағы төрт сәулеттік нысан сақталып келген. Олар Ысқақ ата кесенесі, Кіші мазар, Мазар, Атауы жоқ мазар. Жергілікті ауыл тұрғындары ХХ 0121ғасырдың 90 жылдадың ортасында бұл кешенге, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге бел байлап, Өзбекстан мемлекетінің Қоқан қаласынан шебер жалдап, кешен аумағында ескі қираған кесенелердің күйген қыштарымен Ысқақ ата кесенесінің қабырғаларын жаңартып қайта тұрғызды. Сол кезеңде құрылыстың үстіне 15 тонналық бетоннан жасалған күмбез орнатылған, алайда күмбез өте ауыр болғандықтан, кесене ішінен ағаш тіреуіш бағандар тірелген. Соның салдарынан кесене ішіне кіру қауіпті болған. 2003-2006 жылдары Казрестоврация ұйымы кешенге арнайы ғылыми рестоврациялық жұмыстар жұмыстар жүргізіп, кесенсенің күмбезі мен қабырғаларын күйген кірпіштен қайта көтерді. Бір бөлмелі кесененің ішінде, үш бағытта үш қуыс арка тәріздес шағын бөлмелер бар.
Олардың әрқайысында Ысқақ ата мен оның туыстарының бейіттері қойылған. Ішкі қабырғаларының жоғары бөлігі қыштармен өрнектеліп қаланған. Көлемі 6х5м. Еденге плита төселген. Кесене төбесінде бірінен екіншісі үлкен конус тәріздес екі күмбезі бар. Ескерткіштің беткі фасады арка арқылы кіре-беріс ағаштан жасалған есігіне шығуға болады.

Е.УСТЕНОВ,
музей қор сақтаушысы.