Жуырда, Қазығұрт ауданында аудандық №4 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен 2022-жыл «Балалар жылы» және «ТМД халық шығармашылығы және мәдени мұра жылына» орай футболдан 2007-2008 жылғы туылған жасөспірімдер арасында облыстық жарыс болып өтті.
Тартысты өткен ойынның қорытындысы бойынша Қазығұрт командасы І орынды жеңіп алса, Түлкібас командасы ІІ орынды, Сарыағаш командасы ІІІ орынды иеленді. Жарыста жеңімпаз болған командалармен үздік ойыншылар кубок, грамота, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ал, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында Ұлы жеңістің 77 жылдығына орай Кеңес одағының батыр Сейітқасым Әшіровты еске алуға арналған 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында футболдан өткен «V турнирінде» Қазығұрт №4 БЖСМ командасы 2-ші орынды иеленді. Команданың жартылай қорғаушысы Мухсум Еркебұлан үздік ойыншы атанды.
Сонымен қатар, 13-15-мамыр күндері аралығында Шымкент қаласында Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған қазақ күресінен 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасында «V Республикалық турнир» болып өтті.
Тәжірибелі жаттықтырушы Нұрболат Наушабековтің шәкірті Үсен Ерік Жаханбекұлы 46 кг салмақ дәрежесінде І орынды иеленіп, жеңімпаз атанды.
Абзал ӘКІМБАЙ,
аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,
денешынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері.